Астанада RES 2026 EXPO 2,3 млрд доллардан астам сомаға 17 меморандумға қол қойылды

Астанада RES 2026 EXPO көрмесінің ашылуында 2,3 млрд доллардан астам сомаға 17 меморандумға қол қойылды, бұл Орталық Азиядағы “жасыл” уағдаластықтардың ең ірі пакеттерінің бірі болды.

Өңірлік экологиялық саммиттің бірінші күні аясында мемлекет басшылары мен шетелдік делегациялар көрмеге біргеп қатысты. Қазақстан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттеріне және басқа да жоғары қонақтарға жасыл энергетика, табиғи ресурстарды басқару және орнықты даму саласындағы басымдықтарды көрсететін Орталық Азия мен Әзірбайжан елдерінің ұлттық павильондары ұсынылды.

Ашылу салтанаты алғашқы күннің ең өзекті де басты оқиғасына айналып, үкімет өкілдерін, халықаралық ұйымдар мен даму институттарын, сондай-ақ бизнес қауымдастығын бір арнаға тоғыстырды. Ауқымды шараға Орталық Азия елдерінің қоршаған ортаны қорғау министрлері, Италияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Green Climate Fund пен басқа да халықаралық құрылымдардың өкілдері қатысып, оның маңызын айқындай түсті.

Салтанатты жиынның ең маңызды сәті – экологиялық жаңғырудың негізгі бағыттарын қамтыған келісімдер пакетіне қол қою болды. Бұл құжаттар жаңартылатын энергияны дамыту, көміртек шығарындыларын азайтатын технологияларды енгізу, қалдықтарды қайта өңдеу, өндірісті тұрақты жолға қою және климаттық қаржыландыруды күшейту сияқты өзекті мәселелерді қамтиды. Солардың қатарында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Италия Республикасының Қоршаған орта және энергетикалық қауіпсіздік министрлігі арасындағы меморандум да бар.

Бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында Қарағанды облысында қуаты 500 МВт болатын жел электр станциясын салу жобасы бар, оның құны 645 млн АҚШ долларын құрайды, сондай-ақ жалпы қуаты 2 ГВт-қа дейін жететін жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар қамтылды. Маңызды бөлігін қалдықтарды қайта өңдеу, қоқыс өңдеу зауыттарын салу, күн және су энергетикасын дамыту бағытындағы бастамалар, сондай-ақ тұрақты авиациялық отын (SAF), көміртек нарықтары мен орман-климаттық шешімдер саласындағы жобалар құрады.

Қол қойылған келісімдер мен ұсынылған жобалар халықаралық инвестицияларды тартудың берік негізін қалыптастырып, «жасыл» технологияларды кең ауқымда енгізуге және Орталық Азия елдерінің тұрақты даму саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға жол ашады.

Бағдарламаның жеке бір бөлігі ретінде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың көрмеге баруы ұйымдастырылды. Экспозицияны аралау барысында министр өңірлердің, қазақстандық және шетелдік компаниялардың стендтерімен танысып, «жасыл» экономиканы дамытуға және ресурстық тиімділікті арттыруға бағытталған экологиялық жобалармен танысты.

Көрме озық технологиялар мен шешімдерді таныстыруға арналған ауқымды алаңға айналды. Экспозицияға 30 елден 240-тан астам компания қатысып, өнеркәсіп, энергетика, мұнай-газ секторы, машина жасау және экологиялық технологияларды қамтитын 120-дан аса павильон ұсынды.
Компаниялар өндірісті жаңғырту, ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу, энергия тиімділігін арттыру және зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған жобаларын таныстырды.

Атап айтқанда, тұрақты кен өндіру және шикізатты қайта өңдеу саласында Kazakhmys пен KAZ Minerals корпорацияларының шешімдері, мұнай-газ өндірісін экологияландыру бағытында Tengizchevroil ЖШС, North Caspian Operating Company және Karachaganak Petroleum Operating (KPO) жобалары, өнеркәсіпті жаңғыртуға бағытталған Eurasian Resources Group (ERG) бастамалары, экологиялық көлік саласындағы QazTehna компаниясының әзірлемелері, сондай-ақ ұлттық компания KazMunayGas жобалары ұсынылды.

Павлодар облысының кәсіпорындары өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және макулатурадан қағаз өндіру жобаларын таныстырды. Қызылорда облысы қалдықтарды қайта өңдеу мен оларды энергетикалық кәдеге жарату бағыттарын қамтитын айналмалы экономика саласындағы шешімдерін ұсынды.

Қарағанды облысы өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және суды тазартудың заманауи технологияларын көрсетті. Ал Ақтөбе облысының стендінде экологиялық стартаптар таныстырылып, соның ішінде пластик қалдықтарды 3D-баспаға арналған материалдарға айналдыратын «TazaPrint» жобасы ерекше назарға ұсынылды.

Визит қорытындысы бойынша министр ұсынылған жобалардың жоғары деңгейін атап өтіп, өңірлік бастамаларды кеңінен енгізудің экологиялық жүктемені азайту және тұрақты экономиканы дамыту үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.

23 сәуірде көрме аясында «Орталық Азияның жасыл трансформациясы» инвестициялық форумы өтті. Аталған іс-шараға 15-тен астам елден шамамен 200 қатысушы жиналды. Талқылаудың негізгі өзегін ең үздік қолжетімді технологияларды (ЕҚТ) енгізу, экологиялық реттеу жүйесін дамыту және «жасыл» шешімдерге деген сұранысты қалыптастыру мәселелері құрады.

Іскерлік бағдарламаға қоса, RES 2026 EXPO мәдени және инновациялық бастамаларға арналған алаңға да айналды. Көрме аясында халықаралық экологиялық кинофестиваль – ASTANA ECO FILM FESTIVAL өтті. Оған 6 елден 50-ден астам өтінім келіп түсті, олардың ішінен 15 фильм байқау бағдарламасына енгізілді. Жеңімпаздар қатарында: «Кура – өзендердің анасы» (Әзербайжан), «Жер мен Ай» (Өзбекстан, Әзербайжан), «Маңғыстау – Тетис мұхитының мекені» (Қазақстан), Homage to Water (Қырғызстан), «Күн мен судың балалары» (Түрікменстан), King of the Mountains (Тәжікстан) бар.

Сондай-ақ тұрақты сәнге арналған Green Runway Fashion Show көрсетілімі өтті. Бұл жоба Орталық Азия дизайнерлері мен халықаралық қатысушыларды біріктірді. Көрсетілімге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Әзербайжаннан төмендегі 9 дизайнер қатысып, өздерінің сән топтамаларын ұсынды:

Айдархан Қалиев, Қазақстан – «Жібек мұра» / «Шёлковое наследие» және Nomad Couture -«Көшпелі кутюр: гобелен және аң терісі»; Татьяна Воротникова, Қырғызстан – «Қызыл ою»; Хуршед Сатторов, Тәжікстан – «Шахнаме»; Лейли Хаидова, Түрікменстан – «Қарақұм шөлінің көктемгі бояулары»; Өзбекстан – «Жаңа көктем»; Гюльнара Халилова, Әзірбайжан – «Миниатюра» және «Апсайклинг»; Хамида Иноятова, Өзбекстан – «Арабески»; Руслан Имбергенов, Қазақстан – «Қайта түлеу»; Нафис Имранов, Тәжікстан – TAMADDOON.

Бағдарламаның жеке бір бөлігі ретінде Eco Startup Competition Central Asia 2026 өтті. Байқаудың Гран-при жүлдесін Қазақстандық Aua Line стартапы (негізін қалаушы – Иманғалиева Нармина) иеленді. Сонымен қатар, жеңімпаздар қатарында Қырғызстаннан Water Watch AI Plus, Өзбекстаннан Defuse-IT, Sirly және Organic Living жобалары болды.

Байқаудың жүлде қоры Гран-при иегері үшін 5 млн теңгені, ал финалистер үшін 3 млн теңгені құрады.

RES 2026 EXPO экология, инвестициялар және инновациялар саласындағы өңірдің негізгі алаңы ретіндегі мәртебесін тағы да дәлелдеп, 20 000-нан астам адам келді. Қазақстандық компаниялар, шетелдік делегациялар, халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдері көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және ұсынылған жобалардың тәжірибелік маңызын атап өтті. Көрме серіктестікті дамыту, «жасыл» шешімдерді ілгерілету және халықаралық ынтымақтастықты нығайту алаңы ретіндегі рөлін айқындай түсті.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі