Қазақстанда AI форматында цифрлық қызмет көрсету орталықтары ашылуда: жақын уақытта олар еліміздің барлық өңірінде ашылады

Қазақстанда азаматтар цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект көмегімен мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алатын жаңа форматтағы 9 цифрлық кеңсе жұмыс істеп тұр. Олар Астана, Шымкент, Түркістан, Жезқазған, Сәтбаев, Орал, Петропавл, Қарағанды және Тараз қалаларында ашылған..
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматта қолжетімді, азаматтар да қызметтерді қашықтан алуға үйренді. Соңғы жылдары Халыққа қызмет көрсету орталықтарының операторларына жүгінетін азаматтардың саны 30%-ға қысқарды. Алғаш рет көлік құралдарын бастапқы тіркеу, жер учаскелеріне актілер мен жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорттар беру қызметтері онлайн форматта қолжетімді болды. Электрондық цифрлық қолтаңба алу және тұрғылықты жері бойынша тіркелу қызметтері де еліміз бойынша толығымен дерлік онлайн көрсетіледі. Тіпті Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келген азаматтар да қызметті оператордың көмегінсіз, өз бетінше алуды жиі таңдайды.
Осыған байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының тұжырымдамасы қайта қаралды. Енді ХҚКО-лар ортақ кезексіз, ашық әрі жайлы кеңістіктерге айналуда. Азаматтар қажетті терезені іздеп, оператордың қабылдауын күтудің орнына арнайы терминал немесе мемлекеттік цифрлық сервистерге қолжетімді жұмыс орны арқылы қажетті қызметті өз бетінше таңдай алады.
Цифрлық кеңістік үш аймаққа бөлінген:
– 70%-ы жедел қызмет көрсетуге бағытталған. Мұнда азаматтар eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған терминалдар арқылы қызметтерді өз бетінше ала алады;
– 20%-ын сараптамалық аймақ құрайды. Мұнда консультанттар азаматтарға цифрлық сервистерді пайдалануға және қажетті рәсімдерден өтуге көмектеседі;
– 10%-ы оқу аймағына бөлінген. Мұнда арнайы оқу сыныбында цифрлық сауаттылықты арттыру және цифрлық сервистерді пайдалану бойынша оқыту жүргізіледі.
Жаңа форматтың негізгі құралы – eGov GPT интеллектуалды көмекшісі. Ол диалог форматында азаматқа қажетті қызметті анықтауға, келесі қадамдарды түсіндіруге және қызметті онлайн рәсімдеуді соңғы нәтижеге дейін сүйемелдеуге көмектеседі.
Өзіне-өзі қызмет көрсету форматына көшу мамандардың көмегінен бас тартуды білдірмейді. Әр цифрлық кеңседе консультанттар жұмыс істейді. Сонымен қатар кеңселерде жайлы күту аймағы қарастырылған. Бұдан бөлек, дайын құжаттарды постамат арқылы алуға мүмкіндік беретін тәулік бойы жұмыс істейтін аймақты іске қосу жоспарланып отыр.
Алғашқы цифрлық кеңсе 2026 жылғы маусымда Жезқазған қаласында ашылды. Кейін жаңа формат Түркістан, Астана және Сәтбаев қалаларында іске қосылды. Бүгінде елімізде осындай цифрлық кеңселердің саны тоғызға жетті.
«Цифрлық кеңселер – жеке жоба емес, жасанды интеллект негізінде құрылған мемлекеттік қызметтердің бірыңғай экожүйесінің бір бөлігі. Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялай отырып, электрондық үкіметке жасанды интеллектіні енгізу және мемлекеттік сервистердің тиімділігін арттыру міндетін қойды. Біз бұл міндетті жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Қызметтер әрбір азамат үшін барынша қарапайым, жылдам әрі ыңғайлы бола түсуде. Сонымен қатар дербес деректерді қорғау біз үшін сөзсіз басымдық болып қала береді», – деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Жаңа форматты кеңейту әсіресе өңірлер үшін маңызды. Бүгінде жаңа форматтағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары барлық аймақтарда ашылуда. Бұл өңірлер арасындағы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндіктеріндегі айырмашылықты азайтуға және бүкіл ел бойынша қызмет көрсетудің бірыңғай заманауи стандартын қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі




