Қазақстанда магистральдық құбырлардың күзет аймақтарының сақталуына цифрлық бақылау күшейтілді

Қазақстанда магистральдық құбырлардың күзет аймақтарының сақталуын бақылаудың цифрлық тетігі енгізілді. Тиісті функционал «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесінде Энергетика министрлігінің алаңында ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен жұмыс істеген ведомствоаралық жұмыс тобының бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.
Жүргізілген жұмыстың нәтижелері Энергетика министрлігінде Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаевтың төрағалығымен өткен жиында таныстырылды.
Жаңа функционал ақпараттық жүйеде магистральдық құбырлардың күзет аймақтарын, сондай-ақ құбыр инфрақұрылымы объектілеріне дейінгі белгіленген ең аз қашықтықтарды көрсетуге мүмкіндік береді.
Енді жер учаскелерін беру туралы өтінімдерді қарау, жер бөлу мәселелерін келісу және құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде жүйе құбыр инфрақұрылымы объектілерінің орналасуына байланысты шектеулерді алдын ала анықтап, белгіленген талаптарды сақтау қажеттігі туралы ескертуге мүмкіндік береді.
Жүйеге «ҚазТрансОйл» АҚ, «Қазақстан-Қытай Құбыры» АҚ, «МұнайТас» СБТК» ЖШС магистральдық құбырларының, бас мұнай айдау станцияларының (БМАС), мұнай айдау станцияларының (МАС) және басқа да өндірістік объектілерінің, сондай-ақ «Магистральдық су құбыры» жүйесінің объектілері мен коммуникацияларының, оның ішінде су айдау станцияларының күзет аймақтары мен ең аз қашықтықтары туралы мәліметтер енгізілді.
Бұл жұмыс Энергетика министрлігінің алаңында ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында құрылған жұмыс тобы арқылы жүзеге асырылды. Оның құрамына Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «ҚазМұнайГаз», QazaqGaz ұлттық компанияларының және олардың еншілес ұйымдарының, «ҚазТрансОйл» АҚ, Kazenergy қауымдастығының, «Қазгеодезия» АҚ, Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының, Отын-энергетика кешенінің ахуалдық-талдау орталығының, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ және басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
Цифрлық тетікті енгізу жергілікті атқарушы органдарға жер учаскелерін беру және құрылыс салуды келісу кезінде белгіленген шектеулерді алдын ала анықтауға, магистральдық құбырларға жақын аумақтарда рұқсатсыз құрылыс жүргізудің алдын алуға, сондай-ақ құбыр инфрақұрылымы объектілерінің зақымдану және авариялық жағдайлардың туындау тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігі аталған жұмысты жүргізуге қолдау көрсеткені үшін Бас көлік прокуратурасына, сондай-ақ жұмыс тобының қызметіне қатысып, осы функционалды іске асыруға үлес қосқан барлық мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, салалық қауымдастықтарға және мамандарға алғыс білдіреді.
Жұмыс тобының қызметіне қосқан үлесі үшін «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның еңбегі ерекше атап өтілді. «ҚазТрансОйл» АҚ осы жобаны іске асыру бойынша пилоттық алаң болған алғашқы компания атанды.
Бұл тетікті іске асыру мемлекеттік басқаруды цифрландыруды дамыту, жер пайдалану рәсімдерінің ашықтығын арттыру және Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр инфрақұрылымын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.




