Жарты миллион гектар жер қайтарылды: Алматы облысында бос жатқан жерлерге 60 млрд теңге инвестиция тартылды

Алматы облысында бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және қайта айналымға енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. 2022 жылдан бері өңірде нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған 563,9 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.
Ал жер қоры есебіндегі алқаптарды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген жер көлемі 585,2 мың гектарды құрады. Оның 240,4 мың гектары шаруаларға берілді. Бұл алқаптардың 9,8 мың гектары – егістік, 230,6 мың гектары – жайылым. Бұдан бөлек, 291,7 мың гектар жер ауыл тұрғындарына мал жаюға, ал 53,1 мың гектар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бөлінді.
Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерде өңірдің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика, қайта өңдеу және туризм салаларын дамытатын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бес жобаның жалпы құны – 60,2 млрд теңге. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ең ірі жоба Қонаев қаласында жүзеге асады. Мұнда 35,2 млрд теңгеге ірімшік зауыты салынып, 250 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Ал Алатау қаласында 11,7 млрд теңгеге икемді қаптама өндіретін кәсіпорын ашу жоспарланған. Бұл жоба толық жүзеге асса, 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ Іле ауданында 7 млрд теңгеге өндірістік-логистикалық кешен салу көзделген. Ал Еңбекшіқазақ ауданында базальт мақтасын өндіретін зауыт іске қосылады. Жалпы құны 5 млрд теңге болатын жоба аясында 100-ге дейін жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, Қонаев қаласында 1,3 млрд теңгеге «Alatau Eco Resort» демалыс аймағы салынады.
Алматы облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахмановтың айтуынша, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және оларды мемлекетке қайтару жұмысы тұрақты бақылауда.
«Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау үшін ғарыштық мониторинг пен «JerInSpectr» платформасы қолданылады. Ғарыштан алынған деректер алдымен аудандық және қалалық әкімдіктерге жіберіліп, сол жерде тексеріледі. Жердің пайдаланылмағаны расталған жағдайда жер пайдаланушыларға кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріледі. Талаптар орындалмаса, заңнамада белгіленген тәртіппен жерді қайтару мәселесі қаралады», – деді Аманжол Әбдірахманов.



