Тұмау мен ЖРВЖ маусымы: Өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болады?

Биыл Жетісу облысында тұмау мен ЖРВЖ-ға қарсы иммундау шаралары 5 қазаннан басталды. Вакцинация тұрғылықты мекенжай бойынша медициналық ұйымдарда жүргізіліп жатыр және әлі де жалғасуда. Бүгінде 61 611 адам (жоспардың 75,3%-ы) екпе алды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі – 24,5%. Айта кету керек, бюджет есебінен 82 500 доза, жұмыс берушілер қаражатына 210 доза тұмауға қарсы вакцина сатып алынған болатын. Жалпы халықтың 12%-дан астамын екпемен қамту жоспарланған.

Екпе бірінші кезекте кімдерге жасалады (тәуекел тобы):

  • жабық мекемелердегі тұлғалар (балалар үйі, қарттар мен мүгедектер үйі, мектеп-интернаттар);
  • жиі ауыратын, иммунитеті әлсіреген балалар;
  • созылмалы ауруы бар ересектер;
  • медицина қызметкерлері;
  • жүктіліктің 2-ші және 3-ші триместріндегі әйелдер.

Екпеден бөлек, күнделікті өмірде мына қарапайым ережелерді естен шығармаңыз (арнайы емес алдын алу шаралары):

  • жеке бас гигиенасы: қолды сабынмен жиі жуыңыз;
  • бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізіңіз;
  • түшкіріп, жөтелгенде ауыз бен мұрынды бет орамалмен жабыңыз;
  • адам көп жиналатын орындар мен жаппай іс-шараларға баруды шектеңіз.

Егер ауырып қалсаңыз не істеу керек:

  • уақытында медициналық көмекке жүгініңіз (өз бетіңізше емделмеңіз);
  • төсек режимін сақтаңыз;
  • дәруменге бай диетаны ұстанып, сұйықтықты (жылы су, шай, морс) молынан ішіңіз.

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар!

Индира Кунбасова,

Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары.