Өңірлік экологиялық саммит – 2026 қорытындылары

Астанада Орталық Азиядағы экология және тұрақты даму мәселелерін талқылау үшін мемлекет басшыларын, қоғам қайраткерлерін, саясаткерлер мен зерттеушілердің басын қосқан Өңірлік экологиялық саммит өз жұмысын аяқтады.

22-24 сәуір аралығында Саммит аясында 58 негізгі сессия ұйымдастырылды, оның ішінде 21 жоғары деңгейдегі сессия және Орталық Азия мемлекеттерінің 4 елдік сессиясы бар. Үш күн ішінде іс-шараларға 8 000-нан астам адам келгені тіркелді.

Саммиттің пленарлық отырысында Орталық Азия елдерінің, Армения, Грузия, Моңғолияның Президенттері және Әзірбайжан Республикасының Премьер-министрі сөз сөйледі.

БҰҰ тарапынан Бас хатшының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, Бас хатшының орынбасары, ЮНЕП атқарушы директоры – Ингер Андерсен, Бас хатшының орынбасары және БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысы – Татьяна Молчан қатысты.

Саммитке Орталық Азия елдерінен, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Германия, Беларусь, Түркия, Италия, Қытай, Камбоджа, Сербия, Моңғолия, Хорватиядан, Жапония, Ауғанстан, Ресей Федерациясынан және басқа да елдерден экология ведомстволарының басшылары, сондай-ақ Орталық Азия мен өзге елдердің су шаруашылығы, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, энергетика, ағарту, қаржы салаларының басшылары қатысты.

Талқылаулар мен сессияларға ЕҚЫҰ, ЕО, ЭЫҰ, ИСЕСКО, ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ИӘБҒМҰ, АДБ, ЕҚДБ, ДБ, ЖКҚ, ИДБ сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері, шөлейттену, биоалуандылық,  химиялық заттар мен қалдықтар бойынша халықаралық конвенциялар мен келісімдердің хатшылықтары қатысты.

ӨЭС-2026-ның басты қорытындысы — Орталық Азия мемлекеттері басшыларының «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясының қабылдануы. Мемлекет басшылары биоалуандылық,  химиялық заттарды, қалдықтарды басқару және пластикпен ластануға қарсы күрес, атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, жердің тозуы мен шөлейттенуіне қарсы іс-қимыл бойынша келіссөздерді қоса алғанда, көпжақты экологиялық процестер аясында бірлескен өңірлік ұстанымдар мен шешімдерді әзірлеу бойынша күш-жігерді жандандыру ниетін растады, сондай-ақ негізгі халықаралық платформаларда Орталық Азия елдерінің шоғырландырылған ұстанымын ілгерілетуге уағдаласты.

Декларацияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасы көрініс тапты.

Бұдан бөлек, Декларация аясында Қазақстанның сирек кездесетін түрлерді және биоалуантүрлілікті қорғау халықаралық қорын құру, Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу, Халықаралық планетаны көгалдандыру күнін жариялау және Орталық Азияға арналған климаттың өзгеруі мен жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсе платформасында ынтымақтастықты іске асыру бастамалары қолдау тапты.

БҰҰ-мен серіктестікте өңірлік экологиялық бастамаларды іске асыру бойынша 2026-2030 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы қолдау тапты. Іс-қимыл бағдарламасына Экология және климат бойынша өңірлік инвестициялық портфель, Экологиялық қызмет нәтижелілігіне өңірлік шолу, Табиғатқа негізделген шешімдер бойынша негіздемелік құжат, Циркулярлық экономика бойынша серіктестіктің негіздемелік бағдарламасы, «Жасыл мектеп» өңірлік платформасы енгізілді. Бұл бастамалар стратегиялық серіктестердің қатысуымен ӨЭС сессияларында таныстырылды және сол арқылы алдағы бес жылға Қазақстан мен өңір елдерінің БҰҰ жүйесімен бірлескен нақты практикалық іс-қимыл жоспары қалыптасты. Осылайша, Саммит күн тәртібінің ұзақ мерзімді институционалдық және практикалық жалғасын растайтын қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыру үшін тұрақты негіз қаланды.

Саммитте бірқатар инвестициялық келісімдер мен стратегиялық серіктестік туралы меморандумдар қабылданды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім жасалды, оған сәйкес Алматы қаласында ЮНЕП-тің Орталық Азия бойынша субрегионалдық кеңсесі базасында Өңірлік экологиялық хаб құрылады.

ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында Қазақстанның энергетикалық ауысуының «QaJET» елдік инвестициялық платформасын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 2035 жылға дейін кемінде 10 ГВт жаңартылатын энергия көздері қуаттарын іске қосу, шамамен 20 млрд доллар инвестиция тарту және шығарындыларды жыл сайын 20 млн тоннадан астамға азайту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, «RES 2026 EXPO» жасыл технологиялар көрмесінің алғашқы күндерінде сомасы 2,3 млрд АҚШ долларынан асатын 17 құжатқа қол қойылды. Инвестициялардың негізгі көлемі ЖЭК-ті дамытуға, қалдықтарды басқаруға, өнеркәсіпті декарбонизациялау жобаларына және тыңайтқыштар өндірісіне бағытталған.

