Жас әнші Санат Асуат «Әзербайжан дауысы – 2025» шоуының жартылай финалына жолдама алды

Атыраулық Санат Асуат – халықаралық музыкалық шоудың төртінші маусымында Қазақстан атынан қатысқан жалғыз қатысушы және ол жобаның 5 кезеңінен өтіп, ақтық сынға шығу үшін бақ сынайды.

Айта кетейік, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 20 жастағы студенті бірнеше аптадан бері әлем бойынша үздіктер рейтингісінде Санаттың Әзербайжандағы шоу сахнасында көрсеткен 5 өнерінің 3-і танымал франшизаның жоғарысынан табылды. Ал «Seven Nation Army» композициясының джаз орындауындағы қойылымы аптаның және сәуір айының үздіктері болып, бірден 2 рет рейтингке енді.

Ал өткен түнде ширек финалда қатысушылар өз ана тілдерінде ән шырқады. Санат бұл кезеңде «Turkvision-2014» байқауында жеңімпаз атанған Жанар Дұғалованың «Ізін көрем» композициясын орындады.

«Бұл – мен аса махаббатпен орындаған керемет шығарма. Менің тәлімгерім Эльдар Ғасымов оны көптеген сүйікті әндердің ішінен таңдады. Өз ана тілімде шырқаған ән маған сәттілік әкелгеніне қуаныштымын. Әрине, шоуға қатысу өте қызықты: әр уақытта жаңа міндеттер, жанрлар, тілдер пайда болады. Маған соңғы турда әзірбайжан тілінде ән айту қиынға соқты, көрермендер орындарынан тұрып қолдау көрсеткенде қатты әсер алдым. Бірақ жалпы алғанда, бұл шоудың атмосферасы өте жылы, қатысушылар келесі кезеңге өтпесе де түсірілім алаңына келіп, бір-бірін жігерлендіруде. Жартылай финал келесі жексенбіде, 18 мамырда өтеді және бұл өте қарқынды апта болайын деп тұр. Себебі мен дайындықпен қатар, емтихан тапсырып жатырмын. Бірақ әзірге бәрі жақсы», – деп Санат Асуат ойымен бөлісті.

Сонымен қатар Санаттың өнер көрсетуіндегі домбыраның партиясын арнайы түрде қазақ композиторы, музыкалық продюсер, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің солисі Серік Нұрмолдаевтың шәкірті, 17 жасар Аднан Әмірлі ұстазымен бірге дайындады. Бұл жас жігіт қазақ халық музыкасының жанкүйері, Бакуде тұрады және 5 жыл бұрын домбырада ойнауды үйрене бастаған.

Еске салайық, «Әзірбайжан дауысы – 2025» («Səs Azərbaycan – 2025») шоуының төртінші маусымы Қоғамдық телеарнаның (ITV) эфирінде ақпан айының ортасында көрсетіле бастады. Санат Асуат үшін бұл ересектер санатындағы алғашқы музыкалық байқау. Қазақстандық әншінің тәлімгері – әзірбайжандық танымал орындаушы және «Eurovision-2011» ән байқауының жеңімпазы Эльдар Гасымов.

Telegram-канал: Көрермендер тұрып қол соқты: қазақстандық әнші «Әзербайжан дауысы – 2025» шоуының жартылай финалына өтті