Серік Толықпаев, AITAS холдингінің негізін қалаушы: «Жасанды сана агроөндірістік кешеннің табысын арттыра алады»
Kazakhstan Growth Forum шарасының генеративті жасанды сана көмегімен бизнесті трансформациялау тақырыбындағы панель сессиясында қазақстандық бизнесмен, AITAS холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев агроөндірістік кешенде жасанды сананы және цифрландыруды қолдану артықшылықтары, сондай-ақ бизнесті басқару жүйесіндегі инновациялық тәсілдер туралы ойын бөлісті.
Форум қатысушыларына арнаған сөзінде Серік Толықпаев жасанды сананың заманауи аграрлық кәсіпорындарда кеңінен қолданылатынын атап өтті.
«Агросектордағы жасанды сана Machine Learning (Машинаны оқыту) және Сomputer vision (Компьютер көзі) бағыттарында жұмыс істейді. Соңғы екі жыл ішінде жасанды сананы өсімдік шаруашылығында белсенді пайдаланып жүрміз. Осының арқасында табыстылығымыз 10-15% артты», — деп мәлімдеді Толықпаев.
AITAS мамандары агроөндірістік кешенде IT саласында қолданылатын цифрлық шешімдердің көпшілігін жүзеге асыруға болады деп санайды. Машинаны оқыту шаруаларға егін түсімі мен ауа райын болжауға көмектеседі. Компьютер көзі арнайы бағдарламаланған дрон арқылы пайдалы өсімдікті және арамшөпті тануға, оларды4 көлемін анықтауға жол ашады. Сонымен қатар жасанды сана ауыл шаруашылығы алқаптарында нақты жер өңдеуді дамытуға үлес қоса алады. Мәселен, мұндай технологияның көмегімен холдинг шаруалары жердің құнарлығы тұрғысынан алқапты бірнеше бөлікке бөліп, егін салады. Яғни құнарлығы жоғары аймақтарға отырғызылатын тұқым көлемі жоғарырақ болады, бұл барынша тиімді өнім алуға көмектеседі.
Сөз барысында Серік Толықпаев IT-саласына, стартаптарды қолдауға және ұйым қызметін басқару жүйесіне арналған жаңа тәсілдерді қолдануға инвестиция салудың маңызды екенін айтып өтті. Оның пікірінше, AITAS холдингі түрлі инновацияға, жекелей алғанда нарықтағы құндылықтар қатынасына өзгеріс әкелуі мүмкін айрықша жобаларға қолдау білдіреді екен.
Сондай-ақ агроөндірістік ұйымның негізін қалаушы AITAS трансформациясы туралы да айтып өтті.
«Компания ерекше уақытты бастан өткеріп жатыр. Басқару жүйесін басшылыққа ала отырып қазіргі және болашақ бизнесімізді “Run”, “Change” және “Disrupt” атты үш бағытқа бөліп тастадық. Назар аударуға тұрарлық модель деп ойлаймын. “Run” – бұл белгілі бір қарқынмен дамып отыруға мүмкіндік беретін, алайда нарық шекарасынан шыға алмайтын бизнес. “Change” – нарық әлеуетін арттыра алатын одақтармен, стратегтермен бірлесу. “Disrupt” — стартаптар, жаңа бизнес-модельдер, бұл бағыттың аясында бүкіл әлем бойынша «дизрапт» технологияларды іздеп, болашақта күрт дамытуға болады-ау деген жобаларға қаражатымыздың 10%-ын бағыттаймыз», — дейді Серік Толықпаев.