Қазақстан, Ресей және Қытай балетінің феериясы

«Опералия-2024» халықаралық музыкалық фестивалі аясында «Астана Опера» сахнасында жұлдызды гала-кеш өтті. Ол көптеген үздік орындаушылардың басын қосып, классикалық және заманауи туындылар ұлттық нөмірлермен жарасымды үйлесім тапқан бірегей бағдарлама ұсынды.

 Дәстүрге сай «Опералия» аясында фестиваль ұйымдастырушылары жаңа ұлттық нөмірлерді ұсынып жатады, биыл да солай болды. Екі премьера жұртшылықтың айрықша назарын аударды: оның бірі – «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына Анвара Садықова мен Алмат Шәмшиевтің хореографиясындағы «Жәрмеңке». Жарқын әрі колориттік көрініс Қазақстанның бай мәдени дәстүрін бейнеледі. Сондай-ақ Анвара Садықованың Steppe Sons альтернатив-фолк тобының музыкасына «Сарматтық абыз әйел» тағы бір жаңа нөмірін Әмина Кисембаева мен балет әртістері орындады. Нөмір үлкен резонанс туғызып, көпшілікті бейнелердің тереңдігімен және айрықша мәнімен таңғалдырды. Оның алдағы XII маусымда театрдың балеттік гала-бағдарламаларының афишаларынан орын алатыны сөзсіз.

Қытайлық әртістер – көп келе бермейтін меймандардың қатарынан саналады, сондықтан олардың өнер көрсетуін балетті бағалайтын жандар құлшына күтті. Ляонин балетінің премьері Чжан Хайдун (Ляонин провинциясының «Ең сымбатты жастар» атағының иегері) мен оның серігі Ляонин балетінің солисі Сунь Хуэйсиньнің орындауындағы Мариус Петипаның хореографиясындағы Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен па-де-дені зал зор қошеметпен қарсы алды. Әртістер техникалық мінсіз тазалық пен эмоциялық тереңдікті паш етті.

Чжан Хайдун мен Чжан Юйи Эцио Боссоның музыкасына Патрик де Бананың хореографиясындағы «Skydance» нөмірін орындады. Театр репертуарында жүретін «Дала үні» балетінің арқасында елордалық көпшілік бұл балетмейстердің еңбектерімен жақсы таныс. Оның бұл нөмірі көрермендерді өзінің эмоциялық қанықтығымен және бірегей хореографиялық шешімдерімен баурап алды.

Әлбетте, елорданың балеттік афишасында таныстырылмаған басқа да нөмірлер көпшіліктің қызығушылығын оятты. Атап айтсақ, ол Хольгер Симон Паулидің музыкасына және Август Бурнонвильдің хореографиясындағы ресейлік меймандар алып келген «Брюггедегі жәрмеңке» балетінен па-де-де. Оны «Урал Операның» примасы мен премьері Елена Воробьева («Үздік әйел рөлі» номинациясында «Золотая маска» ұлттық театр сыйлығының лауреаты) және Алексей Селиверстов («Михайловский театрының Гран-при», Ресейдің Дельфий жастар ойындарының, Берлиндегі Tanzolymp халықаралық фестивалінің лауреаты) таныстырды. Орындаушылар бейнелерді соншалықты жеңіл әрі нәзік сомдауымен көрермендерді таңғалдырды, олар Бурнонвильдің мәнері мен дәуір рухын дәл жеткізіп отырды. Бишілер таныстырған заманауи хореографиялық жұмыстар да бағдарламадан маңызды орын алды. Антонио Вивальдидің музыкасына Антон Пимоновтың хореографиясындағы Елена мен Алексейдің «Baroque» дуэті элегиялығымен, әуезділігімен және драмалығымен ерекшеленді, бұл ұлы композитордың музыкасымен өзгеше берілді.

