Польша мен Қазақстанның шығармашылық күштері Анна Германның мерейтойына орай концерт ұсынады

«Астана Опера» Польшаның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен 3 мамырда Анна Германның туғанына 90 жыл толуына арналған «Махаббат жаңғырығы» концертін ұсынады. Бағдарлама Польшадағы Анна Герман әндерінің халықаралық фестивалі лауреаттарының басын қосады. Олар танымал поляк әншісінің репертуарынан айтулы туындылардың интерпретацияларын таныстырады. «Астана Опера» симфониялық оркестрін дирижер Томаш Лябунь (Польша) басқарады.
– «Астана Опера» театрымен бірлесіп жұмыс істеу біз үшін зор мәртебе. Мұның терең символдық мәні бар: Анна Герман 90 жыл бұрын Орта Азияда, Өзбекстанда дүниеге келген, ал 1944-1946 жылдар аралығында Қазақстанда тұрып, Жамбылдағы (қазіргі Тараз) мектепке барған, әлі күнге дейін осы қалада оның нағашылары тұрады. 80 жыл бұрын соғыстан кейін ол дәл осы жерден отбасымен бірге Польшаға аттанды, – деп әңгімеледі Польшадағы Анна Герман әндері халықаралық фестивалінің директоры, концерт жүргізушісі Альдона Михаляк. – Елдің әр өңірінен жанкүйерлердің көптеп келгені сонша, 1974 жылы Анна Герман Целиноградтағы (Астана) Тың игерушілер сарайында бір концерттің орнына үш концерт берді. Гастроль кезінде ол өзінің әкесі Евген Германның осында тұрған ағасымен және әпкесімен өмірінде алғаш рет кездесті. Бүгін біздің қонақжай қазақ жерінде кездесіп отырған себебіміз – бізді Анна Герман мен оның әндері біріктіреді. Осынау елге деген құрметіміздің белгісі ретінде бағдарламаны қазақ тілінде байқауымыздың қазақстандық лауреаты Әли Көптілеу жүргізеді, – деп пікірін қосты фестиваль директоры.
Альдона Михаляк XX ғасырдағы атақты дауыстардың бірінің мұрасы мәңгі өзекті екенін атап өтті. – Заманауи музыканттар үшін Анна Германның әнші әрі композитор ретіндегі шығармашылығы – халықаралық мәдениеттің игілігіне айналған әлемдік деңгейдегі ән өнерінің үлгісі. Оның әндері терең жалпы адамзаттық құндылықтарды, яғни махаббатқа деген сенімді, достық пен жақсылықтың салтанатын паш етеді. Біздің 2014 жылдан бері өткізіп келе жатқан фестиваліміз жыл сайын әншінің өмірі мен тағдыры тікелей байланысты болған елдерден жас вокалистердің басын қосады.

Концертке Польша мен Қазақстаннан фестивальдің он лауреаты қатысады. Сонымен, осы кеште елордалық театрдың Үлкен залы сахнасына Милена Бурдальска, Марта Слоцяк-Вишневска, Сильвия Зелек, Михал Матушевски, Изабельа Шафраньска, Анна Ковалевска, Мартына Ратайчак (Польша), сондай-ақ Әли Көптілеу, Эоланта Тумилович пен Александра Брославская (Қазақстан) шығады.
Мерейтойлық кешті әлемдік сахна аңызының репертуарындағы ең танымал әндердің бірі – Е.Птичкиннің тұтас концерт атауына арқау болған «Махаббат жаңғырығы» ашады. Бірінші бөлімде көрермендер Доменико Модуньоның «Tango d’Amore», Марио Панцеридің әсерлі «Non ho l’eta», Кшиштоф Цвинардың «Jedna chwila» әндерін, сондай-ақ Анна Германның «Cztery karty» секілді авторлық шығармаларын ести алады. Бірінші бөлімді байқаудың қазақстандық лауреаттары Александра Брославская, Эоланта Тумилович пен Әли Көптілеудің орындауындағы А.Пахмутованың салтанатты «Үміті» түйіндейді.
Кештің екінші бөлімі тыңдармандарды әлемдік вокалдық классиканың бірегей техникалық шеберлік пен әртістік қабілетті талап ететін сан алуан жауһарларымен таныстырады. Олардың қатарында Эрнесто Де Куртистің «Torna a Surriento» неаполитандық классикасы, Педро Галиндоның испан тіліндегі құштар «Malaguena» әні, Г.Моузакистің таңдаулы «Cyganeria» және А.Пахмутованың терең философиялық мәнге толы «Нәзіктік» шығармалары бар.
– Анна Герман әннің өңдеуін әйелге арналған көйлекпен салыстыратын. Арнайы қазақстандық көрермендер үшін біз төрт тілдегі ең танымал туындыларды іріктеп алдық, олар заманауи поляк композиторларының жаңа өңдеулерінде шырқалады. Олардың көбісінің авторы – біздің фестиваліміздің музыкалық жетекшісі маэстро Томаш Лябунь. Симфониялық оркестрге арналған 200-ден астам партитураны қамтитын бай қорымыздан композицияларды әрбір солистің жеке өзі таңдап алуы кештің бірегейлігін айшықтайды, – деп хабарлады Альдона Михаляк.



