Отандық өндірісті дамытуға қатысты ұсыныстар бәсекелестікті дамыту туралы заңға енгізілуі мүмкін

 Қазақстан Республикасының «Бәсекелестік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасына отандық азық-түлік өндірушілерін қолдауға бағытталған бірқатар ұсыныстарды енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастамаларды Қазақстанның азық-түлік саласындағы салалық одақтар әзірлеген. Қазіргі уақытта заң жобасы жұмыс топтарында талқыланып жатыр және ол қаңтар айында Мәжіліске бірінші оқылымға енгізіледі деп күтілуде.

Аталған ұсыныстар ішкі нарыққа импорттың қысымы күшейіп отырған жағдайда әділ бәсекелестік ортаны қалыптастырудың маңызды құралына айналмақ. Соңғы жылдары Қазақстанда отандық өндірушілердің ЕАЭО елдерінен, әсіресе Ресей мен Беларусьтен келетін жеткізушілермен тең емес жағдайда қалу үрдісі жиілеп отыр. Мұның себептері кешенді сипатқа ие және, ең алдымен, өндірістік қуаттардың тарихи қалыптасқан бөлінісімен байланысты. Аталған елдерде азық-түлік өнеркәсібі әу бастан, яғни кеңестік кезеңнің өзінде шикізат базасы, логистикасы және қуатты өңдеу кәсіпорындары дамыған ірі жүйе болып қалыптасқан. Бұл мұра бүгінге дейін ауқымды өндірісті қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар Ресей мен Беларусь өндірушілері өз елдерінде ауқымды мемлекеттік қолдауға ие: субсидиялар алады, түрлі жеңілдіктер мен шығындарды өтеу тетіктері қарастырылған. Осы факторлардың жиынтығы сауда желілері үшін импорттық өнімді анағұрлым тиімді етеді, соның салдарынан сауда сөрелеріндегі отандық өнімнің үлесі азайып барады.

Сарапшылар Қазақстанда «сұр» импорттың да бар екенін атап өтеді. Мұндай өнімдер көп жағдайда сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, сондай-ақ салық және кедендік реттеу нормаларын бұза отырып әкелінеді. Бұл жағдай экономиканың сыртқы жеткізілімдер мен шетел валютасының бағамына тәуелділігін күшейтіп, бюджет кірістерінің төмендеуіне әкеліп соғады.

«Біздің пікірімізше, отандық өндірушілер импортпен әділетсіз бәсекелестік жағдайында қалып отыр және бұл ахуал күн санап ушығып барады. Сондықтан салалық одақтармен пысықталған түзетулер блогын бәсекелестікті дамыту туралы заң жобасына енгізу мүмкіндігін алдық. Қазір бұл ұсыныстар пакеті мемлекеттік органдармен белсенді түрде талқыланып жатыр. Заң жобасы біздің түзетулерімізбен бірге Мәжілістің бірінші оқылымына алдағы уақытта шығарылады деп үміттенеміз», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.

Ұсыныстар қатарында ірі сауда желілерінде ретробонустарға толық тыйым салу, қазақстандық өнімге сауда сөрелерінен басым орын беру, сондай-ақ ұлттық бөлшек саудада отандық тауарларды өткізуге кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға бағытталған шаралар бар. Салалық одақтардың мәліметінше, түзетулерді талқылау оңайға соғып отырған жоқ. Себебі Қазақстан ДСҰ мен ЕАЭО аясындағы міндеттемелермен байлаулы, бұл ішкі нарықты қорғаудың тікелей тетіктерін әзірлеуді едәуір қиындатады. Соған қарамастан, өндірушілер құқықтық тұрғыдан дұрыс әрі тиімді шешімдер табу қажет екенін алға тартып отыр.

«Мемлекеттік органдардың алаңдаушылығын түсінеміз, өйткені көптеген шектеулер халықаралық келісімдермен реттеледі. Алайда мәселе әбден пісіп-жетілді: отандық өндірушілер жылдар бойы сауда сөрелеріндегі өз орнын жоғалтып келеді, ал нарықта өз елдерінде мемлекеттік қолдауы жоғары импорт басымдық ала бастады. Бірлескен жұмыс халықаралық міндеттемелер аясында қазақстандық қайта өңдеушілер үшін тең бәсекелестік жағдайын қамтамасыз ететін тұжырымдарды әзірлеуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деп атап өтті «Қазақстанның ет өңдеу кәсіпорындары қауымдастығы» атқарушы директорының орынбасары Юлия Нам.

