Жүктілікке дайындалудың ең жақсы жолдары қандай? Вакцинация, дәрумендер

Жүктілікке қашан және қалай дайындалу керек?

Әйел жүкті болуға туғаннан бастап дайындалады десем, қателеспеймін. Тіпті анасының жүктілігі қалай өткені, қандай да бір патологияның болғаны/болмағаны маңызды. Әйел ағзасының дамуы кезеңдермен өтеді: 5 жастан 8 жасқа дейін, содан кейін 11-12 жаста жыныстық жетілу кезеңі, одан соң етеккір кезеңі (алғашқы етеккір) келеді. Бұл кезеңдерде кішкентай қыздың ауырмауы өте маңызды, балалық шақта жұқпалардың болмағаны маңызды. Аналар мұны бақылауы керек. Сонымен қатар, жыныстық жетілу кезеңінде жедел инфекциялық, созылмалы аурулардың болмауы өте маңызды. Бұл факторлар әйелдің репродуктивті жүйесінің дамуына әсер етеді.

Ерлі-зайыптылар ата-ана болуға тікелей дайындалып жатқанда, әйелдің аналық безіндегі фолликул 180 күнде пісіп-жетілетінін, ал ерлерде сперматозоидтар 90 күнде жетілетінін ескеру керек. Жүктілікке дейін 6 ай бұрын әйелде де, ер адамда да суық тию, вирустық жұқпа, созылмалы аурулар болмауы қажет, ерлі-зайыптылар салауатты өмір салтын ұстануы, дұрыс тамақтануы, ұйықтауы керек. Сондықтан ерлі-зайыптылар алдын ала гинеколог пен урологқа барып, талдаулар жасап, жұқпа ошақтарын анықтауы керек. Бұл көптеген мәселелердің алдын алады.

Неліктен бұл соншалықты маңызды? Егер фолликул өсу кезеңінде, осы алты айда, әйел ағзасында фолий қышқылы немесе темір жеткіліксіз болса, әйел жүктілігінде және баланың денсаулығында әр түрлі мәселелер  туындауы мүмкін.

Әрине, ең дұрысы, жүктілікке бір жыл бойы дайындалу керек. Біз белгілі бір гормоналды бұзылыстарды анықтаған жағдайда, мысалы, қалқанша безінің проблемалары, онда гормондарды қалпына келтіру үшін 9-12 ай қажет болады. Ертерек қалпына келтіру мүмкін емес, сондықтан жүктілікке дайындалуға жеткілікті уақыт бөлу маңызды.

Бірінші сәбиіне дайындалып жүрген жас ерлі-зайыптылар «біз жаспыз, ауырмаймыз, еш қиындық көрмейміз» деп ойлайтыны жиі кездеседі, бірақ мен дәрігердің қабылдауына алдын ала баруға кеңес беремін. Осылайша  көптеген мәселелердің алдын алуға болады. Мен мұны кең аудиторияға жеткізгім келеді. Бұған көптеген адамдар назар аудара бермейді, бірақ бұл шын мәнінде өте маңызды.

Қандай талдаулар жасау керек, қандай тексерулерден өту қажет, қандай тар бейінді мамандарға жүгіну керектігін әр жағдайға байланысты дәрігерлердің өзі анықтайды.

Созылмалы жұқпа ошақтары жүктілікке қалай әсер етеді?

Біріншіден, жүктіліктің басталуы — бұл иммундық қақтығыс: әйелдің ағзасы 9 ай бойы бөтен ағзаға өмір сыйлауға мәжбүр болады. Сондықтан жүктілік кезінде әйелдің иммунитеті 40% төмендейді. Егер әйелде инфекцияның созылмалы ошақтары болса, онда олар

өршіп, жүктілік ағымына әсер ету ықтималдығы артады. Бұл жатырішілік инфекцияларға, соның салдарынан түсік тастауға, мерзімінен бұрын босануға әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, жүктілік кезінде ағзаға, әсіресе бүйрек пен жүрекке жүктеме 3-4 есе артады. Жүктіліктің 30 аптасында қан көлемі 4 литрден 8-ге дейін артады. Егер бүйректе қандай да бір қабыну процестері болса, онда бүйрек жүктемені көтере алмауы мүмкін. Жүктіліктің басталуына дейін әйел өзінің әлсіз жақтары қайда екенін, жүктілік жақсы өтуі үшін нені түзету керектігін білуі қажет.

