Жетісу облысында спорттық инфрақұрылымның қолжетімділік деңгейі 64,1%-ға дейін өсті

Президенттің Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында Жетісу облысында балалар мен жастар спортын дамытуға ерекше назар аударылуда.

2022–2024 жылдар аралығында өңірде 30 жаңа спорт нысаны салынды, үш стадионға күрделі жөндеу жүргізілді. Халық үшін спорттық инфрақұрылымның қолжетімділік деңгейі 64,1%-ға жетті.

2025 жылға үш жаңа спорт нысанын салуға 1,3 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жұмыстар Алакөл және Қаратал аудандарында, сондай-ақ, Талдықорған қаласында жалғасуда. «Art Sport» бағдарламасы аясында 8 мыңнан астам бала спорт секцияларына тегін қатысуда.

Жалпы өңірде 292 мыңнан астам адам спортпен айналысады, олардың ішінде 36 мыңға жуық – балалар.

Қысқы спорт түрлері де дамып келеді. 7 бағыт бойынша 205 секция жұмыс істейді. Соның ішінде «Жетісу-Арена» мұз сарайында төрт қысқы спорт түрі бойынша қала және ауыл балалары жаттығуда.

Биыл облыс әкімінің қолдауымен алғаш рет «J-League» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында футболдан – «Былғары доп», волейболдан – «Шұбар доп», баскетболдан – «Алтын доп» жарыстарын өткізу жоспарлануда. Бүгінгі күнге жарысқа 887 команда тіркелді. Турнирдің салтанатты ашылуы 19 сәуір күні «Жастар» спорт сарайында өтеді.