Seva – қоғамға қызмет ету: Үндістанның мемлекеттік жауапкершілік туралы идеясы

2026 жылдың 7 қазанында Нарендра Модидің мемлекеттік қызметтегі жолына 25 жыл толады. Үндістанда бұл дата “Seva – қоғамға қызмет ету” ұғымымен сабақтастырыла атап өтілуде. Алайда бұл мерейтойды бір саясаткердің жетістіктері аясында ғана қарастыру міндетті емес. Seva ұғымы мемлекеттік қызметтің мәні, даму нәтижесінің адамға жетуі және технологиялық жаңғырудың қоғам игілігіне қызмет етуі туралы әлдеқайда кең мәселені көтереді.

Үндістанда seva сөзі соңғы уақытта жиі айтылып жүр. 2026 жылдың маусымында бұл ұғым Oxford English Dictionary сөздігіне енді. Алайда оның мағынасы Үндістан үшін жаңалық емес. Seva үнді өркениетінің терең мәдени және рухани дәстүрімен байланысты. Бұл тек қайырымдылық жасау немесе біреуге көмек көрсету дегенді білдірмейді. Оның астарында өзгеге қызмет ету, жауапкершілік, қарапайымдылық және қоғам игілігі үшін әрекет ету түсініктері жатыр.

Биыл Үндістанда дәл осы ұғым Нарендра Модидің мемлекеттік қызметтегі 25 жылдығын сипаттайтын негізгі ұғымдардың біріне айналды.

Саяси жолдан қоғамға қызмет ету идеясын қарастырайық. 2001 жылдың 7 қазанында Нарендра Моди Гуджарат штатының бас министрі қызметіне кірісті. Осыдан кейінгі ширек ғасыр оның Үндістанның саяси өміріндегі ең ықпалды тұлғалардың біріне айналуымен ерекшеленді. 2014 жылдан бері ол Үндістан үкіметін басқарып келеді.

Нарендра Моди BRICS саммитінде жаһандық басқару жүйесін реформалауға шақырды

2026 жылы Үндістанның биліктегі Bharatiya Janata Party партиясы Модидің мемлекеттік қызметтегі 25 жылдығына арналған шараларды seva ұғымымен байланыстырып отыр. 17 қыркүйекте басталған Seva Sankalp Abhiyan ұлттық науқанының ұраны – Jan Seva Se Desh Seva, яғни «Халыққа қызмет етуден – елге қызмет етуге дейін» деген мағынаны білдіреді.

Бұл жерде бір нәрсені ажыратып алған маңызды. Seva – қазіргі саяси науқан үшін ойлап табылған ұғым емес. Оның тамыры Үндістанның әлдеқайда көне мәдени дәстүрінде жатыр. Ал Модидің 25 жылдық мемлекеттік қызметін осы ұғым арқылы бағалау – қазіргі саяси дискурстың интерпретациясы.

Сондықтан бұл атаулы күнге тек «25 жылдағы жетістіктер» тұрғысынан қарамай, одан да кеңірек сұрақ қоюға болады: “Мемлекеттік қызмет дегеніміз не және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі қалай өлшенуі керек?”

Seva ұғымына жақын үнді қоғамдық-саяси ойындағы маңызды түсініктердің бірі – Antyodaya. Оның өзегінде қоғамның ең осал, әлеуметтік және экономикалық мүмкіндігі шектеулі мүшелерінің жағдайын жақсартуға басымдық беру идеясы жатыр.

Мұндай көзқараста мемлекеттің тиімділігі тек экономикалық өсіммен немесе ірі инфрақұрылымдық жобалардың санымен өлшенбейді. Маңызды сұрақтардың бірі: “Даму нәтижесі қоғамның ең әлсіз топтарына дейін жете алды ма?”

Үндістан өз әлеуметтік-экономикалық саясатындағы өзгерістерді бірқатар көрсеткіштермен негіздейді. Үндістанның NITI Aayog институтының деректеріне сәйкес, көп өлшемді кедейлік деңгейі 2013–2014 жылдардағы 29,17 пайыздан 2022–2023 жылдары 11,28 пайызға дейін төмендеген. Ведомствоның бағалауынша, осы кезеңде шамамен 248,2 миллион адам көп өлшемді кедейлік жағдайынан шыққан.

Бұл көрсеткіш тек табыс деңгейін емес, денсаулық сақтау, білім беру және тұрмыс жағдайы секілді бірнеше өлшемді қамтиды.

Халықаралық еңбек ұйымының деректерінде де Үндістандағы әлеуметтік қорғау жүйесімен қамтылған халықтың үлесі айтарлықтай өскені көрсетіледі.

Әрине, мұндай көрсеткіштер мемлекеттің барлық саясаты seva идеалына толық сәйкес келеді дегенді білдірмейді. Әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге көптеген фактор әсер етеді. Бірақ бұл деректер Үндістанның қазіргі саяси дискурсында «даму нәтижесі адамға жетуі керек» деген идеяның неге маңызды екенін көрсетеді.

Осы тұрғыдан алғанда seva қазіргі заманға бейімделген жаңа мағынаға ие болады: мемлекет тек тиімді басқаруы ғана емес, өзінің кім үшін жұмыс істейтінін үнемі ескеріп отыруы тиіс.

Ал технология да қоғамға қызмет ете ала ма? XXI ғасырда бұл мәселе одан әрі күрделене түсті.

Мемлекет біртіндеп цифрлық платформаға айналып келеді. Азаматтар көптеген мемлекеттік қызметті мобильді қосымшалар мен онлайн-платформалар арқылы алады. Үлкен деректер мен жасанды интеллект шешім қабылдау үдерістеріне еніп жатыр.

Технология мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі қолжетімді етуі мүмкін. Бірақ цифрландырудың өзі мемлекетті автоматты түрде адамға жақын ете алмайды.

Осы тұрғыдан алғанда Үндістан тәжірибесі Қазақстан үшін дайын модель ретінде емес, ортақ сұрақ қоюға мүмкіндік беретін тәжірибе ретінде қызықты.

2026 жылдың ақпанында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Нью-Делиде Нарендра Модимен кездесіп, India AI Impact Summit-ке қатысты. Кездесулер барысында цифрландыру және жасанды интеллектпен қатар сауда, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы және сындарлы минералдар саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

BRICS 20 жылы: Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде Қазақстанның ұстанымын таныстырды

Қазақстан тарапы үшін жасанды интеллект ұлттық дамудың стратегиялық бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Электрондық үкіметті дамыту бойынша да еліміздің көрсеткіштері жоғары деңгейде.

Бұл жерде Қазақстан мен Үндістанның тәжірибесі бірдей деген сөз емес. Екі елдің тарихи, демографиялық, экономикалық және саяси жағдайлары мүлде бөлек.

Бірақ технологиялық даму адамның өмірін нақты қалай жақсартады деген ортақ мәселе бар.

Қазақстан мен Үндістанның өз даму жолы бар. Сондықтан бір елдің моделін екіншісіне сол күйінде көшіру мүмкін емес әрі қажет те емес.

Дегенмен екі ел арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін ортақ бағыттар көбейіп келеді.

Қыркүйек айында Астанада India-Kazakhstan Strategic Dialogue 2026 өтті. Үндістан Елшілігі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған диалог барысында саяси қатынастармен қатар сауда, инвестиция, көлік байланысы, энергетика, сындарлы минералдар, туризм, медициналық туризм, технологиялар, қоғамдық дипломатия және медиа мәселелері талқыланды.

Бұл Қазақстан мен Үндістан қарым-қатынасының жаңа бағыттарға ие болып келе жатқанын көрсетеді.

Бұған дейін екі ел арасындағы байланыстар көбіне дипломатия, сауда, мәдениет және білім беру салаларымен байланысты қарастырылса, бүгінде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, адами капитал және жаңа экономика мәселелері барған сайын маңызды бола түсуде.

Осы жағдайда seva ұғымын саяси ұран ретінде емес, даму философиясын талқылауға мүмкіндік беретін идея ретінде қарастыруға болады.

Технологиядан кейін не қалады?

Соңғы жылдары мемлекеттерді көптеген көрсеткіш арқылы бағалауға үйрендік: жалпы ішкі өнім, инвестиция көлемі, экспорт, цифрлық рейтингтер, салынған нысандар саны, жаңа технологияларды енгізу жылдамдығы.

Бірақ дамудың адамға қатысты өлшемі де бар.

Азамат сапалы медициналық көмекке қаншалықты оңай қол жеткізе алады?

Алыстағы ауыл тұрғыны мен ірі қаладағы азаматтың цифрлық мүмкіндіктері қаншалықты тең?

Жасанды интеллект мұғалімге, дәрігерге, кәсіпкерге немесе мемлекеттік қызметшіге нақты көмектесе ме?

Әлде технология кейде технологияның өзі үшін ғана енгізіле ме?

Мүмкін, дәл осы жерде seva ұғымы күтпеген жерден өте заманауи сипат алады.

Оның негізгі мәнін қарапайым оймен түсіндіруге болады: қызметтің шынайы мәні оның басқа адамға пайда әкелуімен өлшенеді.

Саясат тұрғысынан бұл – жауапкершілік.

Экономика тұрғысынан – даму нәтижесінің әділ әрі кең таралуына назар аудару.

Цифрландыру тұрғысынан – экранның ар жағында нақты адам тұрғанын ұмытпау.

Нарендра Модидің мемлекеттік қызметтегі 25 жылы – Үндістанның қазіргі саяси тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі. Оның жақтастары бұл уақытты экономикалық даму, әлеуметтік бағдарламалар, инфрақұрылымдық жобалар және елдің халықаралық ықпалының күшеюімен байланыстырады.

Ал оның саясатына жан-жақты баға беру – жеке әрі ауқымды зерттеуді қажет ететін тақырып.

Алайда seva идеясы бір саясаткердің тұлғасынан әлдеқайда кең.

Ол мынадай әмбебап сұрақ қоюға мүмкіндік береді:

Мемлекеттік билікті қоғамға қызмет етудің бір түрі ретінде қарастыруға бола ма?

Үндістан үшін бұл сұрақ елдің өзіндік мәдени және философиялық дәстүрімен сабақтасады. Қазақстан үшін ол басқа қырынан өзекті болуы мүмкін. Әсіресе еліміз цифрлық трансформацияны жеделдетіп, жасанды интеллектіні экономикалық және қоғамдық дамудың маңызды бағыты ретінде қарастырып отырған кезеңде.

Жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттік қызметтің жаңа түсінігі қалыптасуы ықтимал. Бұл тек көбірек қызмет көрсету, деректерді жылдамырақ өңдеу немесе жаңа технологияларды енгізу емес.

Ең маңызды өлшем қарапайым болып қала береді: осының бәрі адамның өмірін шынымен жақсартты ма?

Мүмкін, seva ұғымының бүгінгі күнге берер ең маңызды сабағы да осында шығар.

Үндістанның бұл идеясын Қазақстанға сол күйінде көшіру міндетті емес. Бірақ ол бізге ортақ бір сұрақты қайта қоюға мүмкіндік береді: мемлекет дамуының түпкі мақсаты не және сол дамудың нәтижесінде адам өзін қалай сезінеді?

Мүмкін, мемлекеттің дамуын бағалаудың ең қарапайым әрі ең күрделі өлшемі де осы шығар: елдің алға жылжып жатқанын статистикадан ғана емес, әр азамат өз өмірінен сезіне алуы. Технология өзгеруі мүмкін, экономикалық модельдер жаңаруы мүмкін, саяси кезеңдер алмасуы мүмкін. ББірақ қоғамға қызмет етудің өзегі өзгермеуі тиіс, яғни жасалған істің адамзатқа игі әрі нақты пайдасы тигені жөн. Үндістандағы seva идеясы Қазақстан үшін дайын үлгі болмауы мүмкін. Алайда ол бізге маңызды бір нәрсені еске салады: мемлекеттің күшін тек жүзеге асқан ірі жобалармен емес, сол өзгерістердің адам өмірін қаншалықты жақсы жаққа өзгерткенімен де өлшеуге болады.

Ғазиза Ұзақ

Фотосурет: БРИКС саммитінің ұйымдастыру комитеті