Әйгілі тенор Седжун Ан Турандоттың барлық жұмбағын шешті
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан «Опералия» халықаралық фестивалі өз мәресіне жетуге жақын. Шығыстың ұлы ақыны Низамидің аттас поэмасының желісі бойынша жазылған Дж.Пуччинидің әйгілі «Турандот» операсы 12-13 шілдеде фестиваль бағдарламасының сәнін келтірді.
Пуччинидің үздік туындыларының бірінің орындалуында елорда тұрғындары мен қонақтары тамаша дауыстарға тәнті болды. Сондай-ақ олар екі күні де қоюшы дирижер, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың жарқын жетекшілік етуімен өнер көрсеткен оркестрдің әуелеген керемет үніне таңғалды. Соңғы үлгідегі сандық технологиялар, виртуалды және классикалық декорациялар, арнайы эффектілер үйлескен көз тартарлық сценография мен салтанатты костюмдер көпшіліктің айрықша таңданысын туғызды.
Либреттоға сәйкес, сұлу әрі тасжүрек Турандот ханзадаларға жұмбақ жасырады, оның жауабын таба алмағандарды өлім күтеді. Бұл жұмбақтарды шешіп, махаббаттың күшімен ханшайымды өзіне қаратып алу Калафтың қолынан келеді. Алайда Калафты құтқарамын деп, оны жақсы көретін қыз Лиу қаза табады. Айта кетейік, халықаралық фестиваль аясында Калафтың партиясын орындауға танымал оңтүстіккореялық әнші Седжун Ан шақырылды.
– «Опералия» фестивалі – Қазақстандағы ең ірі фестивальдердің бірі екенін білемін. Биыл ол «Астана Операның» мерейтойлық маусымын мерекелеу аясында өтіп жатыр. Осынау керемет театрдың сахнасында алғаш рет Калафтың партиясын орындағаныма қуаныштымын, – деді әнші спектакль аяқталғаннан кейін. – Мен үшін ән айтуда ең маңыздысы – эмоцияны жеткізе білу. Калаф Турандоттың сұлулығының артында мұң мен қорқынышты байқай алды. Менің кейіпкерім ханшайымды адам ретінде жақсы түсініп, уайымын бөліскеннен кейін оның жұмбағын шешті. Мен Калафтың махаббатын көрсетуге тырыстым, ақыр аяғында бұл махаббат Турандоттың қатып қалған жүрегін біржола жібітті.
«Турандот» операсы «Астана Опера» сахнасында алғаш рет 2018 жылы көрсетілгенін атап өтуіміз қажет. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев. Қоюшы режиссер – «Астана Опера» сахнасындағы қойылымдары үшін жылдың үздік режиссері ретінде «Opera Star-2019» халықаралық опера сыйлығын иеленген Давиде Ливермор. Қоюшы суретшілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова және Павел Драгунов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.
– Давиде Ливермор – дүние жүзіне танымал музыкалық режиссер. Оның Ла Скала театрында қойған «Макбет» операсын естіген болатынмын. Енді міне, маған қазақстандық театр сахнасында оның пайымдамасындағы қойылымға қатысу бақыты бұйырды. Менің ойымша, бұл ерекше қойылым, – деп қорытындылады Седжун Ан.
Тәкаппар ханшайым Турандоттың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина мен Бибігүл Жанұзақ сомдаса, Лиуді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова таныстырды. Тимур – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Шыңғыс Расылхан, Болат Есімханов, Калаф – Седжун АН (Оңтүстік Корея), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш. Пинг – Ержан Саипов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Расул Жармағамбетов, Панг – Артур Габдиев, Ерұлан Кәмел, Понг – Рамзат Балакишиев, Бейімбет Таңарықов.
Танымал қазақстандық солистермен және шақырылған жұлдызбен бірге, сахнада екі күні театрдың жас әртістері алғаш рет өнер көрсетті: Альтоумның партиясын Талғат Аллабиринов пен Мерей Қадырханов сомдаса, Мандариннің рөлінде Дінмұхамед Көшкінбаев пен Жандарбек Еркінбаев дебют жасады.
Еске сала кетейік, «Астана Операның» X мерейтойлық маусымына орайластырылған «Опералия» халықаралық фестивалі 16 шілдеде аяқталады. Көрермендер «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаевтың Симфониялық музыка гранд-концертіне келе алады. Авторлық бағдарламаға шетелден шақырылған жұлдыз Цзин Чжао қатысады.