Шарын шатқалында экотуризм дамып, жаңа визит-орталық ашылды

Шарын шатқалына саяхат енді бұрынғыдан да қолайлы әрі экологиялық тұрғыда таза бола түсуде. «Sharyn» визит-орталығы есігін айқара ашып, қонақтарды заманауи сервиспен қарсы алуда. Енді туристер шатқалды гольф-кармен аралап, кәсіби нұсқаушылардың сүйемелдеуімен табиғаттың ерекше сұлулығын тамашалай алады. Табиғатты қорғау бағытындағы маңызды жобалардың бірі – «Жасыл даму» АҚ-мен бірлескен пилоттық жоба. Оның мақсаты – экологиялық мәдениетті арттыру және «таза туризм» қағидасын қалыптастыру.
Осы жоба аясында парк аумағында қоқысты сұрыптап жинау жүйесі енгізілді. Арнайы қоқыс жәшіктері, контейнерлер және фандомат құрылғысы орнатылып, жиналған қалдықтар қайта өңдеуге жіберілуде. Сондай-ақ, туристерге биоыдырағыш қапшықтар таратылып, экологиялық ақпараттық тақталар орнатылды.
Парктегі инфрақұрылым да біртіндеп жаңарып келеді. 2023 жылы Шарын шатқалындағы Бақылау өткізу пункті (БӨП) толық автоматтандырылып, 8 бейнебақылау камерасы және автокөлік нөмірлерін анықтайтын 2 камера орнатылды. Қазір паркке кіріп-шығу автоматты шлагбаум арқылы жүзеге асады, ал төлем жасау үшін KASPI QR жүйесі енгізілді. Шарын шатқалына ұйымдастырылған баспасөз туры барысында журналистер экологиялық бастаманы қолдап, шатқал аумағында бозарша өсімдігінің тұқымын сеуіп, табиғатты сақтауға өз үлестерін қосты.
Сондай-ақ, визит-орталық аумағында жас көшеттер отырғызылып, ұлттық парктің жасыл желегін көбейтуге бағытталған шара жүзеге асырылды. Бүгінде Ұлттық парк аумағында жыл бойы жұмыс істейтін төрт туристік бағыт бар. Келушілерге ыңғайлы болуы үшін арнайы демалыс орындары, керуен алаңдары, ақпараттық стеллалар мен гроттар орнатылған. Барлық осы бастамалар экотуризмді дамытуға және табиғатымызды сақтауға бағытталған үлкен қадам болып отыр.
Алматы облысының әкімдігі
Telegram-канал: Шарын шатқалында экотуризм дамып, жаңа визит-орталық ашылды