Сарапшылардың пікірінше, Шығыс Қазақстан бүкіл Қазақстан үшін тұқым базасына айналуы мүмкін

Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында өткен «Шығыс Дала – 2023» Дала күніне 100-ден астам аграрлық сала маманы қатысты. Іс-шара барысында Дала күнін ұйымдастырған Aitas Agro және Syngenta Kazakhstan сарапшылары мен мамандары жаңа сорттар мен будандарды өсіру, өсімдіктерді қорғау жүйелерін қолдану тәжірибесін бөлісті, аграрлық технологиялардың дамуы және агросектордағы соңғы инновациялар мен әзірлемелер туралы айтты.

Дала күні – фермерлер мен АӨК мамандары сала жаңалықтарын талқылау және ой бөлісу үшін жиналатын іс-шара. Қазақстанның шығысында Дала күні негізгі күтім жұмыстары мен егін жинау арасындағы қысқа үзіліс кезінде өткізіледі.

«Дала күні сияқты ауқымды іс-шараларды ұйымдастыра отырып, біз қоғамдағы ауыл шаруашылығына деген сенімді қайтарғымыз, сонымен қатар АӨК-ті қазақстандықтар, атап айтқанда жастар арасында танымал еткіміз келеді. Біз күш-жігерімізді жұмылдыра отырып, жетістіктеріміз бен жеңілістерімізге жұртшылықтың назарын аудара аламыз, сондай-ақ Қазақстан экономикасының ажырамас құрамдас бөлігі ретінде агроөнеркәсіптің рөлін арттыра аламыз деп сенеміз», — деді Aitas Agro директоры Талгат Алдажаров.

Іс-шара барысында аграрлық саланың мамандары мен сарапшылары АӨК саласындағы ағымдағы жағдайды талқылады. Арнайы алаңда күнбағысты қорғау технологиясындағы жаңа өнімдердің таныстырылымы, озық сепкіштердің, топырақты өңдеуге арналған техниканың, сондай-ақ қысқа уақыт ішінде болашақ технологиялардан аграрлық өндірісте шын мәнінде пайдаланылатын технологияларға айналған агродрондардың көрсетілімі өтті.

Басқа мәселелермен қатар, фермерлер шаруа үшін маңызға ие тұқым шаруашылығы тақырыбын талқылады. Алдажаровтың айтуынша, осыған дейін өнімділікке технология, тыңайтқыштар енгізу және дақылдарға күтім жасау айтарлықтай әсер етіп келген болса, бүгінгі таңда қазақстандық жағдайларға сәйкес келетін заманауи тұқымдарды пайдаланудың маңызы артып келеді екен.

Талғат Алдажаров пен Aitas Agro сарапшылары Шығыс Қазақстан бүкіл Қазақстан үшін тұқым базасына айналуы мүмкін деп есептейді, өйткені бұл жерде дәстүрлі түрде түсім және тиісінше тұқымның көбею коэффициенті жоғары.

«Өткен жылы Дала күнінің негізгі тақырыбы цифрландыру болды, біз өз тәжірибемізді бөлістік, себебі Қазақстанда цифрландыру осындай терең деңгейде енгізілген шаруа қожалықтары аз деп санаймыз. Биылғы тақырып тұқым шаруашылығына арналды. Алайда бұл «цифрландыру» бізге қызық болмай қалды дегенді білдірмейді. Бірақ бүгін біз көршілерімізге еуропалық генетикаға қол жеткізуге көмектесу үшін тұқымдарды, негізінен дәнді дақылдарды көбейтуге белсенді қадам басып жатырмыз», — деді Алдажаров.

Оның ақпараты бойынша, тұқымдарды дұрыс іріктеу кезінде гектардан алынатын өнімділік, өндірістің тиімділігі және қазақстандық өсімдік шаруашылығының рентабельдігі артады, яғни қазақстандық фермерлерге көбірек ақша табуға мүмкіндік береді. 2023 жылы Aitas Agro холдингінің өндірісі мен сынақтарында 40-қа жуық сорт мен будан бар, оның 21-і тұқым үшін өсіріледі. Компанияның барлық шаруашылығында тұқым шаруашылығы мәртебесі бар, тіпті біріне элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесі берілген.

Aitas Agro мамандары фермерлерге тұқымдарды тазарту, калибрлеу, дәрілеу және орау жұмыстары жүргізілетін Petkus толық циклді тұқым зауытын көрсетті. Компания тұқым материалының сапасының кепілі болып табылатын оригинаторлар арқылы дақылдардың сапасын қашықтан цифрлық бақылауды қамтамасыз етеді, өсірудің арнайы технологиясын пайдаланады, Н.А. Шестакова әдісімен тұқымның өнімділік қасиеттерін тексереді. Сондай-ақ, компания Қазақстанда заманауи еуропалық генетика тұқымдарын пайдалану бойынша SEMAE француз қауымдастығына кіретін оригинаторлармен белсенді келіссөздер жүргізуде.