Олимп жолы: Нұрбек Оралбай
Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына санаулы айлар қалды. Қазіргі таңда ұлттық құрама спортшылары Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық турнирлер мен рейтингтік додаларға қатысып, ұлттық құрама қоржынын мейлінше көп жолдамамен толықтыруға бар күш-жігерін салып жатыр. Ал Париждегі осы жылдың басты бәсекесіне лицензия алып қойған отандастарымыз жеке бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдап, маңызды жарысқа тыңғылықты дайындалуда.
Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – боксшы Нұрбек Оралбай. 80 кг салмақ дәрежесінде сынға түсетін отандасымыз Париж Олимпиадасының жолдамасын биыл Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен әлемдік іріктеу кезеңінде жеңіп алды.
Нұрбек Италиядағы лицензиялық турнир өзі үшін де, ұлттық құрама үшін де өте сәтті өтті деп есептейді.
«Апеннин түбегіндегі турнирге алты боксшы барып, соның бесеуі жолдамаға қол жеткізді. Бұл – біз үшін жақсы нәтиже. Әрине, іріктеу жарысы болған соң, турнирге қатысқан барлық боксшының мақсаты – Олимпиада жолдамасын жеңіп алу болды ғой. Сондықтан барлығымызға жекпе-жектер оңай болған жоқ. Менің салмағымда 62 боксшы жұдырықтасып, соның төртеуіне жолдама бұйырды. Енді біз үшін маңызды кезең басталды. Олимпиадаға жоғары дайындықпен барып, қазақ елін алтын жүлдемен қуантуға тырысамыз», дейді боксшы.
2000 жылы 11 маусымда туған Нұрбек Оралбай боксқа кездейсоқ келген. Әуелде әкесі Нұрбекті күрес үйірмесіне бергісі келген екен.
«Әкем сыңарым Айбек екеумізді Астанадағы «Алатау» спорт кешеніне ертіп апарды. Ондағы ойы – күреске беру еді. Алдымыздан кездейсоқ Асқар Еркебаев есімді жаттықтырушы жолықты. Ол кісі: «Мен бұрыннан осындай егіз балаларды боксқа баулып, соларды чемпион етіп тәрбиелеп шығаруды мақсат тұтып жүр едім», деп айтып қалды. Сөйтіп әкем қазіргі бапкеріме өз рұқсатын берді. Осылайша, бокс залынан бір-ақ шықтық», дейді әлем чемпионы.
«80 кг салмақтағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбайдың боксқа келгендегі өз мақсаты бар. Сол мақсатына жету үшін тынбай еңбек етуде. Нұрбектің бір артықшылығы – ол қарсыласқа өте ыңғайсыз боксшы. Сол себепті Нұрбек – осы Олимпиадада медаль күтетін жігіттеріміздің бірі», деп пікір білдірді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Боксшы өзінің басты жанкүйері – отбасы екенін айтады. Әр жарыста Нұрбектің ата-анасы баласы үшін тақым қысып, кейде экранның бергі бетінде, кейде ринг сыртында қолдау білдіреді.
«Өздеріңізге белгілі, былтыр Өзбекстан астанасы – Ташкентте өткен әлем чемпионатына ата-анамыз біз үшін барып, қолдауларын көрсетті. Ата-анамыздың біздің жанымызда болуы, қолдау көрсетуі қосымша күш береді, сенімділігімізді арттырады. Біз де ата-анамызды, қолдап отырған жанкүйерлерді қуанту үшін әр жекпе-жекте, жарыстарда жеңіске жетуге тырысамыз», дейді Нұрбек Оралбай.
Кейіпкеріміз спорттық жарыстардан, оқу-жаттығу жиындарынан қолы босай қалғанда, бос уақытын отбасына арнап, ата-анасының, бауырларының жанында болғанды ұнатады.