– Август Бурнонвильдің «Брюггедегі жәрмеңке» балетінен бірінші болып таныстырған па-де-деміз Дания балетінің репертуарына тиесілі, біздің елімізде ол тек Екатеринбург сахнасында орындалады. Қойылымды Дания корольдік балетінің бұрынғы бишісі және қазіргі кезде олардың көркемдік жетекшісі болып жүрген Николай Хьюббе алып келді. Ол Бурнонвиль стилін орындау техникасын керемет меңгерген және оны дәл солай тамаша жеткізе біледі. Бұл па-де-де әдеттегі классикалық па-де-деден таңғалдырарлық жеңілдігімен, жинақылығымен және дәулескерлігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ оның айрықша қыры – қолдардың өзгеше стильдегі қимылы болып табылады. Мәселен, классикалық балетте қолдың дайындық позициясы төменге қарай бағытталса, Бурнонвильде олар сәл көтеріңкі болады, бірінші және дайындық позицияларының арасында тұрады, ал дене кішкене алға шығады. Егер қазақстандық көрермендер осыған дейін «Сильфида» балетін көрсе, олар бұл стильді таныған болуы керек, – деп түсіндірді

Елена Воробьева. – Бағдарламадағы келесі нөмір – бұл біздің балетмейстеріміз Антон Пимоновтың нөмірі. Біз оны арнайы сіздердің гала-концерттеріңіз үшін дайындадық. Антонның сөзінше, бұл дуэт композиторға және классикалық биге деген құрметтің белгісі болып табылады. Шын мәнінде, нөмір сюжетсіз, абзалында оны көңіл күйдің көрінісі десек дұрыс болар, ол бір-біріне рухани жақын екі адамның диалогын көрсетеді. Олар бір-біріне ұқсамайды, десе де оларды көп нәрсе біріктіреді. Туындының хореографиялық мәтіні таза классикаға негізделген. Аяқтардың қозғалысы үйреншікті классикалық паны орындайды, ал дененің жоғары бөлігі – қолдар мен иықтар әуенмен бірге қозғалып, мәнерлі бейнелер жасайды. Бұл жай қимылдар ғана емес, сонымен бірге дененің жоғары бөлігін хореографияның әндетуші, сөйлеуші бөлігіне айналдыратын иілімді, қалқымалы, тербелмелі қозғалыстар, -деп қорытындылады балерина.

София Әділханова мен Данияр Жұматаев орындаған Август Бурнонвильдің хореографиясындағы Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінен үзінді, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева мен Диас Құрманғазының орындауындағы Адольф Аданның «Корсар» балетінен па-де-де секілді классикалық нөмірлер «Астана Опера» әртістерінің шеберлігі мен олардың классикалық балет рухын жеткізе алатын қабілеттерін айшықтады. Кештің жарқын дуэттерін де атап өтпеске болмайды, олардың қатарында Анастасия Заклинская мен Ғалымжан Нұрмұхаметтің шебер орындауындағы Раймондо Ребектің хореографиясындағы «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінен дуэт бар.

Кештің шарықтау шегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Өнербаева мен Бақтияр Адамжанның өнер көрсетуі болды, олар Мариус Петипа мен Александр Горскийдің хореографиясында Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балетінен Гранд-паны ұсынды. Зал әртістерге дарындары мен жоғары кәсібиліктері үшін алғыс білдіріп, оларды ду қол шапалақпен қарсы алып, шығарып салды.

Балеттік феерияны «Астана Операның» XI театр маусымында танымал болған «RUH» ұлттық нөмірі аяқтады. Оны Hassak этно-фольклорлық ансамблінің «Аманат» музыкалық композициясына хореограф Сұлтанбек Ғұмар қойған болатын. Музыкатанушылар оның стилі заманауи қазақ балетінде жаңа бағытқа айналуы мүмкін екенін бірнеше мәрте атап өткен еді.

«Астанаға жолай соққан едім, «Опералия» фестивалі аясында гала-балетке тап болғаным мұндай керемет болар ма! Тамаша орындаушылардың әрбір қимылының әсемдігі алғашқы минутынан бастап соңғы минутына дейін баурап алды. Жас маэстро Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі оркестрдің үні қуатты әрі үйлесімді шықты, ал әртістер ерекше шеберлік пен әсемдікті паш етті. Бүкіл кеш бойы зор әсерге бөлендім: нөмірлер таңғалдырды, ұйымдастыру жағы да өте жақсы», — деп алған әсерімен бөлісті Павлодардан келген көрермен Лилия Касаткина.