Педагогика – асыл қасиет дәнегі
Бүгінгі таңда қоғамдық өзгерістер білім беру жүйесінің ұлттық моделін жасауды, ұлттық құндылықтарды терең зерттеуді қажет етеді. Елдің жарқын болашағын қамтамасыз етуде жас ұрпаққа озық білім мен адамгершілік мұраттарына негізделген ізгілікті тәлім — тәрбие беру ісін жүйелі ұйымдастыра білу – өте маңызды.
Адам баласы үшін ақиқатты іздеу – мәңгілік, ал зерттеу- оған жетудің бір ғана жолы. Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуге талпынысы білім беру парагдимасының өзгеріп, жаңа ұлттық модельдің қалыптасуы болашақтың жаңаша ойлайтын, дүниеге көзқарас мәдениеті мен санасы дамыған ұрпағын оқытып, тәрбиелейтін педагогикалық кадрларды дайындаудың сапасын арттыруды талап етіп отыр. Қазіргі қоғамдық үдерісте тұлғаның ұлттық санасын, ұлттық болмысын, мәдениетін қалыптастыру, бәсекеге қабілетті, ұлт әлеуетін арттырудың негізгі құндылығы болып табылады. Интеллектуалды ұлт идеясының мақсаты – Жаңа Қазақстандықтарды тәрбиелеу.Алдымен тәуелсіз елдің ұл-қызын Отансүйгіштікке, білімі мықты, білігі зор, ақыл-парасаты мол азамат ретінде тәрбиелесек интеллектуалды ұлттың беделді өкілі болып шығары сөзссіз. Тәрбие мен білім оқу арқылы келеді.
Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан халықтың тәлім-тәрбие туралы ғасырлар бойы жинақтаған тәжірбиелерін жаңа үлгіде және өзінің педагогикалық қызметінде жаңа үлгіге сай өз ұлтының салт-санасын, дәстүрін бала бойына сіңіре отырып тәрбиелеу керек. Халықтық тәрбиенің сарқылмас алтын қазынасы- мақал-мәтелдер мен ертегілер, аңыз әңгімелер, би-шешендердің тәлімдік-тәлімгерлік ойлары мен сөздері ұсынылуы қажет. “Адамгершілікке тәрбиелеу құралы- еңбек пен ата-ана үлгісі…” деп Ы.Алтынсарин айтқандай құнды қасиеттерді бойға сіңіре білу, рухани бай адамды қалыптастыру адамның бала күнінен бастау алуы тиіс. “Рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды” деген сөздің жаны бар. Ата-бабамыздан қалған көне мұралар, өсиеттер арқылы тәлім-тәрбие беру, адамгершілік бағытта тиімді қолдану педагогика пәнінің басты мақсаттарының бірі. Бұл пән бастауын ертеден алған қазақы дәстүрлеріміздің жалғасы іспеттес.Педагогика – қоғамдық тәрбиелік қызметін жүзеге асыратын ғылым. Педагогика пәні – индивидтің (биологиялық жан иесінің) өткен ұрпақтардың әлеуметтік тәжірибесін меңгеру, оқу және оқудан тыс бірлігіндегі біртұтас педагогикалық процесс болып табылады.
Ян Амос Каменский: “мектеп – адам ақылының шыңдалатын шеберханасы деген”. Тәрбие майданында ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойлары мен ой – санасын өсіру, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсіретін, шын тәрбие дәнегін егетін – педагогика пәнін мектепте оқыту заман талабы. Жалпы адам тәрбиесі жайындағы ғылым – Педагогика. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде ұстаздардың инновациялық іс-әрекеттерінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеру маңызды мәселелрдің бірі. Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай жасайды. Инновациялық процессіз мектептің дамуы мүмкін емес. Инновациялық оқу орындарының мақсаты – жеке тұлғаны жан-жақты дамыту.
Тәрбие – жалпыға ортақ және мәңгілік категория. Тәрбие қоғам дамуына ықпал етеді, ал қоғам тәрбие беруге кең мүмкіндіктер жасайды,оның қоғам өмірінің маңызды саласы ретінде дамуына жағдай туғызады. Адамдар бойында ізгі-құндылық қасиеттерді қалыптастырауға мақсатты бағдарланған, сонымен қатар сапалы орындалатын педагогикалық процесс. Әл-Фараби: “Тәрбие дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту” деген. Педагогика – асыл қасиет дәнегі! дейтінім содан.
Бискультанова А.М.,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
Конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының
PHD докторы, аға оқытушы.
Абжапарова Ф.А.,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
Конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының
1 курс магистранты