Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті
Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Жезқазған қаласында Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті. Жұмыс сапары барысында министрдің орынбасары бірқатар негізгі міндеттерді атап, өңірдің туристік әлеуетіне тоқталды.
Халықпен кездесуде туризм және спорт саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Жиын барысында тек жергілікті тұрғындарды ғана емес, сонымен қатар тур-қауымдастықтарды, этно-мәдени мекемелерді және спорт индустриясы өкілдерін алаңдатқан нақты мәселелер қаралды. Мысалы, өңірде әуе қатынасын кеңейту, туристік объектілерді, Жезқазған қаласында олимпиадалық бассейн салу және т.б. шығындарының бір бөлігін өтеуге құжаттар беру қағидаларын жеңілдету мүмкіндігі сөз болды.
Ержан Еркінбаев кездесуде үш негізгі бағыт бойынша есеп берді. Олар: туризм, ойын қызметі және спорт. Сондай-ақ ол инфрақұрылымдық жобаларды салудың маңыздылығын айтып, өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.
«Ұлытау облысының туристік әлеуеті ішкі және шетелдік туристер үшін саяхаттаудың негізгі бағыттарының біріне айналады деп сенеміз. Біз Үкіметтің және мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігерімен туристік саланың дамуын жақсарту үшін, соның ішінде әуе қатынасын кеңейту, инвесторларды тарту және туристік объектілерге барар жолда инфрақұрылымды жақсартуға жағдай жасаймыз», — деді Ержан Еркінбаев.
Сондай-ақ министрдің орынбасары «NAMYS» спорт кешенінің және «Хан Ордасы» және «Voyage Zhez» қонақ үйлерінің құрылысымен танысты. «CK Namys» орталығында өңір тұрғындары 9 спорт түрімен (бокс, грек-рим күресі, үстел теннисі, футбол, дзюдо, самбо, қазақша күрес, әйелдер күресі) айналыса алады. Нысан құрылысы келесі жылдың жаз мезгілінде аяқталады деп жоспарланған.