Жыл патриоттары марапатталды
Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан патриоттарының республикалық форумы өтті. Оған еліміздің атын әлемге танытып, қоғамға ерлік істерімен отансүйгіштікті дәріптеп жүрген белгілі қазақстандықтар, белсенді жастар мен танымал тұлғалар қатысты.
Асхат Оралов игі дәстүрге айналған форумға қатысушыларды мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды.
Одан соң министр «Жыл патриоты» атағын алған жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты. Биыл 12 номинация бойынша үздіктер анықталды.
«Мәдениет және спорт» номинациясында бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов және пианист Темірлан Бейсенбай «Жыл патриоты» атанды. «Білім және ғылым» бағыты бойынша биотехнолог, генетик Мақсат Жабағин және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова марапатталды. «Медицина и Волонтерлік» номинациясында дәрігер-хирург Мыңжылқы Бердіқожаев және волонтер Сұлтан Аллабергенов үздік атанды. Сүт өнімдерін өндіруші Алмагүл Айқан және ауылшаруашылығы маманы Вероника Салова «Ауылшаруашылық және өнеркәсіп» номинациясы бойынша марапатталды. IT саласының маманы Айболат Құлатай және EasyTap компаниясының басшысы Мағзұм Төлеш «Технология и Бизнес» саласының үздіктері деп танылды. «Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар» номинациясында донор Бекарыстан Аманжолов, кинолог Александр Адамбаев «Жыл патриоты» атағын иеленді.
«Мемлекеттік рәміздер халқымыздың, оның ішінде өскелең ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыратын мағынасы терең, мазмұны ерекше қастерлі белгілер. Ел мен халық игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген отандастарымызға құрмет көрсету маңызды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген әртүрлі кәсіп иелері: дәрігерлер, ұстаздар, ерікті жастар тағы басқа әлеуметтік топ мүшелері күнделікті жұмыстарын абыроймен атқарып, өз ісіне адалдығын көрсетуде. Бұл нағыз патриотизмнің үлгісі деп білемін»,— деді Асхат Оралов
ҚР МСМ Баспасөз қызметі