Бастапқыда қазақстандық азық-түлік өндірушілері өз елдерінде ауқымды мемлекеттік қолдауға ие ірі импорттаушылармен салыстырғанда тең емес жағдайда қалып отыр. Ал баға жағынан бәсекеге ашық нарықта түсуге мәжбүр. Осындай теңсіздік сауда сөрелерінде импорттық тауарлардың үлесінің артуына әкеліп отыр. Қазақстан Президенті де қыркүйектегі Жолдауында импорттың басымдыққа ие болуын ұят жағдай деп атауы бекер емес. Сауда желілері үшін импорттық өнімдерді сату анағұрлым тиімді, өйткені олардың маржасы жоғары. Алайда тамақ өнеркәсібі салалық одақтарының альянсы мұндай үрдіс ұлттық экономика үшін аса қауіпті деп есептейді. Себебі бұл сыртқы факторларға тәуелділікті күшейтіп, тұрақсыздықтың одан әрі тереңдеуіне алып келеді. Сонымен қатар импорттық өнімдермен бірге шетелдік инфляция да «импортталады», ал оның деңгейі Қазақстандағы инфляциядан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Қалай болғанда да, импорт – отандық экономика үшін минус. Өйткені импорттық өнімдерден түсетін негізгі салықтар өз елдерінде төленеді, ал Қазақстан қазынасына тек жанама салықтар ғана түседі.

Осы саладағы жағдайды жақсартудың ең маңызды қадамдарының бірі – бәсекелестікті дамыту туралы заңның жаңа редакциясын қабылдау болуы тиіс. Ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған ұсыныстардың бір бөлігін Қазақстанның тамақ өнеркәсібі салалық одақтары әзірледі. Сала өкілдерінің пікірінше, заңнамалық шешімдер қабылданбаса, нарық тұрақтылығын одан әрі жоғалта береді. Ауқымды бюджеттері мен мемлекеттік қолдауы бар Ресей және Беларусь холдингтері баға қысымын қалыптастырып отыр, мұндай жағдайда қазақстандық өндірушілердің бәсекеге түсуі қиын. Сондықтан Қазақстанға бәсекелестік еркіндігін шектемей, өз нарығын қорғап, отандық өндірушілердің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін дұрыс әрі салмақты шешімдер қабылдау қазір аса маңызды.

«ЕАЭО елдерінде өз өндірушілерін қорғау жүйелері қалай жұмыс істейтінін көріп отырмыз, соның ішінде сауда сөрелеріндегі отандық тауарлардың ең жоғары үлесін белгілеу тәжірибесі бар. Мәселен, Беларусь елінде сауда кәсіпорындары өз өндірушілерінің өнімдері үшін сөрелердің 85%-на дейін орын беруге міндетті. Ресей соңғы жылдары ішкі нарықты, оның ішінде ЕАЭО елдерінен келетін импорттық өнімдерден қорғау жүйесін жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Бұл ретте тікелей реттеуші тосқауылдар мен жанама әкімшілік тетіктерді ұштастыруға басымдық берілген. Аталған механизмдер іс жүзінде шетелдік тауарлардың бөлшек сауда желілеріне қолжетімділігін шектейді. Еуропа елдері де ішкі нарығын импорттық өнімдерден негізінен реттеу, субсидиялар мен стандарттар жүйесі арқылы қорғайды. Сонымен қатар онда «өнімдік патриотизм» дамыған және ол кеңінен насихатталады. Нәтижесінде, мысалы, Германия өзін азық-түлікпен шамамен 80%-ға жуық деңгейде қамтамасыз етеді. Ал Венгрияда 10 ірі сауда желісінің сөрелеріндегі өнімдердің шамамен 70,85%-ы отандық компаниялар өндіретін тауарлар. Франция Еуроодақтың Ортақ ауыл шаруашылығы саясаты (CAP) аясында жоғары субсидияларды белсенді түрде қорғайды, ал Польша санитарлық және ветеринарлық тексерулерді пайдалана отырып, арзан импорттан ішкі нарықты қорғап келеді. Мұның барлығы ашық дереккөздерден алынған ақпарат, мұндай мысалдарды әрі қарай да жалғастыруға болады. Қазақстанға да сауда сөрелерінде отандық өнімнің тұрақты түрде болуын қамтамасыз ететін тетіктер қажет», – деп атап өтті Салалық одақтар альянсында.

Салалық бірлестіктердің пікірінше, азық-түлік өндірушілерін қолдау – бұл тек адал бәсекелестікті қамтамасыз ету мәселесі ғана емес, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан стратегиялық маңызы бар бағыт.