«38. Соңғы нүкте»: Семей орманының қасіретінен туған фильм

2023 жылы Семей орманын шарпыған алапат өрт Қазақстан тарихындағы ең ауыр табиғи апаттардың бірі ретінде ел жадында қалды. Қызыл жалынмен арпалыс кезінде қызметтік борышын өтеп жүрген 15 орман қызметкері қаза тауып, бұл қайғылы оқиға күллі жұртшылықтың қабырғасын қайыстырған еді. Сол қасіреттен шабыт алған «38. Соңғы нүкте» атты драмалық фильм-катастрофа биыл көрерменге жол тартады.

Фильм 2026 жылдың 3 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі. Туынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысы бойынша түсірілген.
Фильмнің өзегі – табиғат апатының ортасында қалған орманшылардың тағдыры. Күнделікті қызметін атқарып жүрген бір топ маман аяқ астынан тұтанған өрттің құрсауында қалады. Бір сәтте бақылаудан шыққан жалын олардың өмірін ғана емес, тағдырын да өзгертеді.

Алайда картина табиғаттың тосын мінезін ғана суреттемейді. Оқиға өрбіген сайын кейіпкерлердің әрқайсысы өз қорқынышымен, өткен өміріндегі шешімдерімен және ар алдындағы жауапкершілігімен бетпе-бет келеді. Осылайша фильм көрерменді «адам өмір мен өлімнің арасында қалғанда қандай таңдау жасайды?», «нағыз ерлік деген не?» деген сауалдарға жауап іздеуге жетелейді.
Туынды нақты тарихи оқиғаларды сол қалпында қайталамайды. Авторлар 2023 жылғы қайғылы жағдайды шығармашылық тұрғыдан қайта зерделеп, көркемдік шешімдер арқылы жаңа оқиға желісін құрған. Сондықтан фильмдегі кейіпкерлер мен оқиғалар нақты адамдардың өмірбаянын көшірмейді, олар авторлық интерпретация негізінде жасалған.

«38. Соңғы нүкте» – табиғи апат туралы ғана емес, адам мен табиғат арасындағы күрес, жауапкершілік, достық, отбасы құндылығы және сын сағаттағы адамдық қасиет жайлы шығарма. Картинада апаттың ауқымы ғана емес, адамның рухани беріктігі, өмірдің шынайы құны мен әрбір шешімнің салдары да алдыңғы қатарға шығады.

Фильмнің продюсері – Нұржігіт Хайдар, режиссері – Төребек Бейсебаев. Сценарийін Нұржігіт Хайдар мен Мақсат Жұмахан жазған. Қоюшы оператор – Асылхан Мелдебеков, қоюшы суретші – Олжас Алменов.

«38. Соңғы нүкте» – апаттың ауқымын көрсетумен шектелмейтін, көрерменді адам өмірінің қадірі, азаматтық борыш пен ерліктің мәні туралы ойландыруды мақсат еткен туынды. Фильм 2023 жылғы Семей орманындағы алапат өрт кезінде қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан орман қызметкерлерінің рухына арналады.




