Сымбат пен хас шеберлік: астаналықтарды ұлттық балет нөмірлерінің премьерасы күтеді

Балет – жай ғана би емес, ол көрермендерді көңіл күй мен әсемдік әлеміне жетелеуге қабілетті өнер. Дәл осыған 25 ақпан мен 3 наурызда «Астана Опера» Үлкен залы сахнасында орын алатын Гала-кешке келген елорда тұрғындары мен қонақтары куә болады. Концерттің бірегейлілігін отандық балетмейстерлердің қойылымындағы ұлттық нөмірлердің премьералары айшықтай түспек. Екі күні де дирижерлік тұғырда – Элмар Бөрібаев.

Hassak этно-фольклорлық ансамблінің «Аманат» музыкалық композициясына RUH ауқымды ұлттық нөмірі жас балетмейстер, театр солисі Сұлтанбек Ғұмардың хореографиясында ұсынылады. Театр дизайнері Дариға Тайшықованың эскиздері бойынша «Астана Опера» тігін цехы орындаушылар үшін жиырмаға жуық костюм әзірледі.

— Костюмдерді жобалаудағы негізгі міндетіміз заманауи және этникалық нақышты біріктіру, көшпенді түркі мәдениетіндегі жауынгер ер адамның құрама бейнесін үлгілеу әрі көрсету болды. Жұмысымыздан сақ дәуірінің тынысын байқауға болады, ол кезде жауынгерлер денесіне жануарлардың бейнелерін салған және зерттеушілердің нұсқаларының біріне сәйкес осы арқылы олардың қасиеттерін бойына дарытқан. Тату түрінде денеге  салынған сурет өрнек пен бастырма кесте аралас техникасында жасалған. Балет нөмірі қарқынды әрі жауынгерлік сипатты, сондықтан жеңіл, созылмалы материалдарды пайдалана отырып, әртістердің қозғалыс пластикасын жақсы жағынан көрсетуге тырыстық, сонымен қатар бейнеге қандай да бір күрделілік үстеу үшін бұйымды пішуде аздап деконструктивті шешімдер мен асимметрияны қолдандық, — деп атап өтті костюмдер бойынша суретші.

Хореограф Сұлтанбек Ғұмар кез келген балетте көрермен орындаушылар арасынан бірінші кезекте әйелдер құрамына назар аударатынын, ал өзінің Қазақстанда ерлер балетінің жақсы дамығанын, олардың харизмасын, қуаты мен күшін көрсеткісі келетінін атап өтті. — Жалпы әлемдік репертуарға жүгінсек, ең танымал ерлер балеттерінің бірі А.Хачатурянның «Спартак» балетін ерекшелер едік. Менің ниетім ерлер биі арқылы халықтың ерлігі мен батырлығын көрсете отырып, сан ғасырлық тарихымызды сипаттайтын ұлттық нөмір жасау болды. Себебі RUH дегеніміз күш, қуат, абыройды білдіреді. Ал мұндай қасиеттердің барлығы, өзіміз білетіндей, батырлардың, яғни бізге Ұлы даланы мұраға қалдырған ата-бабаларымыздың бойынан табылды. Ең маңыздысы – осыны естен шығармай, өз тарихыңды мақтан тұту және өнер арқылы ұрпақтың жадында қалдыру, — деп түсіндірді қоюшы балетмейстер. – Хореографияға келсек, оны қазақ биі мен пластиканың стилизациясы ретінде сипаттауға болады. Бастапқыда, яғни ежелгі дәуірде бидің классикалық канондары болмаған, аңшылық, шайқас алдында жануарларға еліктейтін, бақсылардың ішкі күйін айқын көрсететін қимылдар болды. Табиғаттың өзі адамдарға шабыт сыйлады. Осының басын біріктіріп, өзіне тән барлық халықтық элементтерімен қазақ биінің қимыл-қозғалыстарын қосып, классикалық би канондарында көрсете білдім деп ойлаймын, — деп түйіндеді С.Ғұмар.

Кештің тағы бір премьерасы танымал хореограф Анвара Садыкова қойған «Аңсау» дуэті болмақ. Оны театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова мен труппа солисі Жақсылық Сауқымбеков орындауға әзірленуде. Балетмейстердің сөзінше, әртістер дене пластикасы арқылы ғашықтардың айырылысар алдындағы бір-бірін аңсау сезімін жеткізуі керек.

— Хореограф ретінде мен үшін кез келген қойылымдағы бастапқы нүкте – музыкалық шығарма, «Аңсау» дуэті де осы жолдан өтті. Ол тамаша композитор, күйші, талантты музыкант, домбырашы Ардақ Елеусізовтің тыныштық таппаған адам жаны туралы домбырада орындалатын жан тебірентерлік күйіне негізделген. Дуэт бозбала мен бойжеткеннің махаббатын бейнелейді, бірақ, өкінішке қарай, жағдайларға байланысты оларға бірге болуды жазбаған. Бірге басынан өткергендерін есте сақтау үшін бойжеткен қоштасарда ғашығына кіршіксіз махаббаттарының белгісі ретінде үкі қауырсынын сыйлайды, — дейді Анвара Садыкова. – «Астана Опера» әртістерімен жұмыс істеу әрқашан қызықты әрі өнімді. Хореографиялық композицияны солистерге лайықтап қоя бастағанда, жұмыс барысында күйді жан-жақты зерттейсіз, оған терең бойлайсыз, бұл ерекше күй, оның музыкасы бір қалыпты емес, кейде қарқынды, ауыспалы және осының бәрін бірегей хореографиялық тілмен жеткізу керек. Сондықтан біз орындаушылармен бірге музыкалық шығарма мазмұнын дәл ашатын дұрыс интонацияларды іздейміз.

Екі бөлімнен тұратын Гала-балет – түрлі тақырыптардың, дәуірлердің және көрнекті хореографтардың өнерге деген көзқарастарының үйлесімі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаева, Әнел Рүстемова, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов, Арман Уразов сынды орындаушылар эмоция мен шеберлігі арқылы бағдарламаны әр көрерменге айқын әрі түсінікті етпек.

Олардың әріптестері – тамаша солистер мен әртістер: Шұғыла Әдепхан, Анастасия Заклинская, Лимара Айдарова, Камила Шахманова, Вега Камар Икбалова, Алина Зырянова, Мөлдір Шәкімова, Аделина Тулепова, кештің дебютанты Ғазиза Молдахмет, Сұлтанбек Ғұмар, Айбар Тоқтар, Диас Құрманғазы, Данияр Жұматаев, Александр Корнилов, Ғалымжан Нұрмұхамет, Жақсылық Сауқымбеков, Айдан Қалжан, Акбар Иминов классикадан бастап қазіргі заманға дейінгі түрлі бейнелерді сомдап, көрерменге ұмытылмас әсер қалдырады.

Гала-кештің басты ерекшелігі  –  әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова жасаған бағдарлама тұжырымдамасында көрініс тапқан мәдени сан алуандық. Балет труппасының көркемдік жетекшісі ұлттық спектакльдермен және хореографиялық композициялармен репертуарды толықтыру бағытында жұмыс жасауда. Гала-кештің әр нөмірінде көрерменді толқытатын эмоциялар мен теңдесі жоқ әсемдік өрнектелген. Аталмыш гала-балет өнер сүйер қауымды қуантып қана қоймай, сонымен бірге өз еліне, дарынды әртістеріне деген мақтаныш сезімін жүрегіне ұялатады.