Шахтерлер қаласына жаңа жартылай автоматты қоқыс таситын көліктер тарту етілді

 

Ақтөбе облысының әкімдігі мен ERG арасындағы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру туралы меморандум аясында Хромтау қаласы көшелеріне қоқыс таситын жаңа арнайы екі техника әкелінді. Күннен-күнге қарыштап келе жатқан моноқалаға мұндай аса қажет. Құйылған инвестиция көлемі – 117 миллион теңге.

Мұндай JАС маркалы қоқыс таситын бірегей көлік әзірге Қостанай, Астана қалаларында ғана бартын. Техника – жартылай автоматты. Яғни жүргізуші қоқыс орнына келіп, көлігін ыңғайлап қойса, оны пультпен қашықтан басқарып отыра алады. Қоқыс көлігінің көлемді багы қалдықты көбірек шығаруға мүмкіндік береді.

Күн санап өсіп келе жатқан қаланың тұрмыстық қалдықтар көлемі де артып, қоқыстарды уақытылы шығарып тұру оңай емес. Бұған заманауи, ыңғайлы әрі мобильді көліктер керек.

– Қоқыстарды шығару және көшелерді тазарту – үлкен қалалардағыдай біздің шағын ауданымыздың да өзекті мәселелерінің бірі, — деді кәсіпорын директоры Азамат Бектібаев. – Дөң тау-кен байыту комбинаты – қала құраушы кәсіпорын және Хромтау тұрғындарының басым бөлігі – комбинат қызметкерлері. Сол себепті қаланы таза, жанға жайлы және ыңғайлы ету үшін компания 2020 жылдан бері кеншілер өлкесіне осы бағытта бірнеше жабдықтарды сыйлаған болатын.

– «Қазхром» компаниясы біздің қаламыз үшін маңызды мәселелерді шешуде, соның ішінде тұрмыстық қалдықтарды шығаруда қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп келеді, — деді Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабикбаев. – Мысалы, компания 2020 жылы қоқысқа арналған контейнерлер мен КамАЗ шассиіндегі арнайы екі техника, ал 2021 жылы вакуумды сыпырып-жинағыш көлігін сыйлады. Қаламызды санитарлық тазалау және тұрмыстық қалдықтарды тасып шығаруда екі мердігер ұйым жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы күніне бірнеше рейс қоқыс шығарады. Ал желіге жақында шыққан екі техника бұл жұмысты одан әрі жандандыра түсіп, аталған жұмыстар тұрақты әрі жылдам орындалуда.

– Біз осылай бірлесіп, Хромтауды бұдан да таза, жайлы және заманауи етуге болатынын нақты істе көрдік, — дейді хромтаулық Айболат. – Бұл ретте қаланың тазалығы оның тұрғындарына да байланысты екенін ұмытпаған жөн. Дегенмен адамдар мұны түсініп, бұрынғыдай емес, қалаға қамқорлықпен қарап жатады. Жастар да мәдениетті. Бұл да болса, көңілге қуаныш сыйлайды.

Қазіргі таңда арнайы техникалар іске қосылып, бөлінген аумақтарға қолданылып жүр.