ТЖМ бақылауындағы 93 мыңнан астам үй: қазақстандықтарды ата-анасының үйін тексеруге шақырады

Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың 93 мыңнан астам тұрғын үйі Төтенше жағдайлар министрлігінің ерекше бақылауында. Қысқы аяз қарсаңында ТЖМ өрттің және улы газдан уланудың алдын алу бойынша мекенжайлық жұмыстарды жалғастырып, әсіресе қарт адамдардың қауіпсіздігіне баса назар аударуда.
Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап тұрғын үй секторында 6,1 мың түтін мұржасы тазартылып, 3,1 мың пеш және 3,4 мың электрмен жабдықтау жүйесі жөнделді. Сондай-ақ 19 мыңнан астам өрт датчигі орнатылды. Бұл шаралар өртке және улы газдан улануға әкеп соғуы мүмкін ақауларды жоюға бағытталған.
Жалпы статистиканың артында нақты адамдардың тағдыры тұр. Петропавл қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп, бұған дейін өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған үйлерге қайта профилактикалық аралау жұмыстарын жүргізуде.
Соның бірі – Жұмысшы кентінің тұрғыны Ксения Падеркинаның үйі. Қайта аралау барысында мамандар пештің алдына төсем орнатуға, саңылауларды бітеуге және пеш жабдықтарының жекелеген бөліктерін ретке келтіруге көмектесті. Бұған дейін үй иесіне анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар берілгенімен, қажетті жұмыстардың барлығын өздігінен орындауға мүмкіндігі болмаған.
Мұндай мекенжайлық көмек жасы ұлғаюына, денсаулық жағдайына немесе өмірлік жағдайларға байланысты тұрғын үйінің қауіпсіздігін өз бетінше қамтамасыз ете алмайтын азаматтар үшін аса маңызды.
Профилактикалық шаралардың өзектілігін статистика да растайды. Өткен жылыту кезеңінде өрттердің 55 пайыздан астамы тұрғын үй секторында тіркелген. Негізгі себептердің қатарында электр жабдықтары мен пешпен жылыту жүйелерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бар.
ТЖМ ерекше назарды «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясына аударуда. Акцияның мақсаты – қазақстандықтардың назарын қарт туыстарының қауіпсіздігіне және өрт қаупін дер кезінде жою қажеттілігіне аудару.
Акция аясында ТЖМ қызметкерлері әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар өткізіп, мекенжайлық көмек көрсетуде. Сонымен қатар азаматтарды ата-анасының үйіндегі жылыту жүйелерінің жай-күйін жеке тексеруге шақырады.
ТЖМ қазақстандықтарды жақындарының қауіпсіздігіне қамқорлық жасауды кейінге қалдырмауға шақырады. Ата-анаңыздың үйіндегі пештердің, түтін мұржалары мен электр сымдарының жай-күйін тексеріп, жылыту жабдықтарының жарамдылығына көз жеткізіңіз және анықталған ақауларды уақытылы жойыңыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласыңыз.



