Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің студенттері Алматыда игі шара өткізді

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің студенттері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының жыл басында «Ана тілі» газетіне жарияланған мақаласын оқып, пікір алмасты.
Мемлекет басшысының үндеуіндегі «Мен түрлі жиындарда жастарымыз туралы жиі айтамын. Өйткені олардың болашағын ойлап, шын жүректен тілеулестік білдіремін. Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні», — деп жастарға қарата айтылған осы маңызды ойды қолдай отырып, жастарға артылған сенім мен міндетті атқару жолында биылғы жылды Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті «Өзін-өзі басқару жылы» деп жариялады.
Президенттің осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – қоғам мүшелеріне, әсіресе жастарға еңбек адамын құрметтеуді, мамандықтың үлкен-кішісі болмайтынын, әр еңбектің қоғамда үлкен сыйластыққа ие екенін түсіндірді.
Университет студенттері «Студенттік өзін-өзі басқару» жылы аясында еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік, т.б. құндылықтарды дәріптеу жолында бар күш – жігерін салады. Алғашқы игі шаралар «Еңбегім — мәртебем!», «Жастар энергиясы – игілікке!» атпен қала деңгейінде басталды. Шара барысында студенттер қаланың демалыс паркттерін қардан тазалап, парк аумағын қоқыстардан жинастырды. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі білім беру бағдарламасындағы студенттер ерекше рецепт-ізгі тілекпен пісірген тәтті тоқаштармен жұмысшыларға ыстық шәй ұсынды. Болашақ инженерлер арнайы тоқылған жылы қолғап, шарфтарын сыйлыққа тарту етті. Еңбек әрі сүйсіндіреді, әрі сыйлы етеді.