Театрдағы жаңа ғажайып

Бүгінгі таңда цифрландыру сан түрлі салаға, оның ішінде дәстүрлі театр өнеріне де өзгерістер әкелуде. 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды ин­теллект жылы деп жарияла­нды. Осы ретте еліміздің басты опера театры  – «Астана Опера» заманауи технологиялардың мәдени үдерістер өзегіне қалай еніп жатқанының нақты үлгісі.

 Театр директорының орынбасары Виктор Караре осынау ішкі технологиялық түрленудің  ауқымы туралы толығырақ айтып берді. «Астана Операда» сәулелі партитура мен бейне-контенттен бастап дыбыс режиссерлерінің, реквизиторлар мен костюмерлік цех  жұмысына дейін барлығы цифрландырылған.

– Осының бәрі сахнаның орталық компьютерінің көмегімен сақталып, қолданылады, – деп түсіндірді Виктор Караре. – Оның көмегімен көріністері мен актілері көптеп ауысатын күрделі спектакльдер өткізіледі. Бұл үлкен бір механизм, ол цифрландырудың нәтижесінде өте жақсы ұйымдастырылған.

Бұл механизм тіпті инженерлік желілерді қамтиды, мысалы ол көрермендер залындағы қолайлы температураны да ұстап тұрады. Цифрландыру – декорацияларды монтаждаудан бастап дайындықтар мен көрсетілімдерге дейін барлық қызметті үйлестіруді және жоспарлауды, логистиканы жақсартатын кешенді ақпараттық жүйелердің енгізілуі.

Арнайы әсерлер дамудың жарқын көрінісіне айналды. Егер осыған дейін сахнада өртті көрсету үшін желмен көтерілетін қызғылт-сары мата қолданылып келсе, ал қазір күрделі цифрлық жүйелер пайдаланылады. Енді түтінді немесе пиротехника әсерін сахнадан 50 метр жерде орналасқан пульттың көмегімен іске қосуға болады. Бұл жұмыс барысын қауіпсіз, дұрыс әрі бақылауға ыңғайлы етеді.

Театрда мұндай технологиялар қолданылған алғашқы спектакльдердің бірі – Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балеті. Қазіргі таңда театрдың құрал-жабдығы едәуір кеңейді: олардың қатарына 3D-проекциялар, фронталды бейне мэппинг, LED-экрандар, күрделі көтергіш механизмдері мен пневматика қосылды. Осылардың бәрі цифрлық жүйелермен басқарылады. Виктор Караренің айтуынша, қазіргі кездегі заманауи технологиялар ең көп қолданылатын спектакльдердің бірі «Турандот» операсы болып табылады. Мұнда көрермендер даладағы шынайы жауынды, Турандот ханшайымның жердің астынан пайда болатын және әртістердің айдаһардың басынан шығатын сәтін көре алады.

– Цифрлық технологиялар көрермендер тамашалайтын дүниені де, сондай-ақ шымылдықтың ар жағындағы көзге көрінбейтін жұмысты да түбегейлі өзгертеді. Цифрландыру барлық алаңдағы әрбір құрылымдық бөлімшенің жұмысын өте жақсы жоспарлауға және ұйымдастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Виктор Караре. – Онсыз біздегідей қарқынды репертуармен жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес.

Сондай-ақ директордың орынбасары Цифрландыру және жасанды ин­теллект жылы қағаз жүзінде емес, нақты істе көрініс тауып жатқанын атап өтті. Бұрын сценографиялық жобалар мен қойылым жұмыстарын іске асыру департаменті сызбаларды қағазда салса, ал қазір барлығы электрондық форматқа көшірілген. – «Астана Операдағы» цифрлық технологиялар – күнделікті жасалатын жұмысты өзіне алып, шығармашылық күшті босататын құралдар. Олар театрға уақытпен бірге қадам басуға мүмкіндік беріп, ауқымды да әсерлі спектакльдер жасайды. Осы ретте классикалық өнер цифрлық дәуірмен қалай кездесетінін «Астана Операда» 4 ақпанда өтетін «Бақшасарай бұрқағы» спектаклінде көруге болады, – деп қорытындылады Виктор Караре.