Қазіргі таңда дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігін анықтауға, гормоналды деңгейді тексеруге, тамақтануға түзетулер енгізуге барлық мүмкіндіктер бар. Мұның барлығын білу өте маңызды.

Фолий қышқылы жүктілік үшін қаншалықты маңызды?

Фолий қышқылы генетикалық материалдың синтезіне қатысады. Ол жасушаның, әсіресе ми мен жұлын нейрондарының бөлінуі мен өсуінде маңызды рөл атқарады. Фолий қышқылының жетіспеушілігі кезінде жаңа жасушалар өз қызметтерін қажетінше орындамауы мүмкін. Сондай-ақ, фолий қышқылы энергия алмасу процестеріне қатысады, сондықтан егер ол жетіспесе, жүкті әйелде әлсіздік, шаршағыштық және ашуланшақтық болуы мүмкін.

Әйелдің жүктілігіне күйеуі немесе серіктесі қалай дайындалуы керек? 

 Ер адам спермограмма талдауын жасау керек, бұл жеткілікті нақты талдау болып есептеледі, ал егер қандай да бір ауытқулар болса, онда ер адам маманның кеңесіне жіберіледі. Ер адам да  созылмалы жұқпаларды емдеп, салауатты өмір салты бойынша ұсыныстарды ұстанған дұрыс.

35 жастан асқан әйелдер ұрықтың бітуіне және жүктілікке қалай дайындалуы керек?

Бұл бүгінгі күні өте өзекті мәселе болып отыр. Мұндай әйелдер саны, өкінішке орай, артып кетті. Табиғат әрбір әйелге 300 000 фолликул береді, олардан өмір бойында аналық жасушалары жетіледі. Бұл фолликулдардың көпшілігі дамудың әртүрлі кезеңдерінде жойылады, ал аз ғана бөлігі барлық кезеңдерден өтіп, овуляцияға қатысады.

35 жасқа дейін бірнеше фолликулдар ғана қалады, аналық бездердің қартаю процесі жүреді. Әйелде овуляция жүретін циклдар саны аз болады және жүкті болу қабілеті төмендейді. Егер сіз ЭКҰ-ға жүгінетін болсаңыз, онда Қазақстанда оның сәтті өту  деңгейі өте төмен, небәрі 35-37% екенін есте ұстаған жөн. Ал менің бақылауымдағы  45 жастан асқан әйелдердің бар болғаны 14%-да ғана  сәтті ЭКҰ болған, бұл жерде жас басты мәселе болып отыр.

Сонда да барлық қыздарға бала тууды кейінге қалдырмауға кеңес беремін, баланы жас кезде дүниеге әкелген жөн. Бірақ егер жүктілік кейінге қалдырылатын болса, аналық жасушаны криоконсервациялау туралы ойланыңыз.

Ұрықтың бітуі үшін оңтайлы күндер бар ма?

Овуляция күндері — етеккір циклінің дәл ортасы. Қалыпты цикл 21-ден 35 күнге дейін, ұрық бітуі үшін оңтайлы күндер циклдің ортасына дейін және одан кейінгі плюс немесе минус 3-4 күн.

Жүктілікке дейін қандай екпе жасау керек?

Міндетті түрде гриппке қарсы екпе алу керек.  Жүкті әйелдерде ковидтің асқынуы өте айқын, сондықтан ковидке қарсы екпе алған жөн. Сонымен қатар қызамыққа қарсы екпе де қажет. Адам папилломавирусына келетін болсақ, бұл вакцинаны жыныстық белсенділіктің басталуына дейін, жасөспірім кезінде жасаған жөн. Егер талдау ағзадағы папилломавирустың болуын көрсетпесе, онда ересектер АПВ-на қарсы егіледі.

Бедеуліктің жиі кездесетін себептері қандай?

Біріншіден — эндокриндік проблемалар, олар бедеуліктің 60-70% құрайды. Эндокриндік проблемалар дегеніміз не? Бұл —  зат алмасудың бұзылуы, семіздік, қант диабеті, қалқанша безінің аурулары, гипофиз, гипоталамус, гиперпролактинемия.

Екіншіден – жатыр түтікшелерінің бітелуі. Түтікшелердің бітелуінің себебі 40% жағдайда жыныстық жолмен берілетін хламидиоз болып табылады. Хламидиялар жатыр түтікшелерін  жабыстыратыны соншалық, тіпті олар іс жүзінде өз қызметін атқара алмай қалады.

Дайындаған: Нурпейсова Г.М.  Сагымбекова Б.

: