«АНА КЕРЕК, О, АДАМДАР, АНА КЕРЕК АДАМҒА»…

Нағашы атамыз Ахметқазы мен сегізінші сыныпта оқып жүргенде елу сегіз жасында қайтыс болды. Қазан айы болатын. Алматының ауа-райы да алабұртып, күздің бір сүреңсіздеу кезеңі басталған тұс. Үйдің іші абыр-сабыр.  Ақсуатқа ата-анам, бауырым Эльдар бәрі шұғыл аттануға қамданып жатты. Үлкендердің өзара кеңесінен соң мен қалада қалатын болдым. Жеңгем Бағлан мен еңбектеп жүрген баласы Ерасылға демеу болып, жандарында болғанымды ұйғарған сыңайлы.

Нағашы ағаларым мен апайларымның да естері кіресіл-шығасылы. Асқар тауларынан айырылу оңай ма. Сонда Ахметқазы атамыздың кіндігінен тараған сегіз перзентінің тұңғышы, өзімнің анам Райхан ғана жинақы, сабырлы көрінді. Жылап отыруға уақыт та тығыз еді. Қызыл орамалын басына  шарт түйген күйі жолға шығып кетті.

Он шақты күн жеңгем, нағашымның кішкентайы үшеуміз үйде болдық. Мен мектепке барып келемін де, сабағымды оқыған болып бөлмемнен шықпаймын. Томсырайып, сопайып отырып ас ішкендей боламыз. Ақсуатта нендей жағдай болып жатқанынан мүлдем хабарсызбыз.

Келді-ау әйтеуір. Жүздері сынық, бәрі шаршаңқы. Эльдар қабағын түйіп алыпты. Ес білгелі нағашы атасының қолында өскен бауырыма атадан айырылу қатты әсер еткенін түйсіндім. Киімін шешер-шешпес төсегіне етпетінен құлады.

Ал шешем қонақ бөлмесіндегі диванның бір шетіне жайғасты да, жолға шығарда басына тартқан қызыл орамалын шешіп барып жүрек жарасын жаспен жуды-ай келіп. Ағыл-тегіл, еңкілдеп тоқтай алмай жылады. Жанына барып жұбатататын да сөз таппай, босағаға сүйеніп, басым салбырап тұрмын. Сосын кілт тоқтады да орамалын қайта түйіп үй шаруасына кірісіп кетті.

Бұл сурет жадымнан мәңгі шықпайды. Сол сәтте анамның соншалықты еңсесі түсіп, қатты қиналғанын алғаш көрген екем. Сосын мықтылығына қайран қалдым. Өзге інілері мен сіңілілері сынды талып жатса қыруар шаруаны кім атқарады. Өмірден ерте кеткен әкесінің соңғы сапарын тап-тұйнақтай қылып өтеп келіп жылағанына іштей разы  да болдым.

Райхан Ахметқазықызы – анам ғана емес, мектептегі алғашқы ұстазым. Біз оқыған Алматыдағы Попов атындағы 92-ші орыс орта мектебінде алғаш қазақ сыныбын ашып, үлкен қайраткерлік жасаған тұлға. Бірақ онысын көп ешкім ескере бермейді. 1991 жылы қаланың қақ ортасындағы көне білім мекемесінен қазақ сыныбын ашуы біле білген адамға жоғары деңгейдегі қайраткерлік шынында. Біраз уақыттан кейін тағы бір сынып ашты. Біз де, кейінгі сыныптың ұл-қыздары да сол жерде он жыл оқып, аттестат алды.   Алайда өзі ешқашан атақ пен марапаттың соңынан жүрген жоқ. Оқытты, ата-аналар мен оқушылары құрметтейтін ұлағатты ұстаз бола білді. Әрине еңбегі де ескерілмей қалды деуге келмейді. Аудан, қала, министрліктен алған алғыс хаттары, төсбелгілері бар. Соған шүкір.

Есесіне екі ұлын ел қатарынан қалдырмай өсірді. Екеуміз де еңселі оқу орындарын тәмамдадық. Грантқа іліге алмай, төрт жыл бойы ақылы бөлімде білім алдық. Киіміз де қалтамыз да бүтін, қарнымыз тоқ. Үйленген кезімізде де қызыл орамалын шарт түйіп алып іске кіріскен. Тойымызды жасады. Әбден аяқтанып кеткенше қолдау білдірді. Қырықтан ассақ та қолында бар қаржысын қалтамызға тығып, қонақта отырсақ астың дәмдісін алдымызға ысырады.

Осындай анамның барына Аллаға мың мәрте тәубе деймін. Немерелері де апаларын ерекше жақсы көреді. Тіпті кішіректері бір-бірінен қызғанып, таласып та қалады. Бір кемпірге таласып не көрінді деп күлеміз. Алайда көңілді шаттық кернейді. Бауырым екеуіміз де шал мен кемпір бауырында өсіп әлі күнге өз шешемізді «Мама» деп көрмегенбіз. Ұл-қыздарымыз апалап тұрғанда қалай қуанбайсың.

