Сапалы білім беру – басты мақсат
Білім – қоғамның дамуының негізі және тұрақты болашаққа жетудің басты құралы. Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 4-ші тармағы – «Сапалы білім беру» барлық деңгейде инклюзивті, әділ және сапалы білім беруді қамтамасыз етіп, өмір бойы оқу мүмкіндігін ілгерілетуді көздейді. Қазақстанда бұл мақсатты іске асыруда жоғары оқу орындарының рөлі зор, әсіресе әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің үлесі ерекше. ҚазҰУ – Қазақстанның жетекші университеттерінің бірі және әлемдегі ең үздік университеттер рейтингінде лайықты орын алады. Университетте оқыту процесін жаңғырту мақсатында:
- Заманауи білім беру бағдарламалары енгізілуде. Бағдарламалар еңбек нарығының сұранысына сәйкес жасалады, бұл түлектердің кәсіби тұрғыдан жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеді.
- Цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуда. Қашықтан оқыту, онлайн курстар мен электронды ресурстар студенттерге икемді білім алу мүмкіндігін береді. ҚазҰУ ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттер үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Университетте:
- Инфрақұрылым инклюзивтілік талаптарына бейімделген (арнайы жолдар, кітапханадағы сандық ресурстар).
- Инклюзияға бағытталған жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда.
ҚазҰУ әлемнің 100-ден астам университетімен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Студенттер мен оқытушылар халықаралық академиялық бағдарламаларға қатыса алады, бұл олардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. ҚазҰУ-да білім беру мен ғылыми зерттеулер қатар дамытылуда. Университеттің ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары студенттердің ғылыми жобалармен айналысуына мүмкіндік береді. Университет тек студенттерге ғана емес, сонымен қатар бүкіл қоғамға білім алудың мүмкіндігін ұсынады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде мәдениет пен білім ел дамуының құрамдас бөлігі екенін айта келіп, білім саласын өрге жетелеудің бірнеше мәселесіне тоқталды. Президент жоғары оқу орындарында білім алуды қолжетімді етуде халық көп шоғырланған аймақтарға арнап мақсаттық білім беру гранттарын бөлу туралы тапсырмасы да – көңілге қонымды жаңалық. Бұл бастама халық саны көп аймақ жастарының мемлекет қолдауымен, ақысыз, сапалы жоғары білім алуға мүмкіндігін арттырып, болашаққа сеніммен қарауына септігін тигізбек. Аталған бастаманы халық зор қуанышпен қабыл алып отыр. ҚазҰУ-да: қоғамдық дәрістер мен семинарлар және қосымша білім беру бағдарламалары ұйымдастырылады. Қара шаңырақ білім беру сапасын арттырып қана қоймай, қоғамда білімге деген тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Университеттің бұл бағыттағы жұмысы Қазақстанның білім беру жүйесінің дамуына және жаһандық тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесі болып табылады.
БАЗИЛОВА А.А.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу
және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы
ДУЙСЕБАЕВ Д.Б.,
ЖУМАХАНОВ Р.К.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультетінің 4 курс студенттері