Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназияның 100 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді
Абай облысы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназияның 100 жылдық мерейтойы аясында бірқатар ірі іс-шара өтті. Мерекелік шаралар гимназияның тарихи мұрасына құрмет көрсетіп, білім беру саласындағы айрықша үлесін атап өтуге арналды.
Мерейтойдың бірінші күні Шәкәрім ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді. «Алаш мектебі және қазіргі білім беру кеңістігіндегі өзекті мәселелер» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Бірнеше елден шақырылған ғалымдар, еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтер мен мамандар, ардагер ұстаздар, ата-аналар, мектеп түлектері және оқушылар жиналды. Мерейтой аясында гимназияның атаулы тарихын бейнелейтін мектеп тарихы мұражайы мен Алихан Бөкейхан атындағы Smart зертханасының ашылуы өтті.
Сонымен қатар гимназияның дамуына арналған «Заманауи мектеп — жаңашыл қоғамның баспалдағы» әдістемелік көрме таныстырылды, мектептің жетістіктері мен дәстүрлерін бейнелейтін «Білімнің шежірелі ордасы» кітабының ІІ томы тұсаукесері өтті. Ардагер ұстаздар мен түлектердің бас қосуы барысында оқушыларға «Шәкәрім дарыны» шәкіртақысы тағайындалып, талантты жастарға қолдау көрсетілді.
Іс-шара Абай атындағы драма театрында «Самғатқан сан қыранды Алтын ұям» салтанатты жиынға ұласты. Бұл шараға Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, зиялы қауым қатысты. Кеште мектептің тарихын бейнелейтін арнайы бейнебаян көрсетіліп, білім саласының үздік қызметкерлері Қазақстан Республикасы Парламентінің Алғыс хаттары, «Ыбырай Алтынсарин» және «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.
100 жылдық тарихы бар Шәкәрім атындағы №5 көпбейінді гимназиясы — бастауыш мектеп ретінде 1924 жылы ашылған білім ордасы, тәуелсіздікке ұмтылған ұлттың оқу ордасы ретінде сан мәрте өзгерістерге ұшырап, 1992 жылдан бері Шәкәрім есімін иеленіп келеді.
Гимназияның материалдық-техникалық базасын нығайту үшін осы жылы 37 миллион теңге бөлініп, футбол алаңы мен воркаут алаңы салынып, мектеп ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Білім ордасы оқушыларының заманауи жетістіктерінің айқын көрінісі ретінде робототехникадан халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, әскери-спорттық клубтарда табыстарға жетіп жүр. Мектеп педагогтері де жоғары марапаттарға ие болып, «Үздік педагог» байқауларында үздіктер қатарынан көрінген.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі