Ташкентте Қазақстан Республикасының күніне орай мерекелік іс-шара өтті

Ташкент қаласындағы Абай ескерткішінің жанында Қазақстан Республикасының Елшілігі ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Е.Тоғжанов, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Заң шығару палатасының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Ұ.Шерматов, Өзбекстан Республикасының Ұлтаралық қатынастар және шетелдегі отандастар мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Қ.Сариев, қазақ және өзбек мәдени орталықтарының басшылары, қоғам өкілдері мен отандастар қатысты.
Қазақстан Елшісі Ералы Тоғжанов 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның ерекше тарихи маңызын атап өтіп, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдеріне тоқталды. Қазақстанның 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы ел тәуелсіздігінің халықаралық деңгейде мойындалуындағы маңызды белес болды. Ал 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы тарихи шешімдерінің бірі ретінде атап өтілді.
Елші Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастардың дамуына ерекше назар аударды. Екі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық достық, өзара сенім және одақтастық қағидаттары негізінде дәйекті түрде нығайып келеді.
Олий Мажлис Заң шығару палатасы комитетінің төрағасы Ұлықбек Шерматов Қазақстан азаматтарын Республика күнімен құттықтап, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, жүйелі дамуы мен мемлекеттілігінің нығаюын атап өтті. Ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңыздылығына және еліміздің өңірлік ынтымақтастықтағы рөлінің артып келе жатқанына тоқталды. Ұ.Шерматов Қазақстанмен парламентаралық өзара іс-қимылға ерекше назар аударып, оның екіжақты диалогты кеңейтуге, өзара түсіністікті нығайтуға және түрлі бағыттардағы ынтымақтастықты дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.
Ұлтаралық қатынастар жөніндегі комитеттің төрағасы Қахрамон Сариев Қазақстан Республикасының күнін бірлесіп атап өтудің символдық мәніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл екі мемлекет арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін, бауырластық қатынастарды және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын айқын көрсетеді.
Іс-шара барысында Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Абдулла Рүстемов, белгілі қоғам қайраткері Фахриддин Қаратаев және Өзбекстан қазақ мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов сөз сөйледі. Олар тарихи дәстүрлерді сақтаудағы, этносаралық келісімді нығайтудағы және халықтық дипломатияны дамытудағы қазақ және өзбек мәдени орталықтарының ерекше рөлін атап өтті. Олардың пікірінше, мәдени орталықтардың қызметі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтудың маңызды негізі болып табылады.
Мерекелік бағдарлама екі бауырлас халықтың мәдени мұрасының байлығы мен өзіндік ерекшелігін паш еткен ұлттық әндер мен билерден құралған концертпен жалғасты.
Іс-шара қатысушыларын Қазақстан Республикасының күнімен құттықтаған балалардың өнер көрсетуі ерекше әсер қалдырды. Салтанатты жиын соңында олар достықтың, бейбітшіліктің және жас ұрпақтың жарқын болашағының символы ретінде түрлі түсті әуе шарларын аспанға ұшырды.
Мерекелік іс-шара жылы әрі достық атмосферада өтіп, қазақ және өзбек халықтарының достығы қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың маңызды құндылығы әрі берік негізі болып қала беретінін тағы бір мәрте айқындады.
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі


