TNS+ енді толықтай DAR компаниялар тобының иелігіне өтті

Қазақстандағы телекоммуникация, технология және медиа саласындағы маңызды ойыншылардың бірі — DAR компаниялар тобы әлемнің алты елінде 160 миллионға жуық клиенті бар, жаһандық конвергентті байланыс қызметтері мен дижитал сервистер операторы VEON-мен (Амстердам) бірлесіп қазақстандық TNS Plus LLP («TNS+») компаниясы үлесінің 49 пайызын сатып алу туралы келісімді аяқтағанын жариялады. Реттеуші органдардың мақұлдауын алғаннан кейін DAR енді толыққанды TNS+-ке иелік етеді. Келісім құны кейінге қалдырылған төлемдерді қосқанда 137,5 млн АҚШ долларына тең болды.

Келісімнен кейін VEON-ға тиесілі болып келген Beeline Kazakhstan TNS+-тен телекоммуникациялық инфрақұрылымдарды ала береді. Компаниялар арасында ұзақмерзімді келісімшарттар бар. Соның арқасында Beeline үздіксіз қызмет көрсетіп, жоғары сапалы клиент тәжірибесін ұсынуын жалғастырады.

«Осы келісімді аяқтай отырып, Beeline Kazakhstan TNS+ ұсынатын сенімді көтерме инфрақұрылымды әрмен қарай да қолдана береді. Оған қоса қазақстандық дижитал оператордың жеке тұтынушылық және корпоративтік қызметтер портфелін құруға күш салынады. Beeline Kazakhstan Simply, Izi, Hitter және BeeTV сияқты мықты дижитал қызметтер ұсынады. Әрі Қазақстанда жасанды интеллектінің көмегімен жаңа, жергілікті құралдар жасауға ат салысып, жергілікті жасанды интеллектінің қазақша моделін дайындайтын басты серіктестің бірі. Қазақстан экономикасына осы салалардағы кеңейтілген қызметтерді қуана-қуана ұсынамыз», — дейді VEON тобының бас директоры Каан Терзиоглу.

TNS+ CEO-сы әрі DAR тобының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов:

«Еуропа мен Азия арасында деректер тасымалдауда Қазақстанның транзиттік әлеуеті мол екеніне сенімді екенімізге осы келісім дәлел бола алады. Осылайша бизнесті жаңа аумақтарда кеңейтіп, инновациялық дижитал өнімдер енгізуге қатысты жаһандық стратегиямызды  іске асыруға мүмкіндік туады. біз көкжиегімізді кеңейтіп, жаңа технологиялар енгізіп, инновациялық өнімдер ұсына аламыз. Біз TNS+-тің деректер транзитіндегі көшбасшы орнын сақтай отырып, Қазақстанның телекоммуникациялық инфрақұрылымына инвестиция құйып, тұтынушыларымызға жоғары сапалы қызмет көрсетуді әрмен қарай да жалғастырамыз»