Республика күніне орай Алматыда «Отаншылдық. Мемлекетшілдік. Ұлттық рух» атты дөңгелек үстел өтті

Республика күні қарсаңында Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде «Отаншылдық. Мемлекетшілдік. Ұлттық Рух» атты дөңгелек үстел өтті.

Алқалы жиынның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биыл жарық көрген «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» (Астана, 2026) атты жаңа кітабын кеңінен талқылау. Шара барысында Президенттің Тәуелсіздік жылдарындағы таңдаулы тұжырымдары, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалары, халықаралық және республикалық деңгейде жасаған баяндамалары, сондай-ақ «Свет и тень», «Преодоление», «Как это было… Хроника волнений в Пекине» (апрель-июнь 1989) кітаптарындағы ой-толғамдары сараланды. Ұйымдастырушылар осы арқылы Мемлекет басшысының қайраткерлік тұлғасы мен қазіргі қазақ мемлекетіндегі ауқымды саяси-қоғамдық қызметін өскелең ұрпаққа және қалың жұртшылыққа насихаттауды көздеді.

Дөңгелек үстелдің модераторы Назгүл Алтаева алғысөз сөйлеп, бұл басқосудың еліміздің ұлық мерекесі қарсаңында өтуінің мән-маңызына ерекше тоқталып өтті.

Мемлекетшілдік пен ұлттық мүдде таразыланған жиынға елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, атап айтқанда: ақын, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы, халықаралық және отандық бірнеше әдеби сыйлықтар мен ТҮРКСОЙ-дың «Мақтұмқұлы Фраки» медалінің лауреаты Дәулетбек Байтұрсынұлы, тарихшы, ғалым, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов, ақын, жазушы, журналист, «Ана тілі» газеті Бас редакторының орынбасары Дағжан Белдеубайұлы, ақын, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Музей кешенінің ғылыми бөлім жетекшісі, «Құрмет» орденінің кавалері және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков қатысты.

Кеш қонақтары Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекетшілдік көзқарастары, ұлттық мүдде мен әділеттілік қағидаттары туралы салмақты ой қозғап, жинаққа енген еңбектердің тарихи-саяси маңызына жоғары баға берді. Сондай-ақ қатысушылар Президент еңбектеріндегі парасатты пайымдар мен қанатты сөздердің жас ұрпақты тәрбиелеудегі құндылығын атап өтіп, өздерінің ғылыми және шығармашылық пайымдауларымен бөлісті.

Шараның соңы танымдық бөлімге ұласып, Логистика және көлік академиясы Алматы колледжінің студенттеріне (жетекшісі – Сандуғаш Узбекова) жазушылар С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің музей-үйлері бойынша арнайы экскурсия жүргізілді. Жастар қазақ әдебиеті классиктерінің өмірі мен шығармашылығымен етене танысып, рухани азық алды.

Рашида ОТАР

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің аға ғылыми қызметкері