Қазақстанның бастамасымен Саммит аясында Халықаралық су ұйымын құру бойынша консультациялар процесі іске қосылды, оның қорытындысы бойынша жиынтық есеп дайындалады. Бұл есеп 2026 жылғы желтоқсанда Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі конференциясында нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында келіссөздердің келесі кезеңдері үшін нұсқаулық болады.

Су күн тәртібін нығайтуға жоғары деңгейдегі парламентаралық диалог елеулі үлес қосты. ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының қатысуымен Орталық Азия елдерінің парламенттері мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы арасында су ресурстарын басқару бойынша өзара іс-қимылды дамытуға, заңнаманы жақындатуға және трансшекаралық ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін ілгерілетуге бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспарын дайындауға бастамашылық жасалды.

Саммит сессиялары 8 негізгі бағытты ескере отырып өтті.

Бейіндік сессиялардың қорытындысы бойынша бірқатар практикалық уағдаластықтарға қол жеткізілді. Орталық Азия өңірінің елдері Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі өңірлік декларацияға қол қойып, Орталық Азиядағы экожүйелерді, сирек кездесетін түрлерді бірлесіп қорғауға, табиғи аумақтарды қалпына келтіруге және экологиялық дәліздерді дамытуға дайын екендіктерін растады.

Қазақстанның бастамасымен жердің тозуына және шаңды дауылдарға қарсы қорғаныс орман белдеулері мен жасыл тосқауылдардың өңірлік жүйесі ретінде «Орталық Азияның жасыл қалқаны» резолюциясына қол қойылды, орман екпелерін құруға арналған учаскелер анықталды.

Базель, Роттердам және Стокгольм конвенциялары хатшылығының жоғары деңгейде қатысуы химиялық заттарды реттеу және қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу мәселелеріне ерекше мән берді. Сонымен қатар, Қазақстанда Стокгольм конвенциясы бойынша Өңірлік орталық құру туралы ұсыныс айтылды, бұл Орталық Азияның химиялық қауіпсіздікті басқару саласындағы институционалдық әлеуетін нығайтуға, тиісті зертханалар құруға және халықаралық міндеттемелерді орындауға жасалған маңызды қадам болмақ.

Сондай-ақ, тараптар ФАО, IOFS және халықаралық серіктестердің қатысуымен ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыруды жеделдету және Рио-конвенцияларының синергиясын практикалық қолдану бойынша Жол картасын дайындау туралы келісті. Бастама агросекторды климаттың өзгеруіне бейімдеуге, жердің тозуымен, шөлейттенуімен және биоәртүрліліктің жоғалуымен күресуге бағытталған.

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялау туралы резолюция қабылдады.

ӨЭС тақырыптық сессиясының қорытындысы бойынша азаматтардың экологиялық волонтерлікке тартылуын арттыруға және Каспий маңы мен Арал өңірлерінің өзекті мәселелерін шешу бойынша бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыруға қосымша серпін беру мақсатында «Caspian Sea Action Week 2026», «Green Aral: Volunteers for Life» келісімдеріне қол қойылды. Сондай-ақ, Орталық Азияның барлық елдерінен келген жастардың диалогы өтіп, олар Саммит қатысушыларына оның тақырыптық бағыттары бойынша Бірлескен мәлімдеме дайындады.

Әлеуметтік саладағы маңызды нәтиже — Орталық Азия елдері мен ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының «Арал теңізі өңірінің сау болашағы» Жол картасын іске асыру бойынша бірлескен декларацияға, сондай-ақ экология, халық денсаулығы және тұрақты даму мәселелерін біріктіретін «Біртұтас денсаулық» тәсілін енгізу, мониторинг және бірлескен зерттеулерді дамыту бойынша бірқатар меморандумдарға қол қоюы болды.

«RES 2026 EXPO» халықаралық жасыл технологиялар көрмесі саяси декларациялардан нақты іс-қимылдарға тиімді көшуді қамтамасыз ету үшін өңір елдері мен серіктестердің басын қосты.

120 павильонда әлемнің 30 елінен 247 компания өз жетістіктерін ұсынып, 20 000-ға жуық қонақ үшін тікелей G2B-нетворкингін қамтамасыз етті.

Қорытындылап айтқанда, қол жеткізілген уағдаластықтар Астанадағы 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммиттің тек диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар күш-жігерді шоғырландыру, практикалық бастамаларды іске қосу және Орталық Азияның болашаққа бағдарланған бірыңғай экологиялық күн тәртібін қалыптастыру нүктесіне айналғанын растайды.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі