Рухани келісім күні қарсаңында музыкалық кездесу өтеді
Рухани келісім күні қарсаңында «Астана Опера» сахнасында жүректерге шабыт сыйлайтын «Рухани келісім туралы сөз» концерті өтеді. Музыкалық кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» солистері, Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы симфониялық оркестрінің әртістері қатысады.
Осынау кеште көрермендерді әлемдік және отандық классика туындыларын қамтыған мазмұнды бағдарлама күтеді. Концерт Н.Римский-Корсаковтың шығыс кереметі мен ғажайыбының рухын сіңірген «Шехеразада» симфониялық сюитасының орындауымен ашылады. Бұл шығарма адамдар арасындағы, сондай-ақ әрбір пенденің ішіндегі үйлесімділікке апаратын күрделі де тамаша жолдың музыкалық метафорасына айналады.
Сондай-ақ бағдарламада танымал композитор әрі қоғам қайраткері, Рухани келісім күні идеясының авторы Төлеген Мұхамеджановтың туындылары шырқалады. Оның терең философия мен лирикаға толы «Туған жер» және Адажио шығармалары адамгершілік пен патриотизм сынды маңызды тақырыптарды қозғап, адамның туған жерімен, оның түп тамырымен мызғымас байланысын еске салады.
– Рухани келісім күні – бұл күнтізбедегі қарапайым күндердің бірі емес, ол біздің қоғамымызда адамгершіліктің әрдайым басты орында тұруы керектігін ескертеді. Наным-сенімі, мәдениеті мен ұлты әртүрлі жандардың арасындағы үйлесімділік – бұл тұрақтылық пен бейбіт өмірдің негізі, – деп атап өтті ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов.
1992 жылы бекітілген Рухани келісім күні адам өмірінің барлық басқа аспектілерінен руханияттың үстемдігін жариялаған үйлесімділіктің символы ретінде танылғанын атап өту маңызды. Жыл сайын бұл мереке түрлі мәдениеттер мен діни сенімдер арасындағы өзара құрмет, түсіністік пен ынтымақтастықтың маңыздылығын еске салады. Жаһандық сын-қатерлер заманында бейбітшілік, ынтымақ пен түсіністік идеясы ерекше өзектілікке ие болуда. Осылайша, «Рухани келісім туралы сөз» түрлі конфессия қатысушылары мен өнер өкілдерін біріктіретін музыкалық әрі мәдени диалогқа айналады.
Бұдан бөлек, осынау керемет күні «Әлемге мәдениет арқылы» қауымдастығы «Астана Опера» қабырғасында «Мәдениетаралық диалог бейбітшілікке апаратын жол» халықаралық конференциясын өткізеді.