«Самұрық-Қазына» инклюзияны қолдау кабинеттері 150 ерекше балаға білім алу мүмкіндігін ұсынады

Қор қолдауымен 1 қыркүйекке қарай Астананың 5 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады. Тиісті сыныптар «Charity Samruk Marathon 2024» қайырымдылық марафонында жиналған қаражатқа жабдықталады.
Жоба Астана қаласының бес оқу ордасын, яғни №22, №36, №59, №76, №97 мектептерін қамтып, 150-ге жуық балаға қажетті жағдайды жасауға мүмкіндік береді. Дәл осы мектептерде ерекше қажеттілігі бар балалардың саны көп және құрал-жабдық пен әдістемелік жәрдемге мұқтаж. Сыныптар болса, төрт бөлек бөлмеден тұрады: логопед, дефектолог, психолог кабинеттері және қыш шеберханасы. Сонымен қатар, әр мектепте жеке емдік дене шынықтыру кабинеті болады. Мұғалімдер де қажетті дайындықтан өтеді.


Бүгін, 5 шілде, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры Альфия Адиева барлық мектепті аралап, жөндеу жұмыстарының және басқа да ұйымдастыру-әзірлік жұмыстарының барысымен арнайы танысты.


«Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстандағы инклюзивті білім беруді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Жаңа сыныптардың арқасында қандай да бір ерекшелігіне қарамастан барлық балаға оқуға бірдей жағдай жасалады. Осылайша, Қор Білім басқармасымен бірлесіп, инклюзивті қолдау кабинеттері үшін инфрақұрылымның жаңа үлгісін әзірледі. Мысалы, олардың аумағы 60-70 шаршы метрден кем болмауы керек. Мектептерде жөндеу және басқа да сыныптарды ашуға дайындық жұмыстары басталып кетті», — деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» жетекшісі.


Еске сала кетсек, 1 маусымда өткен «Charity Samruk Marathon 2024» қайырымдылық марафонына 2 мыңнан астам адам қатысып, 125 миллион теңге жиналды.