Семей геологиялық барлау колледжінің студенттері Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатын аралап қайтты
Болашақ геологтарға арналған экскурсия, дөңгелек үстел, жолдастық кездесулер оқу орны мен кәсіпорын арасындағы байланысты нығайтып, болашақ кеншілердің әріптес атануына сеп болар алтын көпірдің негізі қаланды. Осы мақсаттар аясында екі жақты меморандумға қол қойылды. Өндірістік тәжірибе және жұмыспен қамту: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер – келелі кездесудің басты тақырыбы болды.
Семей геологиялық барлау колледжі мен Хромтау тау-кен техникалық жоғарғы колледжінің арасында бұрын-соңды меморандумға қол қойылмаса да, шығыстың жас мамандары қаламызға келіп, кәсіпорынның геологиялық қызметіне жұмысқа тұрып, артылған міндет пен сенімді ақтап келе жатыр. Оның үстіне тоқсан жылдық тарихы бар Семей геологиялық барлау колледжі бес негізгі мамандық бойынша: геологтар, геофизиктер, гидрогеологтар, бұрғылау мамандары мен экологтарды дайындайды. Бүгінгі таңда Семей колледжінің 18 түлегі комбинат қызметкерлері екендігі сөзімізге дәлел. Бұл – кәсіпорынның эксплуатациялық геология қызметінің шамамен 60%. Ал сұранысқа ие кадрларды дайындап келе жатқан шеберхана – Хромтау колледжінің оқу процесі, комбинатта жұмысқа орналасу, ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты үшін геологиялық барлаудың маңызы, дуалды оқыту, білімнен мансапқа дейінгі жол жайында кездесуде кеңінен тарқатылды. Дөңгелек үстелге колледж басшылығы мен оқытушыларынан бөлек, Дөң тау-кен байыту комбинатының бас геологы Роллан Тілемісов пен персонал және мәдениет жөніндегі директоры Жарас Жандәулетовтер қатысты.
– Біз Хромтау колледжімен 30 жылдан аса уақыт тығыз жұмыс істеп келеміз. Қазір кәсіпорынның бас геологы – Роллан Тілемістің қолдауымен Семей колледжімен ынтымақтастық дами түсті. Биыл біздің басты жаңалығымыз – Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның екінші кезегін іске қосу. Жаңа атаумен болашаққа қадам басар шахтаға геологтар қажет. Біз бұған ең мықты, ең үздік мамандарды жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан кәсіпорнымызға ықылас-ниет танытқан жастар тұрақты жұмыспен, лайықты әлеуметтік пакеттермен қамтылатынын еске салайын.
– Мен геологиялық барлау колледжінің екінші курс студентімін. Қызылордадан Семейге келіп, «бұрғылау» мамандығын оқып жатырмын. Байқауымша, бұл мамандықтың да сіздердің кәсіпорында маңызы бар сияқты, — деді студент Аян Сауранбай. – Таңдаған кәсібімнің тек еместігіне тағы бір көз жеткізгендеймін. Оқуымды бітіргенде, менің де мамандығымына сұраныс боларына сенімдімін. Шыны керек, тау-кен саласына қызығушылық танытып, батыл таңдау жасаған өзім секілді замандастарымның барына қуанып тұрмын. 18 жасқа толмаған, әйтсе де шахтер ісін таңдаған студенттерді жер астына түсірмей тұрып, арнайы симулятор орнатқандарыңыз үшін рақмет. Олар шахтаға түспесе де, жерасты жұмыстарын, техникаларын көз алдарына елестете отырып, тәжірибе жинай алатындары өзіме қатты ұнады.
Жиын соңында екі жақты меморандумға қол қойылып, соның негізінде олимпиадалар мен сараманнан өту, экспедициялар жүргізу және спорттық жарыстарды дәстүрлі түрде өткізу жұмыстарын жоспарлау қолға алынатыны айтылды. Себебі Хромтау колледжінің ақпараттық технологиялар және цифрландыру бағыты қарқынды дамып, шахташілік техникалар үлгісінің колледж базасында болуы, карьерлерде дронды пайдалану секілді заманауи әдістері келген қауымның назарын бірден өзіне аударды.
Содан соң студенттерді комбинат тарихымен терең таныстыру үшін комбинат музейіне, карьерлер мен өндірістік алаңдарға, кәсіпорынға қарасты дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне экскурсия жүргізіліп, студенттер арасында волейболдан жолдастық кездесу өтті.