Сандар сөйлейді, жүйе сезеді: Жетісудың цифрлық архитектурасына журналистік зерттеу

Талдықорғанның қақ ортасында, ахуалдық орталықтың үлкен экранында секунд сайын цифрлар алмасып жатыр. Қала аяғынан тік тұрғандай, тіршілік ағыны тоқтаусыз. Дәл осы сәтте, осы монитордың арғы жағында кімнің тағдыры шешіліп жатыр екен?   

Бүгінде жасанды интеллект, цифрландыру деген сөздер трендке айналды. Бірақ осы суық терминдердің артында шын мәнінде не тұр? Олар есеп  беру  үшін  жазылатын  әдемі  баяндама  ма, әлде адам өмірін арашалап жатқан шынайы қалқан ба?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында цифрлық технологиялар уақытша үрдіс емес, мемлекеттік басқарудың басты векторы болуы тиіс деп шегелеп айтты. Осы міндетті басымдыққа алған Жетісу облысы бүгінде үлкен бір эксперименттің алаңына айналды. Біз бұл жүйенің ішіне кіріп, сандардың артындағы адами келбетті зерттеп көрдік.

Медицинада «алтын уақыт» деген қатал ұғым бар. Әсіресе, инсульт келгенде. Әрбір өткізіп алған минут – адам өмірінің бір бөлшегінің өлуі. Бұрын аудан орталығындағы немесе шалғай ауылдағы науқастың томография суретін облысқа, немесе Алматыға жіберіп, білікті маманның жауабын күткенше сағаттап уақыт кететін. Көз алдыңда жақының сөніп бара жатқанда, ол уақыт мәңгіліктей көрінеді.  Ал, қазір Жетісудың 16 медициналық мекемесі бірыңғай PACS телерадиологиялық жүйесіне қосылған. Ол диагностика секунд ішінде қашықтан жасалады деген сөз. Бірақ ең үлкен жаңалық бұл емес. Облыс таяу күндері CerebraAI жасанды интеллект технологиясын енгізбек. Бұл жүйе адам миының зақымданған тұсын дәрігердің көзінен бұрын, алғашқы деңгейде-ақ тауып, дәл диагнозды шығарып береді.

Бұл жай ғана бағдарлама емес. Ертең үйіне өз аяғымен аман-есен оралатын әкенің, перзентінің қызығын көретін ананың сақталған өмірі. Технологияның басты миссиясы –  Жетісудағы өлім-жітім көрсеткішіне араша түсу.

Екінші мәселе –  әрдайым халықтың ақшасы, яғни бюджет. Мектепке дейінгі ұйымдардағы «өлі жандар» яғни, іс жүзінде бармайтын, бірақ қағаз жүзінде тіркелген балалар мәселесі жылдар бойы елдің бас ауруы болып келді. Осы саңылау арқылы миллиондаған қаржының желге ұшып келгені жасырын емес.

Жетісу бұл мәселенің тамырына балта шапты. Талдықорғандағы 16 мемлекеттік  және 50 жекеменшік балабақшаға E-Zhetysu QR жүйесі енгізілді. Енді ата-ана  баласын  күнделікті ұялы телефон арқылы, QR-кодпен белгілейді. Бала келмеді ме? Мемлекеттік қаржыландыру сол күнге автоматты түрде тоқтайды. Көз бояушылыққа орын жоқ. Қазір бұл жобаны бүкіл облысқа кеңейту жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар, «Әлеуметтік әмиян» жобасына 100 мектеп қосылды. Бүгінде облыс тұрғындарының 98%-дан астамы мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай, электронды форматта алады. i-Jetisu және SmartGeoHub жобалары арқылы қалалық процестер ашық алақанға салғандай көрініп тұр. Бұл бюрократия мен «бармақ басты, көз қыстыға» қойылған нүкте.

Үшінші мәселе – қала қауіпсіздігі. Әрбір ананың түнде үйіне кешігіп келе жатқан баласы үшін уайымдамауы. Биыл Талдықорған мен Текелі қалаларында бет-бейнені танитын (Face Recognition) 87 интеллектуалды камера орнатылды. Облыстық маңызы бар автожолдарға 34 аппараттық-бағдарламалық кешен 220 камера қойылса, Алакөл жағалауына тағы 30 камера қойылды.

Камералар жай ғана түсіріп тұратын таспа емес, құқықбұзушылықты сезетін, оқыс оқиғаларды жедел тіркейтін  тірі көз. Болашақта тағы 5 200-ден астам бейнебақылау камерасы бірыңғай жүйеге интеграцияланбақ. Тұрғындардың  бұл жүйеге сенімінің бір дәлелі –  жыл басынан бері «Қызмет 109» бірыңғай байланыс орталығына 10 мыңға жуық өтініштің түсіп, олардың жедел шешілуі.

Төрінші бағыт – ең қауіпті аймақтар.  Талдықорғанда көріну деңгейі төмен, жаяу жүргіншілерді жиі көлік қағатын қауіпті учаскелерге видеоаналитикасы бар ақылды жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылуда. Жүйе жол жиегінде адамның тұрғанын өзі сезіп, бағдаршам сигналын автоматты түрде реттейді. Күту уақыты қысқарып, апат қаупі айтарлықтай азаяды.

Журналист ретінде мені ең қатты толғандырғаны – қала мен ауыл арасындағы теңсіздік еді. Ауыл баласының білім алу мүмкіндігі қаладағы құрдастарынан кем болмауы тиіс. Бүгінде облыстағы барлық 315 мектеп 100%  интернетке қосылған. Бірақ географиялық күрделі аймақтарда тек қана кабельге сеніп отыру мүмкін емес еді.

Жетісу бұл мәселені былай шешті: 204 мектеп – талшықты-оптикалық байланыс желісімен (ТОБЖ), 43 мектеп – әлемдік деңгейдегі Starlink спутниктік жүйесімен, 68 мектеп – радиокөпір арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді.

Иә, облыстағы 356 елді мекеннің 340-ы интернетпен қамтылғанымен, сапа тұрғысынан әлі де түйткілдер бар. Бірақ зерттеу көрсеткендей, өңір қол қусырып отырған жоқ.

«Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында қалған 16 ауыл 2027 жылдың соңына дейін толық қосылады. Бұдан бөлек, 158 ауылға ТОБЖ тарту, 15 шағын ауылда OneWeb станцияларын орнатып, қоғамдық Wi-Fi енгізу жоспарланған. Ал Талдықорғанда 42 бірлік 5G базалық станциясының жұмыс істеуі – өңірдің цифрлық жылдамдық бойынша көш басында келе жатқанын дәлелдейді.

Осы алып цифрлық архитектураны кім жүргізеді? Әрине, жастар. Өңірде ашылған «Jetisu Digital» аймақтық IT-Hub орталығында қазірдің өзінде 2000-нан астам жас заманауи оқудан өтті. Олар ертеңгі күні облыс экономикасын алға сүйрейтін жаңа буын мамандары.

Журналистік зерттеуіміз көрсеткендей, Жетісу облысындағы цифрландыру  жай ғана жоғары жаққа есеп беру үшін жасалған науқан емес. Бұл шалғай ауылдағы баланың заманауи білімге деген қолжетімділігі, балабақшадағы ақшаның тазалығы, Талдықорған көшесіндегі бейбіт өмір және ең бастысы – аурухана төсегінде жатқан науқастың аман қалған жүрегі. Сандар сөйлеп, жүйе сезіп тұрғанда, Жетісудың цифрлық болашағы сенімді қолда екеніне көз жеткіздік.

Арайлым НҰРЖАПАР