«Қыпшақ қызы Аппақ» операсы қалай жасалуда

«Қыпшақ қызы Аппақ» операсының әлемдік премьерасына дейін санаулы апта қалды. Көрермендер афишаны тамашалап жатқан шақта сахна сыртында жұмыс қыза түсуде. Театр цехтарына барып, сызбалардан, металл мен маталардан жаңа ұлттық опера қалай жасалып жатқанын көрейік. Бұл толығымен бірегей туынды екенін атап өтуіміз керек. Оның музыкасын арнайы «Астана Опера» үшін заманауи қазақстандық композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар жазды.
Бутафор цехында желім мен бояу иісі шығады. Суретші-бутафор Азамат Кизиров жақын арада сахнада пайда болатын қорғаныс құралдарын көрсетті. – Біз «Аппақ» спектакліне дайындалудамыз. Міне, осындай қалқандар жасадық, – дейді ол шеберхана ішін аралата жүріп. – Мұнда 40 үлкен қалқан және пішіні дөңгелек 24 кішірек қалқан бар.
Цехтың бір бұрышында бутафорлар жасаған қозы тұр, оны шынайы қозыдан ажырату мүмкін емес. Сыртын жасау үшін табиғи тері пайдаланылған, ал ішінде қатты шереден жасалған каркас бар. Аяқтары жеке-жеке қиып алынып, кейін сырттары қапталыпты. Мұнда да пенопласт секілді түрлі материалдар қолданылған екен.
Шеберлер үстел үстінде қамырды жайып, тәбет ашатын жұқа нандарды дайындауда. Алайда оларды жеуге болмайды, өйткені бұл жұқа нандар матадан жасалып, іштеріне синтетикалық мамық салынған. Олардың жанында папье-маше әдісі бойынша әзірленген дулығалар кептірілуде. Металл секілді көрінуі үшін әрі қарай олардың сырттарын бояйды. Жауынгерлер үшін 24 маска да осында дайындалуда.
Цехтың тағы бір бұрышында күтпеген жәдігерді көзіміз шалды. – Қаза болған сарбаздарды көрдіңіз бе? – деп сұрады Азамат Кизиров мүсіндерді көрсете отырып. Олар шайқас даласындағы сарбаздардың денелеріне ұқсатылып жасалған. Оларды сахнаға шығаруға болады. Мүсіндер пенопластан әзірленіп, сырттары жұқа папье-машемен қапталған және матамен оралған.

Цехтағы жұмыс өткен жылдың соңынан бері қайнап жатыр, дегенмен оның аяқталуына шамалы уақыт қалды. Бутафор қойылымның өте ауқымды екенін мойындады. Оның айтуынша, қылыштар әлдеқашан дайын болған, ал қазір белбеулер мен сауыттарды жасау жоспарда тұр.
Кейде шеберлерге тарихи кітаптарға үңіліп, нағыз зерттеу жұмысын бастауға тура келеді. Олар тарихқа толықтай бойлау үшін материалды оқып, зерделейді.
– Жұмысымыз қызықты болғандықтан біз әрдайым жақсы көңіл күйде жүреміз, – дейді Азамат Кизиров. – Әрбір қойылымның көз тартарлық тұсы бар, осы спектакльде біз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың сызбалары бойынша жұмыс істеудеміз. Маған бұл мамандықтың ұнайтын тұсы – біз үнемі жаңа дүние жасап шығарамыз, сондықтан мұнда ештеңе қайталанбайды. Осыған дейін қаншама ұлттық спектакльге бутафорлық заттарды жасасақ та, әрқайсысының өзінің жаңалығы мен қолтаңбасы болады. Дәуірлері мен тақырыптары әртүрлі болғандықтан қолданылатын заттар да сан алуан болып келеді. Аға дәнекерлеуші Қанат Ахметов қалпына келтіру-өңдеу цехында XII ғасырдағы тұрмыстық жиһаздар ретінде көрінетін конструкцияларды жасауда. Мұнда үлкен кереует тұр, ал оның жанында сызбалар жатыр. Конструкция толығымен ағаштан жасалып, арнайы станокта кесілген ұсақ элементтермен толықтырылған.
Бұдан сәл әрірек жерде тақ тұр, ол да кереуетпен бірдей тәсіл бойынша дайындалған. Сондай-ақ жақын маңда дөңгелектері бар конструкцияны көзіміз шалды. Аппақты туған жерінен осы торға отырғызып алып кетеді. Ал анау бір жерде дайын құдық тұр. Әрбір конструкцияны жасауға темір немесе алюминий сынды түрлі металл қолданылады.
– Жұмыс қайнап жатыр, – деп әңгімеледі Қанат Ахметов. – Барлығын жасап үлгеруіміз керек. Кейде металлды дәнекерлеп болғаннан кейін цехтың төбесінде бұлт түзілгендей болады, бірақ бізде оны кетіретін қуатты ауа сорғышымыз бар, бұл арнайы желдеткіш құралдар тұманды лезде сейілтеді.

