Жас ғалымдардың ғылыми конференциясы

2024 жылдың 10-11 сәуірінде Халықаралық инженерлік-технологиялық университетте Ғылым қызметкерлері күні және Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Студент, ғылым, инновация: зерттеудің заманауи трендтері» тақырыбындағы студенттер, магистранттар, докторанттар және жас ғалымдардардың ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтуде.

Конференция жұмысына Испания, Аргентина, Пәкістан, Үндістан, Нигерия, Кения, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Турция және алыс-жақын шетел мемлекеттерінің жас ғалымдары, докторанттар, магистранттар, белгілі ғалымдар, стартап жоба авторлары, патент иегерлерін қосқанда 300-ден астам адам қатысуда.

Аталмыш конференцияның мақсаты – жас зерттеушілерге ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті талқылау алаңын ұсыну, ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау дағдыларын дамыту, жас зерттеушілер арасындағы кәсіби қарым-қатынасты дамыту.

Ал, негізгі бағыттары: агроөнеркәсіп кешенінің ғылым мен техниканың инновациялық жетістіктері, Инновациялық технологиялар жағдайындағы білім мен ғылымның қазіргі заманғы дамуы. Сондай-ақ биотехнологияның, биоинформатиканың, химияның және экологияның өзекті мәселелері, қазіргі кезеңдегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы: теория және практика мәселелері және инновация субъектісі ретінде шығармашыл тұлғаның әлеуметтік-мәдени негіздері тақырыптары талқыланады.

Шараның ашылу салтанатында ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Президенті, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы алғашқы құттықтау сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларды сәттілік тіледі. Инженер мамандарды мақсатты дайындауда ғылым, өндіріс, білім беру үштігінің өзара байланысын күшейтуді сөз етті.

Келесі кезекте Халықаралық инженерлік-технологиялық университет ректоры, білім беру саласының үздігі Сәрсенбекова Гүлнәр Әлібекқызы негізгі баяндамасында XXI ғасырда ғылыми зерттеулердің өзектілігі болуы үшін университеттің жаңа даму модельін жасап, заманауи негізгі факторлардың синтезіне негізделген жаңа модель жасау екендігін атады. Бүгінгі экономикада технологиядағы үйлесім физикалық, сандық және биологиялық сфералар арасындағы тікелей байланысқа әкелетіндігіне назар аударды.

Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті сапалы маман дайындауда білім – өндіріс – ғылыммен бірлесе отырып үйлестірудің және ынтымақтастықты халықаралық дәрежеде арттырудың табиғи нақты алаңына айналды.

Іс-шара барысында жас ғалымдар «Алма ағашының жаңа сорттарын жасаудағы маркер селекциясының рөлі», «GPT-ді ғылыми зерттеулерде тиімді қолдану», «Бизнес-процестерді және көтерме дилерлермен қарым-қатынасты автоматтандыру және Glide платформасында қаржылық есептерді автоматтандыру үшін «TNS company» қосымшасын әзірлеу», және т.б. өзекті тақырыптарда баяндама жасады.

Конференция жұмысы одан әрі Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінң жас ғалымдары ізденісінің көрмесімен жалғасын тапты. Мұнда Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің жас ғалымдары бұрын қолданыста болмаған жаңа дүниені жасап шығару және оның жасалу жолдарының өзгеше тәсілдерімен қатысушыларды таныстырды.

Конференция бағдарламасында «Ұлыдан ұлағат» тақырыбында Қ.И. Сәтбаевтың өміріне арналған дәріс тыңдалып, қатысушылар наурыз дастарханынан дәм татты.
Конференцияның соңында үздік деп танылған жұмыстарға I, II, III дәрежелі дипломдар ұсынылып, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеттің магистратурасында оқудың барлық кезеңіне жеңілдіктер берілген сертификаттармен марапатталды.