«Түкбілмес» көрермендерге жол тартты

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 30, 31 қаңтар күндері балғын бүлдіршіндерге арналған «Түкбілмес» (авт.:Н.Носов, реж.:Д.Курочкин) қойылымының премьерасы өтті.

Әр маусым сайын сүйікті көрерменіне сый ретінде спектакль ұсынатын Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры көпшілікке балаларға арналған жаңа қойылым тұсаукесерін ұсынды. Бағы мен бабы қатар шапқан театр тың ізденістегі актерлері мен өрелі өнерді өрге сүйрейтін шығармашылық ұжымымен ерекше. Мәуелі мәдениетімізді дамытып, жас жеткіншіктерге ұлттық руханиятты дәріптеуді мақсат тұтқан театр репертуары көркем қойылымдар мен балаларға арналған базарлығымен бай. Тұғырлы театр тұрақты көрермендерін жаңа қойылымдармен, ерекше жобалармен, тың өзгерістерімен қуантудан еш жалыққан емес. Бұл жолы театр ұжымы балаларға арналған «Түкбілмес» (авт.:Н.Носов, реж.:Д.Курочкин) қойылымын сахналады. Ресейлік режиссердің қырағы көзі аты әлемге әйгілі, желісі бойынша қойылым қойылып, мультхикая түсірілген Н.Носовтың «Незнайка» атты үш томды ертегіне түскен. Театр репертуарындағы «Кішкентай ханзаданың оралуы» ертегісін сәтті сахналаған режиссер артистердің ерекше қабілетіне көз жеткізе келе, жаңа жұмыс жасап, театр қоржынына «Түкбілмес» қойылымын қосты. Балаларға арналған туындының ертегі ретінде емес, қойылым түрінде сахналануы режиссердің кәсіби шеберлігі мен актерлердің шығармашылық қарым-қабілетін керек етері сөзсіз.

«Менің кейіпкерім – Бұрқылдақ. Ол көп нәрсеге еш себепсіз ренжіп, көңілі толмай, бұрқылдай беретін кейіпкер. Көп адаммен дос болмай, ешқандай адамдарды елемей, өзімен-өзі жүреді. Соңында өзінің жанын түсінетін жақын досын тапқаннан кейін жақсы жаққа өзгереді. Жалпы, «Түкбілмес» қойылымы қазақ театрында болған үлкен жаңалық деуге әбден болады. Себебі, режиссер балаларға арналған шығарманы ертегі ретінде емес, қойылым ретінде сахналады. Кішкентай көрерменге тек ертегі емес, таным-түсінігін кеңейтіп, театр өнеріне көпір болатындай осындай жоғары деңгейдегі қойылымдар керек деп ойлаймын. Театр артисі ретінде жас режиссермен жұмыс жасау ерекше атмосферасымен есте қалды», – дейді театр артисі Нұржан Асылхан.

Үш томнан тұратын көлемді шығарманы сахнаға лайықтап ықшамдаған, инсценировкасын жасаған режиссер – Д.Курочкин. Аудармасын жасаған театрымыздың талантты актрисасы – Д.Абикеева. Аудармасын жасап, қойылымда қатар өнер көрсеткен актриса өз сөзінде: «Кішкентай кезімізден Н.Носовтың «Незнайка» шығармасын оқып, теледидардан көріп, таныс болғаннан кейін шығарманы аудару кезінде қиындық туғызған жоқ. Дегенмен, үш томдық жұмыстың бір сағаттық қойылымға арнап қысқарту режиссер үшін оңайға соқпағаны анық. Аудару кезінде режиссердің әр түрлі қалада өмір сүретін кейіпкерлерді қысқартып, бір оқиғаға топтастыруы үлкен еңбек пен қажырлы күшті қажет еткенін түсіндім. Жалпы, қойылымның айтар ойы – кішкентай қыздар мен жігіттердің ренжісіп қалып, бір-бірімен араласпауы. Ал, режиссердің мақсаты – олардың бір-бірінің кемшіліктеріне қарамай достасып, тату-тәтті өмір сүруге баулу болып табылады. Режиссер ресейлік маман болғандықтан, сахнада өмір сүрудің өзгеше үлгісін, жаңа көзқараспен жасалған тың шешімдерді үйрендік. Сөзіме дәлел, артистерге арнап жонглерлік өнер сабағының өткізілуі. Біз өзімізді алғаш рет  циркте жұмыс істейтін мамандар сияқты сезініп, қиындығы мен қызығы қатар жүрген дайындық жұмыстарын жасадық. Кішкентай көрерменге ерекше өнер үлгісі ретінде ұсыну үшін доптармен жұмыс жасағанымыз, оны ұжымық өнер арқылы жүзеге асыруымыз өзіміз үшін үлкен тәжірибе болды деп сеніммен айта аламын», – дейді.

 Қазіргі таңда кіршіксіз таза өнер – театрға келушілер мен қолдаушылардың саны күннен-күнге артып келеді. Театр артистеріне шығармашылық шабыт сыйлап, сәт сайын қолдайтын көрерменнің қатары көбеюі көңілге қуаныш ұялатады. Театрымыз – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры болып аталғандықтан, жас жеткіншектерге арналған жаңа қойылымдарды ұсыну үшін жұмырлы жұмыс жасалынуда. Қаңтарда кішкентай көрерменге көркем түрде ерекше әсер сыйлаған, театр репертуарына балаларға базарлық ретінде ұсынылған  «Түкбілмес» (авт.:Н.Носов, реж.:Д.Курочкин) қойылымы сәтті түрде сахналанды. Жас көрерменге ғана емес, жасампаз өнер сүйетін көрерменге арнап қойылатын қойылымда әрбір алматылық тұрғындарды және қала қонақтарын қуана күтеміз!