«AMANAT» партиясы халықты су басу қаупінен қорғау үшін жедел әрі кешенді әрекет етуді талап етеді

Ел аумағында 400 гидротехникалық нысан бар, олардың жарылу қаупі 530-дан астам елді мекенді су басуына әкелуі мүмкін. Бұл елді мекендерде 1,3 миллионнан астам адам тұрады. Мысалы, Астана қаласының қорғаныс бөгетін қайта жаңарту жұмыстары 2020 жылдан бері жүргізіліп келеді, алайда әлі күнге дейін аяқталмаған. Су тасқынына дайындық және гидротехникалық құрылыстардың жағдайы партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында талқыланды.
Бүгінде еліміз бойынша 1223 елді мекен су тасқыны қаупі бар аймақтарда орналасқан. Республика аумағында 1395 тірек гидротехникалық нысан бар, оның 564-і жөндеуді қажет етеді, ал 20-сы апаттық жағдайда тұр. Егер бұл нысандар қираса, 536 елді мекенді су басу қаупі туындайды, онда 1,3 миллионнан астам адам тұрады. Партияның қоғамдық қабылдауларына биылдың өзінде су тасқынына дайындық, бөгеттердің, су бұру арналардың және басқа да қорғаныс құрылыстарының жағдайына қатысты 100-ге жуық өтініш түсті.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев кейбір өңірлерде әлі де шешілмеген мәселелер бар және бұл өз кезегінде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін айтты.
«Атбасарда былтыр жарамсыз деп танылған су өткізу құрылыстарында әлі күнге дейін жұмыстар аяқталмаған. Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше жылдан бері Есіл өзенінің арнасын тереңдету жұмыстары жүргізілген жоқ. Мұндай мысалдар ел бойынша ондаған жерде кездеседі! Мәселе – ресурстың жетіспеушілігінде емес, бақылау мен жауапкершіліктің жоқтығында. Біз былтырғы су тасқынындағы жағдайдың қайталануына жол бермеуіміз керек», – деді ол.
Отырыста өңір әкімдері қысқа мерзім ішінде барлық жоспарланған су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыру үшін шұғыл шаралар қабылдауы тиіс екені айтылды. Ең алдымен, су бұру арналарының, арықтар мен дренаж жүйелерінің дайындығы қамтамасыз етілуі қажет. Су тасқыны қаупі бар елді мекендер толығымен қоршалып, судан қорғау шаралары күшейтілуге тиіс. Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев бұл мәселеде партиялық бақылау бекеттерінің тиімді жұмысы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Қауіпті жағдайдағы ең қорқынышты нәрсе – ол үрей. Үрей – ақпараттың жетіспеушілігінен туындайды. Біреулер жан-жаққа кетіп, зардап шегеді, ал біріккендер қауіптің бетін қайтара алады! Сондықтан әрбір бақылау бекетінің жетекшісі нақты белгіленген, жергілікті жағдайға бейімделген және ықтимал қауіптерді ескеретін тапсырмаға ие болуы керек. Сол кезде ғана бұл дұрыс басқару болады. Олай болмаған жағдайда, тапсыра құр сөз күйінде қалады», – деді ол.
Павел Казанцевтің айтуынша, негізгі проблемалар – гидротехникалық құрылыстардың тозуы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі, коммуналдық меншіктегі нысандарды күтіп-ұстауға жауапты ұйымдардың жетіспеуі. Бүгінде олардың саны 15-ке жеткенімен, өткен жылы небәрі 6 ұйым ғана болған.
«Қазгидромет» мәліметінше, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстары су тасқыны қаупі жоғары өңірлер болып саналады. Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Батырбек Әбдішев су тасқынымен күресу үшін 37 мыңнан астам жеке құрам, 13 мыңнан астам техника, 20 әуе кемесі, 4096 су сорғы және 640 жүзу құралы жұмылдырылғанын мәлімдеді.
«Зардап шеккен халықты эвакуациялау үшін 2250 техника дайын тұр. Жалпы, ТЖМ күштері мен құралдары жоғары дайындыққа ие. Жағдайға байланысты шұғыл шаралар қабылданады», – деді ол.
Отырыс барысында Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары елді мекендерді қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.
Комитеттің қорытындысы бойынша өңірлерге су тасқынына дайындықты жедел аяқтау, гидротехникалық нысандардың жағдайын қосымша тексеру, партиялық бақылау комиссияларының жұмысын күшейту және су тасқыны қаупі бар аймақтарда жағдайды бақылауды күшейту тапсырылды. Бұл жұмыстарға «AMANAT» партиясынан мәслихат депутаттары, волонтерлер мен қоғамдық белсенділер жұмылдырылуға тиіс.
«AMANAT» партиясы