Жетісу облысында өрт қауіпті кезеңде тиімді әрекет ету үшін 484 млн теңге бөлінді

Жетісу облысында өрт қауіпті кезеңді өту мәселелері Төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында. Табиғи өрттердің алдын алу және олардың туындау қаупін азайту мақсатында бірқатар кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Департаменттің өңірлік күштері мен техникалары нақтыланып, 3098 адам және 529 бірлік техника дайындыққа келтірілді. Елді мекендерде 115 ерікті өртке қарсы құралым және 49 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеуде.
Құрамында ТЖД, жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдар және орман шаруашылығы өкілдері бар 22 мобильді топ 243 рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде, 59 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 37 ескерту, 22 айыппұл жалпы сомасы 727 420 теңге болды.
Өрт қауіпті кезеңде тиімді әрекет ету үшін жергілікті бюджеттен 484 млн теңге бөлінді. Бұл техникалық жарақтандыру көрсеткішін 82 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Департамент 13 дронмен жабдықталған. Өрттерді ерте анықтау үшін теңгеріміндегі 4 бейнебақылау камерасы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына берілді.
2025 жылғы өрт қауіпті кезең басталғалы облыс аумағында екі орман өрті, дала алқаптарында 79 жану оқиғасы тіркелді, қамтылған аумақ 307 гектар.