Қазақстан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы семсерлесуден әлем чемпионатында тарихи медаль жеңіп алды

Бразилияда өтіп жатқан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы семсерлесуден әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Жайлыбай Нұрмұхаммед қылышпен жекелей сында қола жүлдесін жеңіп алды.
Бұл – Қазақстан тарихындағы осы жас санаты бойынша әлем чемпионатында жекелей сында алған алғашқы жүлде.
Бұған дейін қазақстандық спортшылар жүлдеге бір табан жақындаған еді — Артём Саркисян мен Бақдәулет Құралбекұлы тұғырға сәл жетпей қалған болатын. Енді Қазақстан әлем біріншілігінің жүлдегерлері қатарына енді.
Нұрмұхаммед турнирді FIE рейтингі бойынша 25-ші нөмірмен бастап, барлық кезеңдерде сенімді әрі жоғары деңгейдегі семсерлесу шеберлігін көрсетті.
Жартылай финалда қазақстандық спортшы Еуропа чемпионы және FIE рейтингінің бірінші нөмірі — түркиялық YAMAN Furkan-мен кездесіп, тартысты бәсекеде 13:15 есебімен жеңілді.
Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті, Азия семсерлесу конфедерациясының вице-президенті Мирбулат Әбуов:
«Жастарымыздың жүлдерлері мені қатты қуантады. Бұл — кездейсоқ нәтиже емес, бұл жүйелі жұмыстың нәтижесі. Оның негізінде мемлекет, федерация және спортшылар арасындағы тиімді байланыс жатыр. Бүгінде біз нәтижені жасөспірімдер деңгейінде, барлық жас санаттарында және қарудың барлық түрлері бойынша көріп отырмыз. Бұл — біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың басты көрсеткіші», — деді.
Жайлыбай Нұрмұхаммед өз әсерімен бөлісіп:
«Әлі күнге дейін жүлдегер атанғаныма сене алар емеспін — бұл сөзбен жеткізе алмайтын сезім. Ең қиын жекпе-жек жартылай финалға шығу үшін болған кездесу еді: қысым көп, ой да, күту де көп болды. Ең бастысы — сол күйді жеңе білу, және мен соны жасай алдым. Нәтижеге өте қуаныштымын», — деді.
Жайлыбай Нұрмұхаммед жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында жекелей сында жүлде жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы атанды