Тігін цехында тәртіп салтанат құрған: әрбір қызметкер өз міндетін нақты біледі. Цех меңгерушісі Айжан Шаукенова өте көп костюмді көрсетті. Қазір шеберлер жеті жендет пен 44 баланың костюмін дайындауда. Қыздарға ұзын етекті көйлектер, ал ұлдарға шалбар, жейде, желетке тігілуде, бұдан бөлек барлығы үшін бас киімдер әзірленіп жатыр.
Хор негізгі әскер болмақ, ал балет үшін тігілетін костюмдер бұдан сәл аздау. Солистер қатты көп болмағандықтан, негізгі салмақ көпшілік әртістерге түседі.
– Бас киімдер көз қызықтырады, әрбіреуінің жиектері лентамен көмкерілген, мұнда безендіру жұмыстарына көп уақыт кетеді, – деп пікірін білдірді Айжан Шаукенова. – Ерлердің костюмдерінде белбеулер өте көп, сауыттар да бар, барлығы сондай әртүрлі.
Костюмдердің кейбір бөліктерін тігіншілер бутафор цехымен бірлесіп жасауда. Мәселен тігін цехы батыр сауытының алғашқы нобайын бутафор цехына береді, ал олар сауыттың үстін былғарымен қаптап, металл бөлшектерді қосады. Маска мен сауыттың бөліктерін де бутафор цехының шеберлері әзірлейді.
Сауыттар цехтың ерекше мақтанышы болып табылады. Олар сырт көзге ауыр металл тәрізді көрінгенімен, шын мәнінде бұл мата. Әртістер оның сыртынан ұсақ шығыршыққа ұқсас тағы бір негізгі детальді киеді. Бір қарағанда ол темір сауытқа ұқсаса да, оның салмағы аз. Келесі матаға сызықтар бастыра тігіледі, бұл да сырт көзге тоқыма секілді көрінеді, көлем беру үшін ішіне синтепон салынады. Бұл сауыттар өте шынайы болып шыққанымен, сахнада әртістің еркін қозғалуына еш кедергі келтірмейді.
Костюмдерді дайындау барысында шұға, жаккард секілді түрлі маталар қолданылады. Түстік гамма алтын, қоңыр, терракота реңктерін қамтиды. Жібек мата әйелдердің костюмдерін тігу үшін ғана қолданылады. Хикая соғыс жайлы болғандықтан ерлер костюмдерінде материалдар анағұрлым ауыр.
– Мұндағы киімдер негізінен қыпшақ (қазақ) үлгісінде пішілген. Маталары мен өрнек салу тәсілдері ғана сәл өзгешелеу болмаса, негізгі стилистика сақталған, – деп түсіндірді цех меңгерушісі.
«Қыпшақ қызы Аппақ» операсы қазірдің өзінде, премьераға бірнеше апта қалғанда-ақ өзінің ауқымдылығымен таңғалдыруда. Дайындық залдарында да айрықша атмосфера орнады. Қойылымның музыкалық жетекшісі Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин атап өткендей, премьераның дайындығы зергердің жұмысын еске салады. – Қоюшы режиссер Михаил Панджавидзе драмалық негізге түзетулерді асқан ұқыптылықпен енгізуде, ал мен өзімнің ұзақ жылдық тәжірибеме сүйене отырып, режиссурамен үйлесімділікте мінсіз дыбыстауға қол жеткізу үшін музыкалық материалды ыңғайлап жатырмын. Бұл үздіксіз шығармашылық ізденіс пен композиторлармен ақылдасу процесі «операның нағыз қозғалтқышы» іспетті. Өміршең спектакліміз осынау тыңғылықты жұмыстың нәтижесі болмақ, – деп атап өтті Абзал Мұхитдин.