Әулетте ең үлкені болғасын бүкіл бауырдың жайын ойлап отырады. Туыстарының торқалы тойы, топырақты өлімдерінің бірінен қалмауға  тырысады. Зейнетке шықса да мектептен қол үзгісі келмей, қазақ тілі мен әдебиет пәнінен әлі де сабақ беріп жүр.

Сол бір тоқсаныншы жылдардың аумалы-төкпелі кезеңінде Алматыдағы жатаханалардың біразын мекен еттік. Олар әдетте мектептеп алыс. Таң атпай, екі автобус ауыстырып жөнелеміз. Сол жолмен кешке қалғып-мүлгіп кері қайтамыз. Кіре салып, тамақ әзірлеп, жұмыстан келетін күйеуін күтіп бәйек болады. Менің үй жұмысымды қадағалап, өзінің бітпейтін сабақ жоспарын реттеп, түн ауғанша дәптер тексереді. Киімімізді үтіктеп, бәрін ояна салып киіп кететіндей әзірлейді. Аяқ киім жуады да жатады. Күнде сол. Бір бөлмелі жатаханада тұрсақ та адам арылмайды. Келімді-кетімді кісі көп. Туыстар, әкемнің әріптестері, достары күн ара мейман болатын кең заман. Пейіл даладай болғанымен, бөлме тар. Сол аядай бір бөлмеде адам күтеді. Бір қызығы келген қонақтың бәрінің аяқ киімін тап-таза етіп жуып, майлап қояды. Кейін ойласам үйіне келген әр кісіге көрсеткен жоғары құрметі екен ғой. Өзінің, бауырлары мен балаларының амандығы, жетістігі, кейіннен кең сарайдай баспанаға қол жеткізуіміз сол мол қонақтың тілегінен де шығар.

Анасын тым мақтай беріпті ғой деп сөкпеңіздер. Сарт та сұрт мінезі де жоқ емес. Қажет кезінде кімнің болсын екі аяғын бір етікке тығады. Есесін құр жібермейтін, ойын тайсалмай айта алатын, өзіне жарасымды болмысы да бар. Ақсуаттықтар айтпақшы «мәймөңкелеп» отырғанды онша ұнатпайды. Онысы көп ешкімге жақпауы да мүмкін ғой. Алайда ондай мінезі болмаса өмірінде кездескен қаншама қиындықты жеңіп шыға алар ма еді.

Қайтымы жылдам. Бұрқ-сарқ қайнап ашуланады да, біраздан кейін бір әуенді ыңылдап ас бөлмесінде манты жасап жатады.

Айтпақшы нағашы апамыз Ләтипа да бұл фәниден ерте көшті. Алпыс-ақ жасында. Ол кезде мен жиырмадамын. Ақсуатқа тағы бара алмадым. Өйткені өз келіншегімнің айы, күні жақындап босанғалы отырған. Үлкендердің кеңесінен кейін үйде қалатыным белгілі болды.

Апамыз Алматыда қайтыс болып, жұрт мәйітті ауылға апаруға қамданып жатқан. Қайрат ағаның Жомарт бастаған жолдастары көлік дайындап, Талғат ағаның Алғабастағы үйінде жиналдық. Шуылдаған жұрт. Есеңгіреген туыстар. Сол сәтте атам қайтқандағы сәт есіме түсті. Шешем езіліп, еңсесі түсіп отырған жоқ. Қызыл орамалын шарт түйініп, іске кірісті. Ақсуаттан келген соң қонақ бөлмесіндегі диванның бір шетіне жайғасып, орамалын шешті де тура әкесі қайтыс болған кездегідей ағыл-тегіл жылады.

Айтар, жазар дүние көкірегімде сайрап-ақ тұр. Бірақ анамызға деген құрмет пен ілтипатты сөзбен жеткізу мүмкін еместей тайсақтай беремін. Құдай ғұмыр берсе әлі де жазамын деп өзімді жұбатқандай боламын. Біздің қазір де көп ештеңеге алаңдамай, алшаң басып жүргеніміз сол кісінің амандығынан деп білемін. Анасы жоқ адамдар қаталдау сияқты көрінген кездерде Төлеген ақынның: «Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда», – дейтін өлеңі еске түседі.

Райхан Ахметқазы немерелерінің тойында төрге жайғасып, ортада билеп, жарқырап жүрсе. Алматы мен Астана, Алматы мен Ұзынағаш, Алматы мен Сарышаған, Алматы мен Ақтау, Ақтөбе, Ақсуат, Семейді, өзге де қалаларды, әлемді шарлап ұзақ ғұмыр сүрсе. Шөбере сүйіп, соларға мантысын түйіп, өбектеп отырса, шіркін…

Бұл біздің басты арман, тілегіміз.

Мирас МҰҚАШ