Академик Асқар Жұмаділдаевтың олимпиадасында екі мұғалім автокөлік жеңіп алды

Алматыда физика және математика пәнінің екі мұғаліміне су жаңа автокөліктің кілті табысталды. Жас мұғалімдер пәндік олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен.
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында көрнекті математик, академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойына орай физика және математика пәндерінің жас мұғалімдері арасында өткен қалалық олимпиада жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Олимпиада жас педагогтердің кәсіби шеберлігін дәріптеуге, олардың зияткерлік әлеуетін қолдауға және қоғамдағы ұстаз мәртебесін арттыруға бағытталды. Білім додасына Алматы қаласындағы 75-тен астам мектептен 115 жас мұғалім қатысып, олардың 45-і жүлделі орындарға ие болды.
Байқаудың ең басты ерекшелігі – екі Гран-при иегерінің әрқайсысына Changan автокөлігінің табысталды. Көліктерді Beta High School жекеменшік мектебі сыйға тартты. Математика пәнінен ең жоғары нәтиже көрсеткен №208 мектеп-гимназияның мұғалімі Еркегүл Шынарбек 38 ұпай жинап, қарсыластарынан айқын басым түсті.
“Олимпиадаға жеңіс үшін емес, өзімізді тұрақты түрде дамыту үшін қатысамыз. Осы жолғы жеңіс күтпеген тосын сый болды. Нәтижені көрген кезде өте қатты толқыдым. Бұл – олимпиада керемет бастама және мұғалімдердің мәртебесін көтеруге, өзара тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Педагог мамандығы тұрақты түрде даму талап етеді, біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Сондықтан бұл нәтижеге тұрақты ізденістің арқасында жетіп отырмыз деп ойлаймын. Қуаныштымын! -деді Еркегүл Шынарбек.
Ал физика пәнінен №126 мамандандырылған лицейдің мұғалімі Айсана Советхан 16,5 ұпаймен үздік атанды. Осылайша, екі жас педагогтің кәсіби жетістігі жоғары бағаланып, көлікке ие болды. Сонымен қатар, олимпиада қорытындысы бойынша Гран-приден бөлек, бес мұғалім І орын, 12 педагог ІІ орын, 26 қатысушы ІІІ орын иеленді. Бұл нәтижелер қала мектептерінде жоғары кәсіби әлеуетке ие жас педагогтер буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Іс-шараның академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойына орай өтті және бұл сабақтастықтың символдық мәні зор. Қазақ математика ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның өмір жолы мен ғылыми ұстанымы – білімге адалдықтың, терең ойлаудың және үздіксіз ізденістің жарқын үлгісі.
“Мұндай олимпиадалар – ғылымның мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстар. Бір жағынан, үкімет те қолдау көрсетіп жатыр. Біз осы іске шынайы араласып, атсалысуымыз керек. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға көмектесіп жүрген азаматтардың көбі – менің шәкірттерім. Олар осындай байқау ұйыдастырып, мұғалімдерге білімін көрсетуге керемет мүмкіндік сыйлап отыр. Соған қуаныштымын”, – деді академик Асқар Жұмадіддаев.
Көрнекті математиктің шәкірттерінің бірі, Beta High School-дың негізін қалаушы Бақнұр Зиябеков осы олимпиаданың өтуіне демеушілік көрсетті. Сонымен қатар, Алматы қаласының Білім басқармасы, қалалық Әдістемелік орталық, Қазақстан математика мұғалімдері қауымдастығының бірлескен ұйымдастыруымен өтті.
“Біз Асқар ағайдың мерейтойына орай екінші рет олимпиада өткізіп, дәстүрге айналдырып отырмыз. Біз үшін ең бастысы – жас мұғалімдерді қолдау және білімді тәжірибеде қолдана білу дағдысын дамыту. Оқушылардың зияткерлік әлеуеті мен математикалық сауаттылығы ең алдымен білім сапасы білікті ұстазбен байланысты», – дейді Beta High School директоры Бақнұр Зиябеков.
Байқау – академик мерейтойы аясында басталған дәстүрдің жалғасы. Бұған дейін биыл көктемде Beta High School жас математиктер арасында республикалық олимпиада өткен болатын.
Бұл бастама жас педагогтердің кәсіби жетістіктерін бағалау мен ұстаз мәртебесін арттыруда мемлекеттік құрылымдар мен білім беру саласындағы серіктестердің өзара ықпалдастығының нәтижелі үлгісін көрсетті. Әсіресе, екі Гран-при иегеріне автокөліктердің табысталуы педагог еңбегін бағалауға тың серпін берген айрықша марапат болды.
Аталған олимпиада жас педагогтердің кәсіби әлеуетін анықтап қана қоймай, олардың тәжірибе алмасуына, пәндік құзыреттілігін жетілдіруіне және білім беру саласында жаңа кәсіби белестерге ұмтылуына мүмкіндік береді.


