Хромтау жылыту маусымына дайын

Ақтөбе облысындағы шахтерлер қаласы саналатын Хромтаудың жылу жүйесі мен ауыз су көзі – ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты. Қазір мұнда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында қаланың су және жылу желісі нысандары мен қазандықтарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кеншілер моноқаланың қыс мезігіліне дайындығы туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз турында кеңінен баяндады.

Департамент және БАҚ өкілдері ауыз суға және су тарту жүйелеріне жауапты Дөң тау-кен байыту комбинатының барлық нысандарын аралады. Мұндағы жөндеу жұмыстары жаз бойы жүрді.

Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Азамат Бектібаев:

«Жылыту маусымына дайындықтың дұрыс әрі уақытылы өткеніне қарап, алдағы қыста тұрғындарымыздың жағдайы белгілі болады. Бұл – 118 көпқабатты тұрғын үй мен жеке секторлар. Біздің мамандар мұндай үлкен жауапкершілікті жақсы түсінеді. Сол себепті олар барлық жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізіп отырады»

Қаланың инженерлік желілерін жаңартуға 2023 жылы Дөң тау-кен байыту комбинаты 219,5 млн теңге инвестиция құйған. Комбинат энергетиктері қала көшелерінің біріндегі су құбырының бір бөлігін ауыстырып, суару құбырын, сондай-ақ №11 кәріз сорғы станциясын жөндеуден өткізді. Қазандық жабдықтарын тексеру мен профилактикалық жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Мұның барлығы қазандық жабдықтары паркінің қызмет ету мерзімін ұлғайтып қана қоймай, моноқала тұрғындарының үйлерін сенімді әрі еш ақаусыз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.