Туризм саласын дамыту жоспары айтылды
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев баяндама жасап, күн тәртібінде тұрған туризм саласын дамыту жоспары мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан 15 инвестициялық жобаның тізбесіне тоқталды.
«Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан Ақтау қаласындағы жылы жағажайдың құрылысын аяқтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «Қаскелең» тау шаңғысы курортының құрылысына инвесторлар іздеу, Silk Road Express тур пойызын іске қосу, Алматы қаласында конгресс-көрме орталығы құрылысын бастау, Қазақстанның оңтүстігінде тақырыптық ойын-сауық паркін ашу және тағы басқа бірнеше жобаны іске асыру көзделіп отыр», – деді Ермек Маржықпаев.
Сонымен қатар, министр өз баяндамасында биылғы бірінші жартыжылдықта ел ішінде саяхат жасаған отандастарымыздың саны 3 миллионнан асып, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 400 мың адамға көп екенін, сондай-ақ шетелдік туристердің саны екі есе өскенін мәлімдеді.
«Қаңтар-маусым айларында елімізге шетелден 500 мыңнан астам турист келген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Еліміздегі орналастыру объектілерінің иелері туристер санының артуымен алты айда шамамен 100 миллиард теңге көлемінде табыс тапты. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 30 миллиардқа көп», – деп атап өтті министр.
Ермек Маржықпаев биылғы 9 айда туризмге 404,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылғанын, инвестициялар бойынша жылдық жоспарға қол жеткізу үшін барлық өңір жұмысты жандандырып, іске асырылып жатқан әрбір жобаны жергілікті әкімдер жеке бақылауына алуы қажет екенін жеткізді.
2022 жылы кәсіпкерлерді ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары енгізілген болатын. Ал биылдан бастап мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бойынша оң динамика байқалады. Мәселен 2022 жылы 104,4 млн теңгеге пилоттық қолдау шаралары көрсетілсе, бүгінгі таңда жалпы сомасы 600 млн теңгеден астам өтінімдер мақұлданды.
«Осы орайда Кидс Гоу Фри бағдарламасына ерекше тоқталып өткім келеді. Жоба іске асырылған екі жылға жуық уақыт ішінде бағдарламаның игілігін 1500 отбасы пайдаланып, 3,2 мың бала ел ішінде тегін саяхаттады. Жыл соңына дейін тағы 1 мың баланы қамту жоспарланып отыр. Жобаны мұғалімдердің қадағалауымен жүретін мектептегі топтық турларға тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ министрлікпен шаруа және фермер қожалықтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде қонақ үй салуға мүмкіндік беру мәселесін де қарастырып жатырмыз. Бұл шара ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайтуға ықпал ететеді», – деді сала басшысы.
Үкіметтің тапсырмасы бойынша биыл туризмнің басым бағыттар тізімі ТОП-10-нан 20-ға дейін кеңейтілді. Осылайша, әр аймақта дамытылатын ең перспективалы нүктелер анықталды. Жаңа тізімге Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай, Атырау облысындағы Сарайшық қалашығы, Ұлытау облысы және тағы басқа өңірлер кіреді.
Министрлік алдағы уақытта шетелдік туристерге ыңғайлы болуы үшін шекарада QR-кодтар енгізу, туристік тартымдылыққа сүйене отырып, өңірлер рейтингі бойынша цифрлы платформаны әзірлеу, білікті гидтердің бірыңғай ақпараттық базасын құру, яғни гидтердің қызметін цифрландыру және инфрақұрылымды дамыту, жүйелі шаралармен қатар кадрлық әлеуетті де арттыру бойынша жұмыстар атқарады.