Еркеш Шакеев «91-23» кітабына қатысты іс бойынша кассацияда жеңіске жетті

Кассациялық сот материалдық және процессуалық құқық нормаларының елеулі бұзылғанын анықтап, апелляциялық қаулының күшін жойды. Енді бұл іс соттың басқа құрамына қайта қарауға жіберілді.
Отандық және шетелдік орындаушыларға арналған жүздеген туындының авторы, қазақстандық композитор Еркеш Шакеевтің бұрын бас тартылған «91-23» кітабына қатысты іс бойынша екі сот актісінің күші жойылды. 2026 жылы 16 шілдеде Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот композитордың шағымын қанағаттандырып, заңсыз сот актісінің шығуына әкеп соқққан материалдық және процессуалық құқық нормаларының елеулі бұзылғанын анықтай отырып, апелляциялық сатыдағы қаулының күшін жойды. Шешім іске қатысушыларға 2026 жылғы 23 шілдеде жіберілді.
Кассациялық сот автордың алғашқы екі сот сатысы қабылдамаған дәлелдерін тыңдай келе, бұрынғы сот актілерін заңды өрескел бұза отырып оларды шығарылған деп таныды. Іс бұзушылықтарды жою және сараптама тағайындау туралы тікелей нұсқаумен бірге соттың басқа құрамында қайта қарауға жіберілді.
Істі төрағалық етуші судья А. З. Қайырбеков, судьялар М.Т.Қадырова және Н. С. Хан қарады (іс № 6003-26-00-2к/1240, Астана қаласы). Талап қоюшының мүддесін адвокаттар – Әнуар Айтмурзин, Светлана Писарева және Жәңгір Шалекенов қорғады.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор, ақын, орындаушы Еркеш Көкенұлы Шәкеев 2025 жылдың көктемінде жарық көрген «91-23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабының басылымында өзінің жеке мүліктік емес авторлық құқықтарының бұзылғанын айтып, «Батырхан Шүкенов атындағы қор» қоғамдық қорына және «Меломан Home Video» ЖШС-не қарсы талап-арыз берген.
Еркеш Шәкеевтің сөзінше, кітапта оның шығармалары автор ретінде көрсетілмей және келісімінсіз жарияланған, ал кейбір туындыларының атауы бұрмаланып берілген.
Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2025 жылғы 13 тамыздағы шешімімен талап-арыз қанағаттандырылмады, ал Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы 2025 жылғы 28 қазанда бұл шешімді қолдады. Алайда кассациялық сот төменгі сатылардың қорытындыларымен келіспей, 2026 жылғы 16 шілдеде апелляциялық қаулының күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.
Кассациялық сот істің заңды өрескел бұзушылықтармен қаралғанын мойындап, автордың ұстанымын тікелей қорғайтын қорытындылар жасады:
– Шығарманың атауы авторлық құқықпен қорғалады. Ол
шығарманың өзімен тең дәрежеде дербес қорғау объектісі болып табылады.
– Автордың аты құқығы әрқашан өзінде қалады. Автор шығарманы пайдалану құқығын басқа тұлғаға берген жағдайда да, автор ретінде танылу және шығарманың тұтастығын қорғау құқығы өзінде қалады;
– Сот арнайы мәселені өз бетінше шешуге құқылы емес. Тараптар бір-біріне қайшы келетін мамандардың қорытындыларын ұсынды. Мұндай жағдайда сот сараптамасын тағайындау қажет еді. Алайда бірінші сатыдағы сот арнайы ғылыми білімі бола тұра, өз бетінше филологиялық-лингвистикалық қорытынды жасады.
– Іс бойынша жиналған дәлелдемелер тараптардың уәждерін растау
немесе жоққа шығару үшін жеткіліксіз.
Қорытындылардың құқықтық негіздері: «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңның 6-бабының 3-бөлігі және 15-бабының 3-бөлігі, Берн конвенциясының 6.bis бабы, Азаматтық процестік кодекстің 82-бабының 1-бөлігі.
Істі қайта қарау кезінде апелляциялық сатыдағы сотқа тараптарға өз ұстанымын қорғау үшін тең мүмкіндіктер жасау, іс бойынша кешенді филологиялық-лингвистикалық және зияткерлік (авторлық) құқық сараптамасын тағайындау, туындаған қайшылықтарды анықтап, заңды да негізделген шешім қабылдау міндеттелді.
Кассациялық соттың нұсқаулары істі қайта қарап жатқан сот үшін міндетті болып табылады. Мәні бойынша дау әлі шешілген жоқ: авторлық құқықтың бұзылған-бұзылмағаны жаңа апелляциялық қарау барысында анықталуға тиіс.
Композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
Еркеш Шакеев өз құқықтарын қорғауды жалғастыруға ниетті екенін жеткізді:
«Бұл әділдікті бағалайтын жандар үшін жақсы жаңалық деп ойлаймын, өйткені бұл прецедент тек маған ғана емес, өз ісіне тән шығармашылық әрі эмоционалдық қиындықтармен қатар, тұтынушылар мен коммерциялық құрылымдар алдында өз құқықтарын қорғауға мәжбүр болатын еліміздегі барлық шығармашылық иелеріне қатысты. Бүгін менің басымнан өтіп жатқан жағдай келешекте авторларға өз мүдделері мен туындыларын батыл қорғауға септігін тигізеді деп сенемін.
Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын жандардың барлығын құттықтаймын! Ал болашақ сыйластықтан, ар-намыстан, қадір-қасиеттен және, әрине, отандастарымыздың құқықтарын құрметтеу сияқты қарапайым нәрселерден басталады. Авторлық құқықты сақтау – өзара сыйластықтың іргетасы әрі қоғамның кемелдігінің белгісі. бұл әркім үшін аксиомаға айналуы тиіс»
Сонымен қатар сотқа жүгіну композитордың қызы Меру Көкен де бастамашыл болды:
«Кейде авторлардың аты-жөнінің болмауы тек дизайн немесе басылым форматының салдары ғана деген уәж айтылады. Бірақ егер ойлап қарасақ, коммерциялық кітаптың ішінде «біз тыңдауға кеңес беретін тректер» рухындағы тізімдер жарияланған кезде бұл шығармалар кітаптың өзінің құндылығына айналады. Әнді мәдени феномен ретінде шын жүректен ұсынып, сонымен бірге оны автор ретінде көрсетуді «артық» ақпарат деп санау қисынсыз. Бұған келісетін шығарсыздар. Тарихты шынайы сақтап қалу оны жасағандарды ұмытуға негізделе алмайды»
Айта кетейік, бұл іс заңнамадағы өзгерістер аясында қаралуда. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді, оның 23-бабында зияткерлік меншікті қорғау нақты бекітілген. 2025 жылғы 4 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында масс-медиада немесе онлайн-платформаларда авторлық құқық объектілері болып табылатын туындыларды кез келген көпшілік алдында пайдалану кезінде автордың атын көрсету міндеті белгіленді.
Аталған нормалар авторлық құқық туралы заңнаманың даму сипаттамасы ретінде келтіріліп отыр және осы іс бойынша қойылған талаптардың негізі болып табылмайды.
Кассациялық сатыдағы талапкердің өкілі Ануар Айтмырзин былай атап өтті:
«Бұл шешім тек осы іске ғана қатысты емес. Ол автордың жеке мүліктік емес құқықтарының дербес сот қорғауына жататынын және мұндай дауларды қарау кезінде сот авторлық шарттың мазмұнына, мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтардың ара-жігіне, шығарма атауының құқықтық табиғатына және автордың келісімінсіз шығармаға өзгеріс енгізудің шектеріне құқықтық баға беруге міндетті екенін растайды».
Әріптесін Еркеш Шәкеевтің екінші өкілі Жәңгір Шалекенов те қолдайды:
«Бұл іс тек автор үшін ғана емес, зияткерлік меншік саласындағы бүкіл заңгерлік тәжірибе үшін маңызды. Басты мәселелердің бірі – бірінші сатыдағы соттың Қазақстан заңнамасында көзделмеген Fair use қағидатын қолдануы. Бұл кейбір шетелдік құқықтық жүйелерде бар, алайда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген. Дәл сол үшін кассациялық соттың ұстанымы ерекше құндылыққа ие: сот тәжірибесі ұлттық құқықта белгіленбеген институттарды көшіріп алу арқылы емес, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы негізінде қалыптасуы тиіс. Істің жаңадан қаралуы авторлардың жеке мүліктік емес құқықтарын қорғау және авторлық құқық туралы заңнаманы қолданудың бірыңғай тәжірибесін қалыптастырудағы маңызды кезең болатынына сенімдімін».
Айта кетейік, істің ашық әрі объективті қаралуын қамтамасыз ету мақсатында Еркеш Шакеевтің отбасы арнайы delo9123.com сайтын іске қосты. Онда бірінші сатыдағы сот шешімінен бастап кассациялық сот қаулысына дейінгі барлық құжаттар жарияланған. Материалдар кәсіби заңгерлер мен журналистердің пайдалануына ашық әрі ешқандай шектеусіз қолжетімді.


