Спорт, туризм және мәдениет саласы бойынша 2562 грант бөлінді
Бүгін елімізде жаңа 2023-2024 оқу жылы басталады. Қазіргі уақытта мәдениет және спорт министрлігінің жанынан 5 жоғары оқу орны, 9 колледж және 2 мамандандырылған музыкалық мектеп жұмыс істейді, онда барлығы 16 337 адам оқиды.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен қаржыландырылатын 20 музыкалық колледж және 160 музыкалық мектеп жұмыс істейді.
2023-2024 оқу жылына қабылдау туралы 4288 өтініш тіркелді, оның ішінде 3468 – жоғары оқу орындары, 312 – колледждер, 508 – мектептер. Ал Министрлікке бағынысты оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бөлінген орындар саны 2562.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бірқатар оқу орындарының ғимараттарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ға ауданы 1000 ш.м. құрайтын үй-жайды оқу корпусын ашу үшін тапсырды. Осы жылы академия осы үй-жайды қайта құру бойынша ЖСҚ әзірлейтін болады. Сонымен қатар, эскиздік жоба әзірленді, сондай-ақ ЖОО студенттері үшін жаңа жатақхана салу бойынша БЖТ әзірленуде.
«Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ-де биылғы жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда- жөндеу жұмыстары жатақханада, ойын залында, семсерлесу залында, күрес залында және асханада жүргізілді.
«Қ. Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ жатақханасында косметикалық жөндеу жүргізілді. Ал «Риддер қаласындағы олимпиада резерві республикалық мектеп-интернат-колледжі» РММ-де қойма үй-жайларына, цехтарға, шағын және үлкен залдарға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Косметикалық жөндеу «Республикалық спорт колледжі» РМҚК-да да жүргізілді.
«Барлық жөндеу — құрылыс жұмыстары барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, мәлімделген мерзімдерге сәйкес аяқталады. Сонымен қатар, жыл сайын музыкалық аспаптарды, спорттық құрал-саймандарды және басқа да қажетті жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлінеді. Келесі жылы бұл мақсатқа мәдениет және өнер саласындағы 4 колледжге 133 млн теңге бөлінеді», — деді Мәдениет және спорт министрлігі аппаратының басшысы Жанат Ахметов.