Қолдан жасалған

Сахна сыртында, атаулары жазылған аяқ киім жұптары, жылтырата тазаланған етіктер мен көз тартарлық туфлилер орналасқан сөрелер арасында «Астана Опера» аяқ киім цехының ұжымы еңбек етуде. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбегі көрерменге көрінбейтін, алайда жасаған шебер дүниелерін сахна төрінде байқамау мүмкін емес жандарға айрықша назар аударылуда.

– Біздегідей аяқ киім цехын басқа жерден көрмедім, – дейді аяқ киім цехының меңгерушісі Майкен Сабырқызы Қадырова. – Қай жерге гастрольге барсақ та, маған меңгеруші ретінде басқаларда бұл жұмыс қалай ұйымдастырылғаны қызық еді. Қуанышқа орай, бізде шынымен толыққанды, жете жарақталған, ұйымдасқан цех бар. Басқа театрларда аяқ киім мүлдем басқаша сақталуы мүмкін.

«Астана Операның» аяқ киім цехы – театрдағы ең мұқият істердің бірі деуге болатын жұмыс сеніп тапсырылған алты шеберден тұратын ұжым, олар опера не балет болсын, ондаған спектакль үшін аяқ киімді қиыстырып, реттейді, сақтайды, жөндейді, тіпті бояйды. Шеберлер әртістерге сахнаға шығар алдында аяқ киім тапсырады, кейін ұқыпты жинастырып, зарарсыздандырады, кептіреді, тазалайды, содан кейін ғана сөрелерге орналастырады. Бәрі де қатаң номенклатура бойынша: әр спектакльдің өз сөресі бар, әр жұп өзіндік нөмірге ие. Бұл тәртіпке ғана емес, сондай-ақ ұжымның көру арқылы есте сақтау қабілетіне негізделген.

Театр үшін ең жұмсақ былғарыдан мәсілер, биік ұлтарақсыз жеңіл балет етіктері, сондай-ақ хор әртістері мен солистерге арналған ыңғайлы әрі көрнекті аяқ киімдер қолмен тігіледі. Айырмашылықтары өте көп: вокалистке арналған аяқ киімнің тақасы екі сантиметрге жетсе, балет әртісінде ол – флик, яғни аяқты еркін қимылдату үшін бір сантиметрден де аз болады. Кейде әртістер аздаған өзгерістер енгізуді – жасырын табан, сәл биігірек тақа жасауды сұрайды, бұл көркемдік тұжырымға қайшы келмесе, өтініштері ескеріледі.

Қиындық келтіретін процестердің бірі – балет аяқ киімін бояу үшін түс таңдау. Майкен Сабырқызы Мәскеуде кәсіби оқудан өтуді армандайтынын мойындады: – Түс – өте құбылмалы дүние. Бір реңк синтетикалық матада бір түрлі, ал мақта матада басқаша көрінеді. Түсін дәл келтіру үшін бояуды 2,5 сағат бойы араластыруым мүмкін. Себебі көркемдік тұжырымдаға сәйкес сахнада бәрі бір реңкте болуы тиіс.

Майкен Сабырқызы бұл кәсіпке 25 жыл бұрын келген. Ол кезде «театр аяқ киімшісі» деген мамандық болмаған, қазір де жоқ. Бар білім қолдан-қолға көшіп отырады. – Бізге келгендерге өзім үйретіп отырамын. Аяқ киімді жақсы көру керек. Бұл – үйдегідей күтім жасау, сақтау, тазалау.

Аяқ киім цехы жұмыскерлерінің өмірінде де айналысқан кәсіптерінің әсері сезіледі  – олар бір қарағаннан-ақ нағыз былғарыны арзан галантереядан ажырата алады, аяқ киімнің өрнектеріне, тігісіне, аяққа дәл келуіне бірден назар аударады.

Сахнада түрлі жағдайлар орын алады. Күндердің бір күні өзі жұмыс істеп жүрген К.Байсейітова атындағы опера және балет театрындағы премьерада әншінің аяқ киімінің өкшесі дәл сәндік саты үстінде жұлынып кеткенін еске алады. Мұны ол ғана байқап қалған еді. – Жан ұшыра орнымнан атып тұрдым, зал бойымен жүгіріп өтіп, цехқа жеттім, алмастыратын аяқ киімді тауып алып, әртісті гримдеу бөлмесінің қасында күтіп тұрдым. Осының бәрін ол өз ариясын аяқтағанға дейін үлгердім.

Майкен Сабырқызының сүйікті спектакльдері де бар: «Ақшақар мен жеті ергежейлі» – онда кейіпкерлердің аяқ киімдері ертегідегідей, олар оны өздері жетілдірді – поролоннан дайындалған тұмсықтары бар, былғарымен қапталған, жеңіл әрі тартымды. Ал «Күлбике» балетінде – сән көрсетіліміндегі биік дизайнерлік саптама етік.

– Театрлық қолөнер шеберлігін шын көңілмен ұнату керек, – дейді Майкен Сабырқызы. – Аяқ киім цехы таза жер емес, десе де адам бұл мамандықты жанындай жақсы көрсе, онда қолынан бәрі келеді. Ал сахна мен көрермендер әртістің нық басқан әрбір қадамы неге соншалықты сенімді екенін бірден түсінбесе де, мұны міндетті түрде сезінеді.