Air Astana Наурыз мейрамын жаңа борттық мәзірмен және мерекелік жаңалықтармен қарсы алады

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен қатар келген Ораза Айт мейрамының қарсаңында Air Astana ұлттық әуе компаниясы Sandyq қазақ тағамдары мейрамханасымен бірлесіп, өз жолаушыларына жаңа борт тағамдарын ұсынады.
Күнтізбедегі қатардағы мереке емес, ерекше мәні бар, маңызы тереңде жатқан мейрамды әуеде де сезінуге болады.
Компания мерекеге орай жай ғана мәзір жаңартып қоймай, тұтас атмосфера құруға кіріскен. Ұлттық нақыштағы тағамдар, қазақ музыкасы, кино және визуалды элементтер бәрін біріктіріп, ұшақ салонын шағын мәдени кеңістікке айналдырады. Бұл жолы мәзір Sandyq мейрамханасымен бірлесіп әзірленген, ал тағамдарды дайындауға Алматыдағы ACS және Астанадағы QCS цехтары ат салысқан.
Борттағы ас мәзірі нағыз гастрономиялық саяхат қана емес, ұлттық құндылықтарға құрметтің белгісі. Жолаушыларға қазақша ет, қымызға пісірілген қой қабырғалары, «Қымыз қабырға», көкөніспен ұсынылатын «Бұқпа» секілді дәстүрлі әрі авторлық тағамдар ұсынылады. Ал мерекенің басты нышаны ретінде наурыз көже таңдалған. Әуе компаниясы мұнымен шектелмей, екі класс жолаушыларына да қазақтың ұлттық тәттілерін ұсынуды жоспарлаған.
Бұл шарада тек жаңа мәзірді таныстырып қана қоймай, сондай-ақ компанияның жаңалықтары айтылды. Питер Фостер мырза өз сөзінде жаңа мәзір мен Алматы-Шанхай бағыты сияқты жаңа маршруттардың іске қосылуы компанияның миссиясымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Ал компанияны басқару тізгінін енді қолға алатын Ибрагим Жанлыел мырза бұл ойды жалғастырып, жолаушы тәжірибесінің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әр жолаушы ұшаққа отырған сәттен бастап өзін үйдегідей жайлы сезінуі керек, ал шетелдік қонақтар қазақ мәдениетін дәм, музыка және визуал арқылы танып-білуі тиіс. Қазақстанды тану, салт-дәстүр мен мәдениетпен танысу ұшақтағы қызметтен басталатынын сөзге тиек етті.
Кәсіпкер Кәсіпкер Сырымбек Тау:
«Air Astana мен Sandyq сияқты екі брендтің күш біріктіруі өте қуанышты әрі маңызды қадам. Ұлттық әуе компаниясының мәзірінде қазақтың дәстүрлі тағамдарының ұсынылуы – бұл жай ғана қызмет емес, бұл мәдениетімізді әлемге танытудың жарқын үлгісі»

Мерекелік жаңалықтар тек ас мәзірімен шектелмейді. KC TV борттық жүйесінде жаңа маусым басталып, саяхат пен гастрономияға арналған бейнематериалдар, подкасттар және әлемдік киножаңалықтар қосылған. Контент арасында блогер Yuji Beleza қатысқан жобалар да бар.
“Наурыз – Қазақстандағы ең маңызды және сүйікті мерекелердің бірі, жаңару, қонақжайлық пен бірліктің нышаны. Біз үшін жолаушылардың осы мерекенің ахуалын ұшу кезінде де сезінуі маңызды. Сондықтан да біз ұлттық тағамдармен арнайы борттық мәзір дайындап, ойын-сауық контентін жаңартып, жолаушыларымызға мерекелік сыйлықтар дайындадық. Осындай бастамалар арқылы біз еліміздің меймандарын қаз ақ мәдениетімен таныстыруға және саяхатты бұдан да жағымды әрі есте қаларлық етуге тырысамыз”, – деп атап өтті Air Astana-ның борттық қызмет көрсету бойынша вице- президенті Елена Обухова.
Ал бизнес-класс жолаушылары үшін мереке ерекше сыйлықтармен толыққан: Uly Dala брендінің хош иісті сабыны және Moschino мен TEMPLESPA серіктестігімен жасалған жаңартылған жол жиынтықтары ұсынылады.
Салондағы қызғалдақ бейнелері, безендірілген жастықтар мен бас тірегіштер бәрі де бір мақсатқа қызмет етеді: жолаушы ұшақта отырып-ақ Наурыздың жылуын сезінуі үшін жасалған.
Осылайша, Air Astana әуе компаниясы тағы бір рет өзінің тек тасымалдаушы емес, Қазақстан мәдениетінің жаһандық амбассадоры екенін дәлелдеуге тырысып отыр.
Ғазиза Ұзақ