Әртістер сахнадан кетпей, сағаттап дайындалуда. Аппақ партиясын орындаушы театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ қыпшақ халқының қызы Аппақтың бейнесін сомдау – ата-баба рухы алдындағы зор жауапкершілік екенін айтты. – Сара, Ажар немесе Айсұлу болсын, осыған дейін орындаған әрбір кейіпкерім – мен үшін үлкен мектеп болды, алайда Аппақ нағыз емтиханға айналды десем, артық айтқаным емес. Ол ұлттық опералардағы дәстүрлі кейіпкерлерге мүлдем ұқсамайды. Оның бойында бір-бірімен үйлеспейтін қасиеттер таңғажайып түрде тоғысқан. Иә, ол әкесінің махаббатына сусындап өскен ерке де мінезді қыз болуы мүмкін. Бірақ тұтқынға түскен бойда осы нәзік қыз бір сәтте есейіп шыға келеді. Оның бойында ол өзі ешқашан білмеген қасиеті – нағыз қайсарлық оянады. Мен үшін ең қиыны осынау жауынгер қыздан Низамидің жанындағы нәзік әрі аяулы қалыңдыққа өтетін жолды табу болды. Осы рөл үшін маған мүлдем жаңа дағдыларды меңгеруге тура келді, мәселен қылыштасу өнері – мен үшін өте қызықты әрі ерекше тәжірибе. Аппақ мені жан жақты болуға итермелейді, оған сол үшін ризамын, – дейді Бибігүл Жанұзақ. – Спектакль бойы Аппақ сахнадан кетпейді. Ол көрерменнің көз алдында сатқындықты бастан кешіріп, алауыздықтың куәсі болады, жақындарын жоғалтады, бірақ сонда да сынбайды. Осынау көрген барлық қайғы-қасіреті үшін оған сый ретінде махаббат беріледі. Және соңында қару емес, дәл осы махаббат жеңіп шығады. Сахнаға шыққан сайын біз көрерменнің жүрек қылын қозғауға тырысамыз. Көпшілік ата-бабамыздың рухы – еркіндік лебін, жусанның иісі мен тарихтың қасіретті соқпақтарын жан-тәнімен сезінетініне шын жүрегіммен сенемін. Операның негізгі идеясы қатыгездік пен қантөгіс ешқашан жақсылыққа апармайтынын, ол тек жаңа соғысқа жол ашатынын аңғартады. Махаббат қана осы түйінді шеше алады. Көрермендер залдан «күш – кешірімде, ал шынайы ұлылық – ештеңеге қарамай сүйе білуде екен» деген оймен шыққанын қалаймын, – деп әңгімеледі Бибігүл Жанұзақ.

Оның ғашығы Низамидің партиясын бірнеше орындаушы дайындауда. Осы ретте Рамзат Балакишиев өз кейіпкері XII ғасырдағы поэзияның алып тұлғасы екенін атап өтті. – Ол мәңгілікке әзербайжан халқының кемеңгер ұлы болып қала береді. Оның поэзиясы – адамгершілік, сыршылдық пен таңғаларлық ішкі еркіндіктің синтезі. 880 жылдан астам уақыт өтсе де, ол әлі күнге дейін әзербайжан мәдениетінің басты құндылығы саналады. Осы данышпанның бейнесін сомдау үшін бүгін мен сахнаға шығуым керек. Бұл қиын екенін мойындаймын, өйткені оның қалай қозғалып, қалай сөйлегенін ешкім нақты білмейді. Алайда Низамидің өлеңдеріне қарап, оның қара ниетті адамдарды жақтырмағанын, жағымпаздарды жанына жуытпағанын, жүрегі таза, адал әрі парасатты адам болғанын түсінесің. Менің міндетім – оның мейірімділігін және сонымен бірге адамдарға деген махаббатпен ұштасқан қайсар мінезін көрсету. Оның жеке махаббат хикаясы қыпшақ қызы Аппақ болды. Өзіне сый ретінде берілген Аппаққа күш көрсетуге оның дәті жібермеді. Ол қызға еркінен тыс үйленгісі келмеді, бірақ өзінің мейірімділігімен Аппақтың жүрегін жібіте білді. Мұндай махаббат мың жылда бір рет қана болады. Біз сахнада мимика, дауыс, музыкалық мәтінмен жұмыс істейміз. Дайындық барысы күрделі болғанымен біз үшін қызықты. Режиссер Михаил Александрович бізден нотаға дұрыс түсуді ғана емес, сонымен қатар бейнеге жанымызды салуды, оны барынша шынайы сомдауды талап етеді. Сахнаға шыққан кезде келбетің, көзқарасың және әрине вокал – барлығы маңызды. Операның тілі өз алдына бір тақырып, әзербайжан тілі өте жұмсақ. Сондықтан мені тыңдайтын көрермен әзербайжан ұлтының өкілі қазақша ән шырқап жатқанын білуі үшін партияны қазақ тілінде орындағанда оны сәл жұмсартып әндетемін. Осылайша тыңдармандар түркі әлемі мәдениетінің бірігуіне куә болады. Шыны керек, қатты қобалжудамын, дегенмен операдан тым болмаса бір адам қуанып шықса, бұл менің де жеңісім болар еді деп ойлаймын. Спектакліміз көпшілікке ұнайды және біздің ортақ түркі әлеміміздің үні сегіз ғасырдан кейін де бір тілек, бір ниетпен асқақтай түседі деген үміттемін, – деп қорытындылады Рамзат Балакишиев.
Көп ұзамай көрермендер залында музыка қалықтап, көпшілік Ұлы дала қызының тағдырына куә болады. Сіз бен біз театрға келіп, спектакльден ой түюіміз үшін сахна сыртында осы операны бөлшектеп жинап, біртұтас дүниеге айналдырған жүздеген адам тілеулес болып тұрады.




